Өзбек ағайындар Мәскеуді алдап кетудің қызықты, көпқырлы тәсілін тапты

11386

Өзбекстан тұрғындарының тапқырлығына ресейлік сарапшылар таңқалуда. 

Өзбек ағайындар Мәскеуді алдап кетудің қызықты, көпқырлы тәсілін тапты Фото: vladimir.bezformata.com

Ресейлік саясаткер, қоғам қайраткері Дмитрий Демушкин Ресей халқының өліп бара жатқанына (вымирание) қатысты мәселе көтеріп жүр. Ол ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушісімен тілдесіпті. Сонда ауыл кәсіпкері орман отап, ағаш өңдейтін пилорамасы, жылыжай бизнесі, егістігі барын айта келе, соның бәрінде жұмыс істейтін адам таппай жатқанына, жұмысшыларының жиі кетіп қалатынына шағымданған.   

Фото: rusforce.com

"Отыз жыл ішінде Ресейде 37 мыңнан астам деревня босап қалып, жабылған. Ұлан-байтақ территорияны қоныстандыратын халық табылмайтын болып барады. Арнайы әскери операция аясында ерлер қатары күрт азайды. Майдан даласынан оралғанның өзінде, олардың сапасы, қабілеті қандай болатыны белгісіз. Мобилизациядан қашып, жүздеген мың тепсе темір үзетін азамат, білікті маман шетелге қоныс аударды. Оның үстіне дарынды адамдар Ресейдің болашағын қараң деп санап, өзі үшін мұнда еш перспектива байқамай, шетелге жақсы өмір іздеп кетіп жатыр. Провинцияда қалған еркектер маскүнемдікке, нашақорлыққа, токсикоманияға салынуда. Бұған қоса, Ресейде демографиялық құлдырау жалғасуда. Сондықтан өндірістерді өркендету, салалардың ісін ілгерілету үшін енді тек Орта Азиядан мигранттардың қаптауына жол ашу, заңдастыру ғана қалды. Бір жұмыс істесе, солар ғана істейді", – деген пікір білдірді саясаткер.

Әзірге Мәскеу шетелдік мигранттардың еркін кіруіне қаптаған шектеуін сақтады. Олар орыс тілін, Ресей тарихын білуден емтихан тапсыруы шарт. Содан өте алса ғана заңдастырылып, патент алып, ресми жұмыс істей алады. Сондай-ақ бойында жыныстық, басқа жолдармен берілетін жұқпалы ауруы табылса, елге кіруіне рұқсат етілмейді.

Бұл аз болса, орталықазиялық халықтарды жек көретін жергілікті тұрғындардың шағымымен Мәскеуде және өңірлерде мигранттарға қарсы үнемі рейдтер жүргізіліп тұрады. Ресейдің қаптаған құзырлы органдары келімсектердің еркін жүруіне мүмкіндік бермей, үнемі қысым көрсетеді, пара дәметеді. Украинадағы соғысқа қатысуға мәжбүрлейді.

Сөйтіп жүргенде еңбек етуіне бөлінген мерзім өтіп кетіп, орталықазиялық еңбеккер заңсыз мигрант санатына көшеді. Ұсталып қалса, депортацияланса, бес жылға дейін кері орала алмайды.

Осы орайда ресейлік саясаткер Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келген мигранттардың бір айласы әшкереленгенін мәлімдеді.

"Мигранттар заңды айналып өтудің және РФ аумағында заңсыз қала берудің, еліне депортацияланбаудың жаңа тәсілін тауып алды. Бұл жайында Мәскеудегі өзбек диаспорасының басшысы да айтып отыр. Оған дейін бұл айланы ресейлік эксперттер анықтады. Ол қандай айла? Ресейде несие бойынша қарызға батқан адамдар, мейлі ресейлік, мейлі шетелдік болсын, елден сыртқа шыға алмай қалады. Мигранттарға керегі де осы. Патентінің мерзімі аяқталған 50 мыңдай мигрант елде ары қарай қалуда. Өйткені олардың бәрінің микроқаржы ұйымдары алдында өтелмеген берешектері бар. Өте ыңғайлы: патентінің мерзімі аяқталуға таяғанда МҚҰ-дан несие алып, төлемей қояды. Қаржы ұйымы оның атына елден шығуға шектеу рәсімдейді. Мұндай мәртебесі бар адамдадың саны 2024 жылы жүз мыңға дейін өсуі мүмкін", – деді Д.Демушкин.

2023 жылдың наурызы мен шілдесі аралығында ғана ресейлік микроқаржы ұйымдары РФ соттарына шамамен 300 мыңнан астам талап-арыз түсірген. Олар 24 миллиард рублге дейінгі көлемде қарыз болып қалған екен. Қарыздың орташа сомасы 70-80 мың рублдей.

Саясаткердің айтуынша, Ресейдегі ең ірі микроқаржы ұйымының бірі де мигранттардың арқасында көтерілген. Оның өзін Қырғызстан азаматы құрыпты. Демушкин онымен сұхбаттасқанын айтады.

Ол Ресейге келген орталықазиялық еңбек мигранттарына бірден шағын көлемдегі микронесие рәсімдеу қызметін ұсынатын көрінеді. Тиісті пакетті ұсынғаны үшін МҚҰ өз комиссиясын алады. Ал жатжұрттық жұмысшы ол несиені ары қарай өтемейді. Сөйтіп, Ресейде ұзақ уақыт заңсыз, тұрақты өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Яғни, тұтас схемасы жолға қойылған-мыс. 

РФ заңнамасына сәйкес, кредитін өтемей, қарызға батқан адам шетелге шыға алмау сыртында шетелге ақша аудара алмай қалады. Ендеше осындай құқығынан айрылған мигрант көлеңкелі жолдармен тапқан табысын Орталық Азия еліндегі отбасына қалай жолдайды?

Сарапшының айтуынша, әсіресе, өзбектерде бұл жөнінен қиындық жоқ. Олар бір-біріне сүйенеді, бір-біріне сенеді. Мысалы, Өзбекстанға барғандар біледі: картамен есептессеңіз дүкенші немесе дәмхана қызметі оның пин-кодын сұрайды. Қазақстанда, Ресейде алаяқтық өршіп тұрғандықтан, банктер пин-кодты ешкімге айтпауды қадап тапсырады. Ал Өзбекстанда азаматтар картаның құпия сандарын еш қысылмай айта салады. Себебі, алаяқтыққа бармасын біледі.

Сол сияқты, Ресейдегі өзбек жұмысшылары да халықаралық аударма жолымен тапқан-таянғанын отбасына жолдау ісін бригадиріне, топ басшысына тапсыра салады екен. Ол адам әрине, Ресейде заңды тұрады, өтелмеген борышы жоқ.

РФ көші-қон заңнамасына сәйкес, Ресей территориясында болу мерзімі аяқталған соң шетелдіктер елді тастап шығуға тиіс. Бірақ сот приставтарының РФ аумағынан сыртқа шығуға тыйым енгізуі нәтижесінде олар кете алмайды.

Ресейлік ақпарат құралдары сөзін келтірген еңбек миграциясы жөніндегі сарапшы Асылбек Егембердиевтің айтуынша, ТМД елдеріне ұшатын әрбір рейсте 2-ден 5 адамға дейін өзінің сыртқа шығуына тыйым салынғанын біледі. Яғни, шетелдіктерді де Ресейден шығарудан бас тарту деректері көбейіп кеткен.  

Мәскеудегі өзбек диаспорасының басшысы, заңгер Бахром Исмаилов та осы құқықтық қайшылыққа назар аудартып, дабыл қақты. Оған Ресейден кете алмаған кейбір өзбектер шағымданыпты.

Фото: t.me/uz_migrant

Заңгердің айтуынша, келесі жылы осы проблемаға тап болғалы тұрған жатжұрттық азаматтардың саны 100 мыңға жетуі мүмкін.

Б.Исмаиловтың пікірінше, орталықазиялық еңбеккерлер борыш батпағына әдейі батпайды. Көптеген мигрант Ресейдегі тұрмысын жақсарту үшін банктен кредиттер, микроқаржы ұйымдарынан микрозаемдар алады. Алайда тұрақты табысы болмағандықтан, олардың бәрі бірдей борышын уақытылы өтей алмайды. Содан әбден қарызға батқан соң РФ аумағын тастап шыққысы келеді. Бірақ борышкерлер базасына аты-жөні енгізілгендіктен, мұны заңды жолмен жүзеге асыра алмайды.

РФ ішкі істер министрлігінің дерегінше, бүгінде Ресейде өз ісін заңдастырған 1 миллион 15 мыңдай ғана еңбек мигранты қалды. Бұрын бұдан үш еседей көп болатын. Украинаға соғыс ашуы, Батыстың санкцияларының астында қалуы, экономикасының құлдырауы Ресейді мигранттар үшін тартымсыз етті.

Орталықазиялық жұмысшылар АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия және басқа елдерге бағдарланып, солардың еңбек нарығын игеруге кірісті.

Оларға Ресей барған сайын қауіпті бола түсті. Өзбек басылымдарының жазуынша, Ростов-на-Донудағы арнайы депортациялық орталықта Өзбекстаннан келген он мигрант тоғыз айдан бері абақтыда отыр. Олар ешқандай қылмыс жасамаған, тек оларды жұмысқа орналастыруға уәде еткен компания жалған патенттер үлестіріпті. Компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалған: мигранттар сол бойынша куәгер ретінде өтуде. Бірақ оларды Ресей тарапы темір торда ұстап отыр. Өзбек журналистері олардың тікенекпен қоршалған шағын нысанда, темір керуертте жатып, адам төзгісіз жағдайда ұсталатынын хабарлады.

"Бұлардың бізге беретін быламығын ит те ішпес еді. Сасық иісі мүңкіп тұрады. Жатын орындар жабдықталмаған, бұл жерде бірде бір адам тұрмауға тиіс еді. Тоғыз айда төзіміміз таусылды. Бірде бір жергілікті ұйым көмектескісі келмейді", – деп шағымданады Жасурбек Аширов.

Ресей жағы осындай қысым арқылы келімсектерді әскери контрактіге отыруға, Украинадағы соғысына ерікті болып аттануға мәжбүрлегісі келеді. Өзбекстан консулы ресейлік құзырлы органдарға жүгінген екен, олар тергеу аяқталса ғана, өзбек куәгерлер босатылатынын мәлімдепті. Тергеу жылдарға созылуы мүмкін.

Өзбекстанның Сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің баспасөз хатшысы Артыкходжа Норов "Озодлик" журналистеріне сұхбатында Ростовта ғана емес, өзге қалаларында да көптеген мигрант отырғанын, ресейлік сот үкім шығармай, олар еліне қайта алмайтынын жеткізді.

Басқа да сорақы істер жетерлік. Таяуда Волгоград облысындағы шаруа қожалығы 62 өзбек мигрантының барлық құжаттарын тартып алып, құлдықта ұстағаны әшкереленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу