Өткен айда қай қалада тұрғын үй арзан болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
25819

Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі орынға орналасты.

Өткен айда қай қалада тұрғын үй арзан болды

Жаңа жыл тұрғын үй нарығындағы орташа бағаның өсуімен басталды. Өткен айда еліміздің 13 аймағында тұрғын үй бағасы қымбаттап, соңғы 3 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті.

Бағаның шарықтау көрсеткіші бойынша Шымкент көш бастады. Мұнда 1 шаршы метрдің бағасы бір айда 4,1%-ға өсіп, 212 мың теңгеден 220, 8 мың теңгеге көтерілді. Осылайша "шырайлы шаһар" баспанасы қымбат саналатын Астана мен Алматыдан кейінгі орынға орналасты.

Алматыда қаңтар айында тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 10 250 теңгеге қымбаттап, 373,5 мың теңгені құраса, Көкшетауда осыған дейін 1 шаршы метрі 195, 7 мың теңгеден сатылған үйлер 200,4 мың теңгеге саудалана бастады.

Өскемен мен Таразда тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 1,7 %-ға өсіп, 181,2 мың теңгеге тұрақтаса, Семейде 1,6 %-ға ұлғайып, 170,9 мың теңге болды. Аты аталған аймақтардағы тұрғын үйдің қаңтар айындағы көрсеткіші соңғы 2 жылдың шекті нәтижесін жаңартты.

Ақтөбеде тұрғын үйдің бағасы 1,5 %-ға, Павлодарда 1,3 %-ға қымбаттады. Қазір Ақтөбеде тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 148,8 мың, Павлодарда 174, 6 мың теңге.

Петропавлда жаңа жылдың алғашқы айында баспананың бағасы 1,2 %-ға шарықтап, 196,9 мың теңге жетті, ал Қостанайда 1%-ға өсіп, 195,3 мың теңгені құрады.

Қарағанды мен Оралда өсім 0,6 және 0,5 % шамасында болған. Сәйкесінше кеншілер қаласында тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 202,7 мың, Жайықтың жағасындағы шаһарда 184, 7 мың теңгені құраған.

Астанада өткен айда баға 0,2 % ғана өсті. Қазір тұрғын үйдің 1 шаршы метрі  332,6 мың теңгеден саудаланып жатыр.

Жаңа жылдың алғашқы айында тұрғын үйдің бағасы Ақтауда ғана арзандады. Мұнда баға 5,2 %-ға төмендеп, 196 мың теңгеге түсіп қалды. Осылайша Ақтау баспанасы қымбат саналатын қалалардың бестігінен шығып, алтыншы орынға тұрақтады.

Бірден айтайық, қаңтар айындағы көрсеткіш тұрғын үй нарығының нақты нәтижесі бола алмайды. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін әлі талай өзгереді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу