Бұл ақпаратты ҚР Туризм министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген өзінің телеграм-арнасында растады.
"Ұйымдастырушылармен сөйлестік, өзбек боксшылары мүлде болмайтын секілді…" – деп жазды ол.
Айта кетейік, World Boxing Әлем кубогының кезеңі 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Бұл дода биылғы жылдың басты бокс оқиғаларының бірі болмақ. Бұған дейін Қазақстан Астанада өтетін жарысқа ұлттық құраманың ең мықты спортшыларын шығаратынын мәлімдеген болатын. Осы ретте көрші елдің – Өзбекстанның турнирге қатыспауы көптеген жанкүйерлер үшін күтпеген жаңалық болды.
Әлемдік деңгейдегі бокс додасы көрермендер үшін нағыз тартысты шайқастар мен жоғары деңгейлі спорт мерекесі болмақ. Ал Қазақстан құрамасының басты мақсаты – ел намысын абыроймен қорғап, жарыс алаңында өз мықтылығын дәлелдеу.