Өзбекстан Африканы "жаулауға" кірісті

951

Туысқан ел "Қара құрлықтан" Қытай мен Ресейді ығыстыруы мүмкін.

Өзбекстан Африканы "жаулауға" кірісті Фото: inbusiness

Халықаралық сарапшылар соңғы бірнеше жылда Өзбекстанның тосыннан африкалық бағытта белсенді қимылдай бастағанын байқады. 2023 жылдан бері Ташкент бұл құрлықтың 13 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатып, әр саладағы ынтымақтастығын жолға қойып үлгерді.

Дипломаттардың ізімен Африкаға өзбек бизнесі тартылды. Ондағы шетелдік туристер келетін, іскерлік орта түзілген ірі қалаларда өзбек ас мәзіріне маманданған дәмхана-шайханалар, өзбекстандық тауарларды сататын дүкендер, осы елдің өнімдерін ілгерілететін фирмалар ашылып, өрістеуде.

Оңтүстік көрші сондай-ақ африкалық елдерге ауыл шаруашылығы техникасын, жеңіл көліктерді, тау-кен өнеркәсібіне арналған техниканы жеткізуге өріс ашты.

Өзбекстанның Африка континентіндегі елдермен экономикалық ынтымақтастығының перспективаларын зерттеу ӨР Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің сарапшысы Фридерике Зайферт ханымға жүктелген болатын.

Оның байламынша, құрлық елдерінің даму жолдары әрбасқа, әлеуеті де әрқилы. Соған қарамастан оның көбі Өзбекстанмен сауда-саттығын кеңейтудің мол мүмкіндігіне ие. Олардың бәрі "Африкалық еркі сауда континенталдық аймағының" қатысушысы болып табылады.

Сарапшы құрлықтағы елдердің басым көпшілігінің экономикасы сол бұрынғыдай ауыл шаруашылығына қатты тәуелді екеніне назар аудартты. Ендеше Өзбекстан оларға тыңайтқыштарды, аграрлық техниканы, төрт түлікті, қасиеттері жақсартылған түрлі тұқымды көбірек жеткізе алады.

"Бұған қоса, көптеген мемлекеті мұнай, газ, метал, минералдар және алмас өндіреді. Алжир, Габон, Ливия, Нигерия, Намибия, Ботсвана мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) сияқты елдер өзбектің тау-кен өндірісінің жабдықтары мен техникасының экспорты үшін тартымды нарық саналады", – деді Зайферт.

Қазіргі кезде Өзбекстанның Африкаға экспортының 57%-ы – бір ғана Мысырға тиесілі. Бұл – Солтүстік Африкадағы барынша дамыған және әртараптандырылған экономика саналады. Египет Өзбекстаннан негізінен мақта-мата, тоқыма өнімдерін, күкіртті, фосфинаттарды, сондай-ақ жүк көліктерін көбірек сатып алады.

Жалпы, сарапшылар Өзбекстанның Африкадағы әсіресе, мұсылман елдерімен қатынасы жақсы дамып келе жатқанын қаперге салды. Осы орайда Өзбекстан шығарған тауарларды импорттау жөнінен континентте Марокко екінші орынға шықты және өзбек экспортының 17%-ы соған бағдарланған.

Технологиялық тұрғыдан дамыған, индустриалды ел болып есептелетін ОАР да Өзбекстан үшін келешегінен мол үміт күттіретін нарыққа айналып келеді. Бүгінде өзбектердің "Қара құрлыққа" бет алған экспортының 6%-ы осы елге бағытталады. Негізгі бөлігін сульфаттар, жіп, мақта-мата өнімдері құрайды.

Өзбек химия өнеркәсібі де осы алып нарыққа экспансия жасауға күш салуда. Ал, Өзбекстаннан тасылатын жалпы импортта 2% үлеске ие Туниске өзбектер енді өздері құрастырған электр техникаларын өткізу арқылы өзара ықпалдастығын арттыруға ден қоймақ.

Стратегиялық реформалар агенттігі Кенияны да үлкен әлеуеті бар перспективті нарық ретінде атады. Зерттеу көрсеткендей, ӨР оған сульфатты тыңайтқыштарды және ауыл шаруашылығы техникасын молынан жеткізе алады. Жергілікті нарықта соған сұраныс бар, әрі фермерлері – төлем қабілетті. Енді тек Кенияның стандарттар бюросынан өзбек өнімдеріне сертификаттар алу қажет.

Өзбекстанның алыстағы африкалық өңірге үлкен қызығушылық танытуының мәні неде?

"Өзбекстанның Африка елдерімен өзара іс-қимылын белсенді кеңейтуіне – Еуразиядағы геосаяси шиеленістердің күшеюі аясында еліміздің төл сыртқы саяси бағдарын стратегиялық қайта құру, жаңарту процесі ықпал етіп отыр. Бұған сондай-ақ жаһандық экономиканың қайта құрылымдануы, реструктуризациясы да түрткі. Ташкент өзінің сыртқы саясатын әртараптандыруға, Еуропамен және Азиямен шектеле бермей, перспективті жаңа нарықтарды ерте бастан игеруге, оларға күнібұрын келуге ұмтылуда. Біз кеш болмай тұрғанда, "жаһандық Оңтүстіктің" желісіне дендей еніп, кірігіп үлгеруге тиіспіз", – деді өзбекстандық Прогрессивті реформалар орталығының саяси аналитигі Алоуддин Комилов Gazeta.uz порталына сұхбатында.

Ол бүгінде Өзбекстанның сыртқы саясатының жаңа, "африкалық өлшемі" қалыптастырылып жатқанын нықтады. Global South платформасына үйлесу мақсатында Өзбекстан БРИКС+ форматында осы бірлестіктің серіктес-мемлекетіне айналды.

"Мен мынаны қадап айтқым келеді. Бұл жерде жай ғана имидждік қадам туралы сөз болып отырған жоқ. Мұның саяси ғана емес, экономикалық пайдасы зор. Сондықтан Ташкент Африкамен байланыстарын саналы түрде нығайтып, ол үшін "жұмсақ күшін" де пайдалануда. Біріншіден, Өзбекстан өз өнімдері арқылы Африканың ауыл шаруашылығын өркендетуге, азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қоса алады. Өзбекстан мысалы, африкалық елдерге шөл және шөлейтті жерлерге егін салу технологияларын ұсына алады", – деді Комилов.

Сонымен бірге, оның пікірінше, Өзбекстан олардың тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығына деген мұқтаждығын өтей алады.

Африка сонау кеңес заманынан бері оның бәрін Мәскеуден алатын. Алайда бүгінде Ресейдің бұл салалары халықаралық санкциялар кесірінен терең дағдарыста, әрі өнімдері өз қажеттілігінен көп аспайды.

Екіншіден, Өзбекстан Африканы фармацевтика өнімдерімен және медициналық білім берумен игере алады. Өйткені өзбекстандық медициналық-өнеркәсіптік кешен қарқынды дамуда: әлемде танымал және сырқаттар тарапынан сұраныс жоғары біраз дәрі-дәрмектің баламасы – дженеригі Өзбекстанда жасалады.

Өзбекстандық медициналық жоғарғы оқу орындары шетелдік жетекші университеттермен тығыз әріптестік орнатып, білікті кадрларды даярлауда. Нәтижесінде, Қазақстан, Ресей, Еуропа елдерінен науқастар емделу үшін осы елге ағылып, медициналық туризм өрістеді.

Ал, өзбекстандық дәрігерлер бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Еуропа елдерінде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып жүр. Өзбекстандық ЖОО-ларда африкалық студенттер де жетерлік.

Үшіншіден, Өзбекстан әлемде жеңіл өнеркәсібін және тоқыма-мата өндірісін дамыта алған мемлекеттердің бірі ретінде мәшһүр. Африкалық бизнесмендерге Өзбекстан өзіндегі қаптаған арнайы экономикалық аймақтар аумағында мақтаны өңдеу саласында бірлескен кәсіпорындар құруды және өндірістік тізбектерді өзара интеграциялауды, сол арқылы елдердің өнеркәсіптерін инклюзивті дамытуды және импортқа тәуелділікті азайтуды ұсынды.

Африка да өзіне керекті киім-кешекті, төсек жабдықтарын және басқа тоқыма заттарын өзі өндіреді. Алайда оған қажетті шикізатты – мақтаны, жіпті сырттан тасиды. Егер мемлекетаралық кооперация күш алса, Өзбекстан осы өнімдерді жеткізуде өзгелерді, мысалы, Қытайды ығыстырып, құрлықтағы бір доминантқа айналуы мүмкін.

Африкалық континенттегі орнын бекем ете түсу үшін Ташкент бірнеше бағытта қимылдайтын болды. Бұған елшіліктер ашып, дипломатиялық миссияларды күшейтіп, саяси ықпалдастықты нығайту, жеке сектормен етене жұмыс істеу, экономикалық дипломатияны және сауда байланыстарын өрістету жатады.

Соның ішінде, мысалы, ең жақын сауда серіктесі Египет Өзбекстан үшін – Африканы, Таяу Шығысты және Еуропаны байланыстыратын стратегиялық хаб рөлін атқарады. Ол Ташкенттің экспорттық мақсаттарына сәйкес келетін логистикалық және қаржылық маршруттерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Жалпы, патшалық Ресей және Кеңес одағы заманынан бері Орталық Азия Африка құрлығымен тікелей ынтымақтастық жасай алмады, барлық байланыс тек Мәскеу арқылы жүретін. Ал, бүгінде Өзбекстан өңіраралық дипломатияның жаңа дәстүрлерін жүйелі жолға қоя бастағанға ұқсайды. Бұл істе ауыл шаруашылығы, білім беру, сауда-саттық сияқты практикалық бағыттар оның "жұмсақ күшіне" айналуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу