Әлем елдері "қиын күндерге" дайындала бастады

120

Қазақстан кейінгі 15 жылда алтын қорын шамамен 5 есеге жуық арттырған. 

Әлем елдері "қиын күндерге" дайындала бастады Фото: AP Photo / Mike Groll

World Gold Council дерегінше, еліміз ең әуелде 67,3 тонна болған алтын қорын қазір 340 тоннаға жеткізген. Алтынды осынша көбейтуге не себеп болып отыр?

Аз уақытта еліміздің алтынға "құмартқаны" анық байқалды. Былтыр шілдеде ғана қорда 298 тонна алтын бар еді, содан бергі 8 айдан астам уақытта тағы 40 тоннадан астам жуық бағалы металл сатып алған.

Жалпы, біздегідей үрдіс көп елдерден байқалады. Әзірге әлемде алтын қоры бойынша көшбасшы – АҚШ, резервінде 8,1 мың тоннадан астам алтын бар. Бір қызығы, бұл ел кейінгі 15 жыл бойы қорын көбейтпей отыр. Екінші орындағы Германияда 3,3 мың тоннадан астам, үшінші орындағы Италияда 2,4 мың тоннадан астам алтын бар.

Алғашқы бестікке солтүстіктегі көршіміз Ресей кірген. Оның 2,3 мың тоннадан көп алтыны есепте. Кейінгі 15 жылдықта Қазақстан секілді белсенді, 3,1 есеге арттырған. Қытай да сол шамада тұр. Алғашқы жиырмалықтың тізімінде көп елдердің кәрі құрлықта орналасқанын байқадық.

Бір қызығы, топ-20-да кезінде Венесуэла да жүретін. Алайда 2018 жылдың ортасынан бастап оның алтын қоры туралы мәліметтер жарияланбай қалды. 2010 жылы бұл елдің резерві 360 тоннадан асса, 2018 жылы 161,22 тонна болған. Шамасы, Венесуэла ендігі көп алтынынан айырылған секілді.

Айтпақшы, алтынға Өзбекстан да "құмар". 2013 жылы 180,7 тонна алтыны болса, биыл сәуірде 406,8 тоннаға жеткен.

Сонымен, елдің алтын қорының артуынан қандай пайда бар? Бұған дейін біз сөйлескен қаржыгер Ғимран Абдрахманов алтын қоры мемлекеттің экономикасында қауіпсіздік тетігі секілді рөл атқаратынын айтқан еді. Тіпті, инфляцияны төмендетуге көмекші бола алады.

– Алтын қорының артуы ең алдымен елдің тұрақтылығы мен қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады. Ол инфляцияны төмендету мен экономикалық қауіптерге қарсы "қауіпсіздік жастығы" іспетті дүние, яғни, алтын экономиканың құбылмалы кезеңдерінде ең сенімді актив болып қала береді, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, еуро мен доллар тұрақты саналғанымен, алтын барлық кезеңде сенімді және қауіпсіз құрал саналған. Себебі экономиканың циклдік сипаты кезінде компания акциялары, валюталар және басқа активтер құбылып отырады. Сол себепті алтын резервін жүйелі түрде толықтырып отыру – ең дұрыс әрі тиімді қадам.

Дегенмен барлық сарапшының пікір бір жерде түйіспейді. Өткен айда CFO SUMMIT XIII форумында қаржыгер Ораз Жандосов Ұлттық банктің алтынға қатысты кей саясатын сынағаны бар. Оның сөзінше, алтынмен операцияларды айна-қайтару шешімі қате қадам.

Осы тұста айна-қайтару тәсілін бір түсіндіре кетейік. Ұлттық банк алтын сатып алып қорды көбейтеді, кейін нарықта баға қымбаттап жатса, қайта сатады. Өйткені нарыққа алтын қосылғанда баға тұрақтана бастайды. Яғни, экономикадағы тепе-теңдікті қолдан қалыптастырып отырады. Міне, қаржыгер осы тұсын сынаған.

Көп ұзамай жауап ретінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаржыгердің сын айтпағанын, керісінше, "алтынға қатысты мұндай операцияларды 2010 жылдардың соңында-ақ бастау керек еді" деп тұспалдағанын мәлімдеді.

Сүлейменовтың айтуынша, еліміз алтын сатып алмаған болса, оны нарыққа қайта сатпаса, қазіргідей ірі қор жиналмас еді. Соның арқасында өткен наурыз айының өзінде Қазақстанның алтын-валюта резервтері шамамен 74 млрд долларды құраған. Ал елдің жиынтық резервтері – Ұлттық қорды, алтынды және БЖЗҚ қаражатын қоса алғанда, шамамен 185 млрд долларға жеткен.

"Егер біз айна-қайтаруды ертерек бастағанда, алтын резерві мұндай деңгейде болмас еді. Бұл – тұрақсыздық кезеңіндегі қаржылық "қауіпсіздік жастығы". Сондықтан ел ретінде бізге мықты қаржылық қор қажет. Осы тұрғыда қаржыгер Ораз Жандосов біздің саясатты қолдайды, тек ертерек бастамағанымызды сынға алды", – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Қалай алғанда да, қазіргі әлемнің бетбұрысына қарап, алтын қорының маңызды тетік екенін байқаймыз. Құны көбіне арзандамайды, керісінше, артады. Мәселен, сауда-саттық басында алтын бағасы унциясына 4660 доллар көрсеткішіне жетті. Ақпанның соңынан бері 12 пайызға арзандаған. Бұған сол Таяу Шығыстағы қақтығыстардың әсері бар. Мұнай қымбаттаған кезде алтын құнын сәл бәсеңдетті. Қақтығыстар толық тыйыла қалған сәтте баға қайтадан шарықтай түсетін тәрізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу