"Отбасылық шаруашылық заңы" – ауылдағы халық нені білуі керек?

3490

Ресми тілде "Жеке қосалқы шаруашылық" деп аталады.

"Отбасылық шаруашылық заңы" – ауылдағы халық нені білуі керек?

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2007 жылдан бері осымен үшінші рет "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" заң жобасын депутаттарға ұсынып, ұжымдастыру (кооперация) туралы сөз қозғап отыр.

Министрлік қайта-қайта ұсыну себебін ұғындыру һәм бұған дейінгі қарсы сұрақтарға жауап беру үшін журналистерді шақырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Кәсіпкер деген ақын мен әнші сияқты ғой"

"Қарапайым тілмен айтқанда, жеке қосалқы шаруашылық деген – жеке тұрғын үй, қора-жай, басқа да шаруашылық құрылыстар (гараж, монша, көмір мен отынға арналған қойма). Қазақша айтсақ, отбасы шаруашылығы. Шамамен, мұның бәрі 15 гектар жер телімінде орналасады", – деді Төлеутай Рахымбеков.

Заң жобасында былай сипатталады: "жеке қосалқы шаруашылық – азаматтың және оның отбасы мүшелерінің ауылшаруашылығы өнімін елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбай өзі тұтынуы және жеке мұқтажын өтеуге арналған кәсіпкерлік емес қызмет түрі".

"Иә, олар кәсіпкер болып саналмайды. Сондықтан ешқандай табысына салық салынбайды. Кәсіпкерлік деген басқа нәрсе, ол оңай шаруа емес. Кәсіпкер болу да ақын, әнші болу сияқты бөлек нәрсе ғой", – дейді Рахымбаев.

Ауыл ішінің тазалығы

"Жеке қосалқы шаруашылық туралы заң әлемнің барлық елінде бар. Біз ұсынып отырған заң жобасының басты мақсаты – әлеуметтік және экономикалық сала, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни елді мекендерде санитарлық тазалық талабын бекіту керек. Өйткені біздің ауылдарда мал қалдығы тау болып үйіліп жатады. Мұндайда гигиена туралы айтуға бола ма?" – дейді Төлеутай Рахымбеков.

Ал экономикалық мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Оған отбасылық шаруашылықтарды ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге тарту арқылы қол жеткізбек. Ол үшін мемлекет сервистік-тұтыну кооперативтерін құруға тиіс. Оның айтуынша, заманауи технологиялар миллиондаған адамды жұмыссыз қалдырып жатқан уақытта, ұжымдасу арқылы жұмыс істеп, табыс табуға болады. Мемлекет бір жағы жұмыссыздықты осылай шешуді ойлайды.

Жеке-жеке отбасылар қуаңшылық жылдары мал азығын дайындау, техника табуда мүлде қиналып қалады. Әрі оның пайдасы да күнкөрістен аспайды. 

"Германия, Швеция, Нидерланд, Жапония, Израил... Осы секілді көптеген алдыңғы қатарлы елдер ауылшаруашылығында кооперация арқасында жетістікке жетіп отыр. Мысалы, Нидерландта әйгілі раушан сататын ең ірі жаппай саудалау базары – кооперация. Германиядағы ең сенімді "Райффайзенбанк" – кооперациялық ауылшаруашылығы банкі", – дейді Рахымбеков.

Дегенмен оның айтуынша, кооперацияға қосылу – адамдардың өз ырқында.

Мемлекет расымен "мал басына шектеу қойғалы жатыр" ма?

Заң жобасына қарсы болғандар "мемлекет мал басына шектеу қойғалы жатыр" деп жаңсақ ойлап келгенін айтады спикер.

"Мал басы, заң бойынша, 20 жылдан бері тіркеуге алынады ғой. Мал ауырса, ветеринарға көрсету, құлағына ен салдыру – бұрыннан бар дүние, ешкім жаңадан ойлап тапқан жоқ", – дейді ол.

"Елдегі басты заң – Конституцияның өзі жеке меншікті қорғайды", – деген спикер ешқандай шектеу болмайтынын мәлімдеді.

"Заң жобасында мал санын шектеу туралы бірде-бір сөз жоқ. Мұны айтқан адамдар өзі ойлап тауып айтып жүр. Жеке адамда бір бас мал болса да, мың бас мал болса да шектеу жоқ", – деді спикер.

"Неліктен қалаларда адамдар тұратын тұрғын үй аймағы мен өнеркәсіптік аймақ бөлінеді? Неліктен ауылда олай емес? Ауыл тұрғыны нашар тіршілік етуі керек пе? Жоқ, тең дәрежеде болуы керек", – деген пікір айтады Төлеутай Рахымбеков.

"Нормадан асса, ауыл сыртында бағу керек"

"Бірақ кез келген жағдайда мал басы ауыл ішінде ұстау нормасынан асса, онда елді мекеннен тыс жерде ұстау керек. Ал оның нормадан асқанын ауыл тұрғындары өздері келісіп белгілейді. Бұл жерде ауыл сыртындағы жайылымның жеткіліктілігі мен жоғарыда айтылған тазалық жайы ескеріледі. Сосын ауыл ішінде үш жылқы, үш сиыр, 30 қой ұстайық деп келіседі. Өйткені үйінің маңайы таза болғанын қалайтын адамдар баршылық. Қорасында көп мал ұстайтындар маңайды ластайды дейді олар", – дейді ол.

Жаңа заң жобасына сәйкес, малды елді мекеннен тыс жерлерде үш түрлі жолмен ұстауға болады:
1. Малды жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына немесе басқа заңды тұлғаларға жалға немесе басқа шарттармен беру;
2. Мал иесі шаруа қожалығы ретінде тіркеліп, елді мекеннен тыс жерде мал өсіре алады;
3. Кооператив құруға қатысу.

Екі түрлі субсидия беріледі

"Осы заң жобасы "Электронды үкімет" порталында жарияланғалы 1500 пікір жазылған. Оның 60%-ы (900-і) – қолдау, ал 40%-ы (600-ге жуығы) қарсылық. Біз әр пікірге жауап беруге тырыстық. Бірақ бір адам бірнеше рет пікір қалдырған жағдай болды. Мысалы, шартты түрде Анна Каренина деген адам 40 рет "Мен мұндай заң жобасына қарсымын" деп жазады. Осы секілді қарсы адамдар маған қызық болды. Зерттеп көрсем, фитнес-клуб, сұлулық салонының иелері немесе автокөлік жуу шеберханасы бар, бірақ ауылшаруашылығына мүлде қатысы жоқ адамдар болып шықты. Олар қарсылығының себебін айтпайды. Тек "қарсымын" дейді, бітті" – дейді Төлеутай Рахымбеков.

Оның айтуынша, алдағы уақытта кооперацияларға субсидия берілсе, олар кәсіпкерлерге бөлінетін қаражатқа ортақтасады деген пікір бар.

"Кооперациялар құрылса, біз екі түрлі субсидия береміз:
1. Олар өз үлескерлеріне қызмет көрсету үшін техника сатып алатын болса, бір бөлігін субсидиялаймыз;
2. Өз үлескерлеріне көрсететін қызметтерінің құнын субсидиялаймыз, шамамен 200 АЕК мөлшерінде.
Еліміз ауылшаруашылығына жылына 350 млрд теңге бөледі, соның 20 млрд теңгесі кооперативтерге көмек көрсетуге жұмсалады. Кәсіпкерлердікіне ортақтаспайды", – деді ол. 

"Ұжымдасу бұған дейін болған еді ғой?"

"Бұрын іске аспаған дүние енді іске аса ма?" деп сұрайды кей адам. Жауап: 2017 жылдары ұжымдастыру туралы айтылған, бірақ министр ауысып, барлық жүйеге өзгеріс еніп, іске аспай қалған еді. Ол кезде тек айтылды. Міне, енді іске асыру көзделіп отыр", – деді спикер.

"Бұл жерде түсіндіре кетейін: Қазақстандағы барлық ауыл ұжымдасса, 20 млрд теңге бөлінеді. Ал ол жуық арада мүмкін болмайтын тәрізді. Пилоттық жоба ретінде бір-екі ауданда енгіземіз. Сосын барып халық көзімен көріп, түсінгенде осынша қаражат бөлінеді. Жаппай ұжымдастыруға 5-10 жыл уақыт кетуі мүмкін. Оған дейін, субсидия кооперациялар құрылғанына қарай бөлінеді", – деді Рахымбаев.

Төлеутай Рахымбеков заң жобасын әзірлеу идеясы алғаш рет 2003 жылы "2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту" бағдарламасын бекіту кезінде пайда болғанын айтты. Ол кезде елде 7 667 ауылдық елді мекен болған, бүгінде олардың саны – 6 332. Азайып кетті. Ұсыныс 2007, 2017 жылдары екі рет депутаттардан қолдау таппаған.

"Үшінші талпынысымыз әлемнің көптеген еліндегідей табысты болатынына сенімдіміз. Мұндай заң жобасын қабылдау туралы Президенттің қыркүйектегі Жолдауында айтылып отыр", – деді ол.

Жасын Қалибек​

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться