Өзбекстан электр энергиясын өндіру үшін Қазақстаннан 2 млн тонна көмір импорттайды

1035

Қазақстандық көмірдің Өзбекстанға импорты 18,4%-ға өсіп, жалпы 487,8 мың тоннаға жетті. 

Өзбекстан электр энергиясын өндіру үшін Қазақстаннан 2 млн тонна көмір импорттайды Фото: catalogmineralov.ru

Өзбекстан 2023 жылғы қаңтардағы энергетикалық дағдарыстан кейін өзінің энергетикалық ресурстарын әртараптандыру мақсатында Қазақстаннан көмір импортын ұлғайтты. 

Келер жылы Өзбекстан энергия өндіретін қазақстандық компаниялар арқылы біздің елден 2 млн тонна көмір импорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары Әзім Ахмедходжаев inbusiness.kz тілшісі сауалына жауап беру барысында хабарлады.

Өзбекстан үкіметі 2023 жылғы қаңтарда бұрын-соңды болмаған энергетикалық дағдарысты бастан кешірді: қақаған аяздан электр қуаты өшіп, ақыр соңында Ташкент әкімі жұмыстан шығарылды. Осы қыстан аман шығу үшін бұған дейін тек өзінің табиғи газ қорына сеніп келген Өзбекстан енді энергия көздерін әртараптандыруға көшті. Баламалы энергия көздерінің арасында ең тиімдісі — көмір. Қазақстан Өзбекстанның өңірдегі ең жақын одақтастарының бірі болғандықтан біздің елден отын тасымалдау жоспарланып отыр. 

"Бізде көмір арқылы электр энергиясын өндіретін бірнеше ірі электр стансылары бар. Оларды қазақстандық компаниялар басқарады. Дәл осы бағытта 2 млн тоннаға жуық көмір импорттаймыз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек өндіріс орындарының қажеттіліктеріне — құрылыс материалдарын өндіруге, ауыл шаруашылығы мен көмір-химия өндірісіне де көмір қажет, бұл бағытта сырттан қанша отын сатып алатынымызды әзірге нақты айта алмаймын, бірақ Қазақстанмен тығыз байланыста болатынымыз сөзсіз", - деп жауап берді Әзім Ахмедходжаев.

                                                                                                                    Фото: UzReport.news

Өзбекстанда көмір екі жерде - Сурхандария облысында Шаргун көмір кен орнында және Ташкент облысында Ангрен көмір бассейнінде өндіріледі. Жалпы қор 1,9 миллиард тоннаны құрайды. Жыл сайынғы өндіріс көлемі орта есеппен 5,5 миллион тоннаға жетеді. Алайда Ангрен кен орнының қуаты шектеулі, тау-кен жабдықтары ескіргендіктен, бұл елде жылдан-жылға көмірге деген сұраныс артып келеді, 2021 жылы 5 183 тонна, 2022 жылы 5 319,7 тонна жүктелді. Биылғы көрсеткіш одан да асып түседі. 

Оған қоса Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев 11 мамырда энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңесте елде көмір өндіруді 1,5 есеге арттыру міндетін қойды. Өндірісті 6,5 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Көмірге деген сұраныстың артуы осы жылы көмір отынына жылыжайларды, цемент және кірпіш зауыттарын, балабақшаларды, мектептер мен ауруханаларды - 5 407 әлеуметтік нысанды, 1 147 жылыжай мен 250 зауытты ауыстыру шешімімен тікелей байланысты.

Өсіп келе жатқан сұранысқа байланысты Қазақстан 2025 жылдан кейін Өзбекстанға көмір экспортын кезең-кезеңімен жылына 12,8 млн тоннаға дейін ұлғайтатын болды.

"Бүгінде ҚР Үкіметі сегіз жобаны іске асыруды және өндіру көлемін ұлғайтуды көздейтін отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті…2025 жылдан бастап Өзбекстанға энергетикалық көмірді жеткізу кезең-кезеңімен 12,8 млн тоннаға дейін ұлғайту қарастырылып жатыр. Экспорттық бағыттар кеңейтілетін болады", - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан.

Өзбек нарығының келешегін ескере отырып, "Қаражыра" өкілі inbusiness.kz тілшісіне жақында ғана құрылысы басталған Дарбаза-Мақтаарал темір жолы салынып болғаннан кейін көмір экспортын ұлғайтуды жоспарлап отырғандарын хабарлады.

"Сарыағаш жеткізу жолы Ташкент сұранысын толық қамтамасыз ете алмайтындықтан, жаңа Дарбаза бағыты салынып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін біздің компания және Kazakhmys Coal, "Шұбаркөл" мен "Шұбаркөл Премиум" сынды әріптестеріміз Өзбекстанға экспортты ұлғайтады", деді "Қаражыра" бас директорының орынбасары Әсет Сыдықов.

Өзбекстанның Қазақстанға қарай бет бұруы ұзақ уақыт бойы энергия тапшылығы мен геосаяси шиеленістерге осал Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігі артқанының тағы бір белгісі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу