"Өтемақыны ойлау тұрмақ, үйге баруға жүрегім дауаламайды"

Ұшақ соғылған үй иесі алып қашпа әңгімелерге сенбеуді сұрайды. 

"Өтемақыны ойлау тұрмақ, үйге баруға жүрегім дауаламайды"

27 желтоқсан күні Fokker-100 ұшағы соғылған үй иесі Решет Қалибекұлы өзі туралы баспасөз беттерінде жарияланған алып қашпа әңгімелерге сенбеуді сұрайды. Апат туралы көршілерінен естігенде қатты есеңгіреп қалғанын айтқан қандамысыз, өтемақыны ойлау емес, үйінің маңына баруға жүрегі дауаламай жүргенін айтады.

"Бірінші кезекте апаттан жапа шеккендердің отбасыларына көңіл айтқым келеді. Мен дүниеқор адам емеспін. Апат туралы көршілерім, әкімдік қызметкерлерінен естігенде есеңгіреп қалдым. Қанша адам қайтыс болды. Мен үйімді емес, бірінші кезекте зардап шеккендерді ойладым. Мұндай болады деп үш ұйықтасам түсіме кірген емес",– дейді Решет Қалибекұлы.

Үй иесінің сөзінше, кеше әкімдіктегілер тұрғын үйді бағалауға шақырған. Алайда ол бірден бас тартқан екен. Себебі күйзеліске түсіп, жүрегі ауырып қалған.

"Бұл үйді 2014 жылдан бері салғанмын. Бұрын аспаз болып, арасында құрылыста жұмыс істегенмін. Ай сайын алған жалақымды жалғап жүріп тұрғыздым. Мен ол жерде жазда, күн жылы кезде тұрып, суығанда жалдамалы пәтерге көшетінмін. Шамамен екі ай бұрын ғана үйді жауып кеттім. Биыл толық бітіріп, 9 айлық балама суық болаған соң көштім. Енді міне мынандай жағдай болды. Өзім де күйзеліске түсіп кеттім. Бұл үйде тұруға жүрегім дауаламайды. Мені дүниеқор деп тағы басқа сөздер жазып жатыр. Ақша, өтемақы аламын деп жүгірген де жоқпын. Бүгін әкімдіктегілер үйді бағалауға шақырды. Бармадым",– дейді үй иесі.

Решет Қалибекұлының сөзінше, оның қолында мемлекеттік акт бар. Ал өзге құжаттарды жасауға үй құрылысын бастамай тұрып кіріскен. Тіпті ХҚО-да болған. Алайда ол жердегілер құрылыс жұмыстары аяқталған соң кел деп қайтарып жіберген.

"Құжатты алдын ала жасатқым келген. ХҚО-ға да, сәулетшілерге де бардым. Олар үйіңді салып бітір, кейін келіп рәсімдейсің деп қайтарып жіберді. Кейін көршілеріме қарасам, барлығы үйлерін салып жатыр. Содан соң 2014 жылы мен де жалдамалы пәтерде жүргенше, құрылыс жұмыстарын бастайын деп шештім",– деді ол.

Решет Қалибекұлы 2006 жылы Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысынан көшіп келген. 2011 жылы азаматтық алған. Ал ата-анасы шекараның арғы бетінде қалып қойған.

Қандасымыз жолдасы және 9 айлық ұлымен бірге Шелек ауылында үй жалдап тұрып жатыр. Алматы мен Шелек арасында қатынап жұмыс істейді. 

Ал Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үй иесінің қолындағы құжаты толық емес. Қазір арнайы комиссия жердің қаншалықты заңды берілгенін тексеруде.

"Тексеру басталды, оның нәтижесі бойынша толық ақпарат береміз. Бұл жерде атап өтетін нәрсе, Президент тиісті органдарға тексеру жүргізу туралы тапсырма берді. Сондықтан кешенді тексеру жүреді. Қорытындысы бойынша шешім қабылданып, қоғамға айтылады",–деп хабарлады облыстың баспасөз қызметі.

Ал Талғар ауданының әкімі Жолан Омаровтың айтуынша, үйіне ұшақ құлаған азаматқа өтемақы төленеді. 

"Келтірілген залал төленеді. Решет еш уайымдамасын. Решетпен хабарласып отырмын. Қасындағы басқа кісілерге де осындай залал келтірілсе, оларға да төленеді. Қаржы мемлекет тарапынан бөлінеді. Қазіргі сәтте жедел құрылған комиссия жердің қай жылы берілгенін, нысаналық бағытының өзгертілгенін тексеріп жатыр. Ұшу аумағына жақын орналасқандықтан, ол жер қорғау аймағы болу керек еді", – деді Талғар ауданының әкімі БАҚ-қа берген сұхбатында.

Оның айтуынша, апат болған аумақта 13 үй салынған. Қазір бұлардың барлығының мәселесі қаралып жатыр. Тек бүлінген Решет Қалибектің үйін ғана емес, сол аумақта тұратын өзге де баспаналарды басқа жаққа көшіру, көшірмеу мәселесі комиссия шешімінен соң белгілі болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу