banner

Өзбекстан – Қазақстан. Сарапшылар пікірі

2679

Тартысты ойынның алдында біз екі елдің тілшілерінен пікір сұраған едік.

Өзбекстан – Қазақстан. Сарапшылар пікірі Фото: kff.kz

16 қараша күні "Пахтакор" стадионында Өзбекстан мен Қазақстан ұлттық құрамалары жолдастық кездесу өткізеді. Бұл матчты екі елдің жанкүйерлері ұзақ күтті. Бірі Азия құрлығында болса, бірі Еуропа конфедерациясында ойнайтын екі команданың ойын деңгейі шынымен де қай деңгейде? Комментаторлар мен футбол сарапшыларының пікірі екіге жарылып тұр.

Олжас Байбосынов, "ҚазСпорт" арнасының комментаторы:

Өзбекстан футболы бізге қарағанда дамып кеткен. Олардың су жаңа стадиондарын қараңыздар. Ішкі біріншіліктерінің өзі керемет стадиондарда, сапалы ойындармен өріледі. Бір-бірімен бәсекелстігінің өзі жоғары. Бұл әлбетте ұлттық құраманың ойынына әсер береді. Өзбестан чемпионаты Қазақстандыкінен еш кем емес. Менің ойымша бұл матчта Өзбекстан құрамасы 2:0 есебімен жеңіске жетеді.

Ұлттық құрамалар деңгейінде ойын терезесі тең болғанымен басымдылық Қазақстан тарапында болуы тиіс деп есептейді "Түркістан.кз" сайтының бас редакторы Абылайхан Жұмаш.  

Қазақстан құрамасы Еуропада ойнап жүргеніне біршама уақыт болды. УЕФАда футбол деңгейі сәл жоғары екені белгілі. Алайда, қазір біздің футболшылар әбден шаршаған. Олар ұзақ маусым өткізді. Ұлттар лигасы мен ішкі чемпионаттың өзі футболшыларды қажытып жіберген. Магомед Әдиев жолдастық матчтарды барынша пайдаланып жастарды шығаруы мүмкін. Бірақ, Өзбекстанға қарсы ойында үздік ойыншылар алаңға шығады деген ойдамын. Өзбекстан құрамасында Эльдор Шомуродов деген мықты футболшы бар. Ал бізде Бақтиер Зайнутдинов. Одан бөлек те Еуропада ойнап жүрген қазақ футболшылары бар. Қазақстан құрамасы жеңеді деген сенімдемін. Өзбекстанның Азтия құрлығында мықты екенін ескеріп, отандастарымыздың 1 доп басымдылығын болжағым келеді. 

Қазақ футболын сырттай біліп, бапкерлерімізден сұқбат алып жүретін Өзбекстан елінің спорт журналисі Шухратбек Жораев бұл ойынның қандай нәтижемен бітсе де пайдасы зор екенін айтады. 

Шухратбек Жораев, Sports.uz сайтының тілшісі:

Екі бауырлас мемлекеттің құрамалары бір-бірімен кездесіп жатқанының өзі қуанышты жәйт. Іргелес отырсақ та, жолдастық матчтар ойнамағанымызға біраз болды. Сондықтан да, фанаттар бұл матчты ұзақ күтіп қалды. Қанша дегенімен бұл Орталық Азияның дербиі. Сречко Катанец пен Магомед Әдиев бұл ойынның өтетіндігіне дән риза шығар деген ойдамын. УЕФА Ұлттар лигасы аясында керемет ойнаған Қазақстан құрамасының қазір нағыз бабында екенін байқап жүрміз. Сондықтан Өзбекстанда жанкүйерлердің барлығы бұл матчты тағатсыздана күтіп отыр. Жалпы, алғанда бұл ойынның екі құрамаға да тигізер пайдасы зор. Ал ойынға болжам айтар болсам, әлбетте матч Ташкентте өткендіктен, жанкүйерлердің қолдауымен Өзбекстан құрамасы көп шабуылдайды. Жеңіске жетуі тиіс. Ойында 2 гол салынады деп топшылаймын.

Ал кезінде Өзбекстан біріншілігінде өнер көрсеткен қақпашы Алмат Бекбаев Қазақстан құрамасының жеңісіне сеніп отыр.

Қазақстан құрамасы Еуропада ойнап, соңғы кездері дамып келеді. Алайда, Өзбекстан рейтингте бізден жоғары тұр. Олар өз алаңында ойнағандықтан жан салады. Әйтпесе, матч "Астана Аренада" өтсе біздің құрама жеңетін еді. Сондықтан, "Пахтакордағы" ойын тартысқа толы болады. Мен өзбек ойыншыларының техникалық тұрғыда өте мықты екенін білемін. Шомурадовтың факторы да қатты рөл ойнайды. Дегенімен, Қазақстан құрамасының сәтті ойынына сенеміз, - дейді тәжірибиелі қақпашы.

Пікірлер әралуан болғанымен, ойын деңгейін тек жасыл алаңнан ғана көре аламыз. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ойын 16 қараша күні Ташкент қаласында өтеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу