Оtinish.kz неге жабық тұр

1923

Петиция сайты неге жабық тұр? 

Оtinish.kz неге жабық тұр

Қазақстандықтар өз қарсылығын шетелдік сайттар арқылы жариялауға мәжбүр.

Утиль алымға қарсы петиция Президент бастамасымен ашылған сайттың жабылуына себепкер болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында азаматтардың реформалар мен ұсыныстар жасай алуы үшін онлайн-петицияның бірыңғай институтын құру керектігін айтқан болатын.  Бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сай бастама еді.

Арада бір апта да өтпей жатып, Тalap қолданбалы зерттеу орталығының басшысы Рахым Ошақбаев otinish.kz дейтін сайтты таныстырған еді. Бұл сайтты мемлекет онлайн петицияның ресми жүйесі ретінде мойындамаса да, қазақстандықтар үшін өте нәзік саналатын Бозжыраны қорғау сияқты бастамалар көтеріліп, атқарушы органдар сайттағы дауыстарға құлақ аса бастаған болатын.

Елдегі утиль алымға қарсы қазақстандықтар да өздерінің қарсылығын осы сайт арқылы білдіруге бекініп көрген. Отандық автоөндірістегі олигополияға тосқауыл қою үшін жарияланған петиция қысқа мерзімде 30 мыңнан астам дауыс жинап, ақыры бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтерілетіндей әсер туғыза бастаған. Сәйкестік пе, кім білсін, көп өтпей Оtinish.kz сайты сыр бере бастады. Әуелі уақытша жабылды. Кейін онда өтініш жариялаудың талаптары өзгертілді. Ақыры ол өзгертулер де қазақстандықтардың қарсылық тасқынына тосқауыл бола алмаған соң, белгісіз мерзімге жабылып тынды.

Утиль алымның қарапайым халықтың қалтасын қағып, санаулы компанияны байытқаннан басқа экономикалық әсері жоқ екенін айтып, петицияға бастамашы болғандардың бірі – кәсіпкер белсенді Нұраддин Садықов. Youtube-тегі  Nartay Aralbayuli арнасына берген сұхбатында ол аталмыш Оtinish.kz сайтының дәл өздері бастамашы болған утиль алым туралы петициядан кейін жабылып қалғанын мәлім етті. Қоғам белсендісі бұл пайымын биліктің елдегі қарсылықтардың қарқыны үдеп кетуінен сескенгенімен байланыстырып отыр.

"Біз Оtinish.kz сайтына утиль алымға қарсы дауыс жинау үшін петиция жарияладық. Бұл өзі азаматтардың өтінішіш-талабын жариялайтын қазақстандық жалғыз сайт. Президент Қ.Тоқаевтың өзі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде бастама көтерген болатын. Сол бастамамен Тalap деген мекемені басқаратын Рахым Ошақбаев Оtinish.kz сайтын ашқан болатын. Бізге дейін де онда көптеген петиция жарияланған. Бозжыраға қатысты петиция да мысалы сол жерде шыққан", – деп еске алады кәсіпкер.

Петиция авторы отандық сайтқа сенеміз деп, бір кішігірім түйткілді ескермей кеткендерін айтады.

"Бір қызық жері, Рахым Ошақбаев  осы утиль  алымның лоббиін жасап отырған Қазақстан автобизнес қауымдастығының кейбір мәселелеріне оң пікір білдіріп жүрген болатын. Мен мұны жай қосымша ақпарат ретінде айтып отырмын. Біз утиль алымға қарсы петицияны басқа да көздерге жариялай алатын едік. Бірақ отандық рерсурсты таңдадық. Сонымен біздің петиция мыңдап дауыс жинай бастағанда сайт бір рет жабылып қалды. Одан қайтадан ашылып, петицияларды жаңа тәртіппен қабылдай бастады. Ақыры соңында мүлде жабылып тынды", – деді Нұраддин Садықов сұхбат барысында.

Бастамашы топ өкілі утиль алымның қаражаты бюджетке емес, нарықта олигополия орнатып алған компаниялардың артында  тұрған адамдарға кетіп жатқанын айтады. Соның кесірінен халық шетелдік көліктерді сыртқы нарықтағы бағасынан әлдеқайда қымбат бағамен алуға мәжбүр. Сарапшы тіпті Қазақстанда құрастырылған көліктер көрші Ресейде біздегі бағадан арзанға сатылып жатқанына нақты мысал келтіреді. "Тоқпағы мықты болса, киіз қазық та жерге кіреді" дегендей, лоббиі мықты компаниялар Президент бастамасымен құрылған сайтты жауып тынған сыңайлы.

"Біздің петиция Президенттің бастамасымен құрылған, мемлекеттің білдей бір eGov сияқты тұтас сайтының жабылауына себепші болды. Яғни, олар петицияны қайтадан ашуға құлықсыз. Ашса, тағы да мәселе көбейіп кетеді деген секілді. Сондықтан біз шетелдік Аvaaz-да петиция жариялап бастадық. Оtinish.kz-те 40 мыңдай қол жиналды. Арасында правокациялық мәселелер болды. Біздің ІТ мамандар таза қойылған қол 35 мың екенін есептеп шығарды. Яғни, қосарланған дауыстар болған. Бұл – біздің емес, Оtinish.kz-тің қателігі. Соның өзінде біз 5 мың дауысты алып тастап, 35 мың деп есептедік. Қазір Аvaaz-да 5 мың қол жиналды", – дейді Нұраддин Садықов.

Алаңда айқайлап айтылуы тиіс жанайқайды онлайн кеңістікке бағыттау бастамасы конструктивті диалогқа сенетіндердің тарапынан қолдау тапқанымен, нақты қашан іске асатыны әлі белгісіз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн петиция бірыңғай институтын қалыптастыруға бағытталған өзгерістер туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.

Министр Аида Балаева жыл басында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесіп, аталған заңнамалық өзгерістердің негізгі бағыттарын тізіп берген болатын.

Министрлік ұсынып отырған жүйе бойынша, қоғам ішінен туындаған кез келген қарсылық үні петиция болып саналмайды. Яғни, заңмен петиция ұғымына нақты анықтама берілген. Егер мемлекеттік орган бастаманы петиция ұғымына жатпайды деп есептесе, ол бірыңғай онлайн жүйеге шығарылмайды.

Заң жобасындағы тағы бір назар аударатын мәселе – петиция мәтінін мемлекеттік органның алдын ала тексеретінінде. Мұны министрлік мамандары петиция мазмұнында балағаттау, қаралау, экстремистік әрекеттерге шақыру, әлеуметтік, ұлтараздық, діни араздықты үгіттеу мәніндегі сөздер болмауы керек деген талаппен түсіндіріп отыр. Сондай-ақ, петиция елді басқару формасын өзгерту, Республикалардың әкімшілік территориялық құрылымын өзгерту, әділ сот, рақымшылық тағы басқа тақырыптарын қозғамауы керек. Петицияға қойылған қолдардың саны Президент жарлығы түскеннен кейін ғана саналады. Ал соңғы шешімді петиция қозғаған мәселеге жауапты мемлекеттік органның бірінші басшысы шығарады.

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Жауапты органдар онлайн петиция жүйесін мемлекеттің ыңғайына икемдеп болғанша қазақстандықтар шетелдік петиция сайттарының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал ондай петициялық ишараның нақты пәрмені қандай болатыны түсініксіз. Әзірге мұндай әрекеттер тек қоғамдағы қарсылық шкаласын есептеуге ғана сеп болып отыр.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу