Өзбекстан үкіметіне тиесілі және маңызды шикізатты өңдеуге маманданған Технологиялық металдар комбинаты Қазақстанда өндірілетін вольфрамды сатып алуға ниетті. Бұл туралы Тяньцзинь қаласында өткен China Mining көрмесінде комбинат басшылығының техникалық кеңесшісі Метин Алемдар inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Біз вольфрам концентраттарыңызға қызығушылық танытып отырмыз. Менің білуімше, Технологиялық металдар комбинатының тобы қазақстандық әріптестермен байланыста отыр. Біз сіздерден концентрат сатып алуды жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Белгілі болғандай, Қазақстанда вольфрам өндірісі өнеркәсіптік деңгейде 2024 жылы Алматы облысындағы Шарын шатқалына жақын Боғұты кен орнында басталды. Оның өндірісімен "Жетісу Вольфрамы" компаниясы айналысады, оның негізгі акционері 2024 жылы тамызда IPO-ға шыққан қытайлық Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясы саналады. Боғұты – әлем бойынша төртінші ірі вольфрам кен орны, оның жер қойнауын пайдалану келісімі 2040 жылға дейін жарамды.
"Интерфакс-Қазақстан" дерегінше, кен орнының әлеуеті 120 млн тонна шеелитке, яғни вольфрам рудасына бағаланған. Мұнда жылына 3,3 млн тонна руданы өңдеп, одан 10 мың тоннаға жуық 65%-дық вольфрам триоксиді концентратын алу жоспарланған. Негізінен өнім Қытайға сатылады. Бұдан басқа кен орнында молибден, висмут және бериллий де бар. Jiaxin компаниясының есебіне сәйкес, 2027 жылға қарай вольфрам рудасын өндіру мен өңдеу көлемі 4,95 млн тоннаға жетуі тиіс.
Қазақстанда құрамындағы вольфрам мөлшері жоғары басқа да әлеуеті зор кен орындары бар. Олар туралы бұған дейін inbusiness.kz жазды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының арасындағы Ақсораң, Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты бар. Соңғы екеуін америкалық Cove Capital (70%) мен "Тау-Кен Самұрық" (30%) ұлттық компаниясы бірлесіп 1,1 млрд долларлық бюджетпен игеретіні белгілі болды. Кен өндіру 3,5 жылдан кейін басталады деп күтілуде. Айта кету керек, Cove Capital Өзбекстанда да жұмыс істейді.
Метин Алемдардың сөзінше, бүгінде Қытай әлемдегі вольфрам өндірісінің 80%-нан астамын бақылайды. Сондай-ақ, ҚХР бұл металл жөніндегі ғылыми зерттеулерде де көшбасшы атанған. Айта кетейік, вольфрам сирек жер металдары қатарына әрі лантаноидтар тобына кірмейді. Жалпы алғанда, сирек жер элементтері жер қыртысында көп кездескенімен, олардың шашыраңқы түрде орналасуы мен кешенді өндіріс құны өте жоғары болып келеді.
Қазір Шыршық қаласында жұмыс істейтін және 100% мемлекет меншігіндегі Технологиялық металдар комбинаты негізінен жергілікті вольфрам концентратын қолданып келеді. Алемдардың сөзінше, Өзбекстан – Орталық Азияда вольфрамды гидрометаллургиялық және пирометаллургиялық әдістер бойынша өндіретін жалғыз ел.
Бүгінгі таңда Шыршықтағы зауыттың өндірістік қуаты шектеулі. Бірақ та Самарқандта 2027 жылы гидрометаллургиялық цех іске қосылғаннан кейін жылына 5 мың тонна вольфрам оксиді өндіріледі. 2029 жылдан бастап бұл көлем 10 мың тоннаға, ал 2030 жылы 15 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Қуаттың біртіндеп артуы шикізатқа деген сұраныстың өсуіне және сыртқы жеткізушілерді тарту қажеттілігіне әкеледі. Қазір комбинат бұрынғы кен орындарының қалдықтарымен жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, Сарыкөл атты жаңа кен орнын игеру қолға алынған. Онда шамамен 70% шеелит (кальций вольфраматы CaWO4), ал 30% вольфрамит (темір және марганец вольфраматы) бар.
Қазір кен орны бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр, бұл жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады. Кейін оған ашық, содан соң жерасты тәсілімен инвестиция салынады. Өзбекстанның басқа вольфрам кен орындарында жеке компаниялар жұмыс істейді, деп атап өтті Алемдар.
Вольфрамнан бөлек, ТМК Алмалық тау-кен металлургия комбинатының қалдықтарынан молибден өндіреді. Бұл қалдықтарда цинк, мыс және алтын өндіру кезінде қалған полиметалл рудалары бар. Сондай-ақ, ТМК мыс рудаларынан жанама өнім ретінде рений алады. Бұдан бөлек, комбинат теллур мен осмий өндіруді де дамытып жатыр.
Сонымен қатар, Алемдардың сөзінше, ТМК жылына 500 мың тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Ол жергілікті "Өзбекмұнайгаз" компаниясы өндіретін күкіртті, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттары мен импорт көздерінен алынатын шикізатты пайдаланатын болады. Күкірт қышқылы химия өнеркәсібінде, тыңайтқыш өндірісінде және уран өндірудің жерасты ұңғымалық шаймалау әдісінде кеңінен қолданылады.
Соңғы жылдары Қазақстанда күкірт қышқылының бағасы күрт қымбаттады. Бұған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының өндіріс көлемін ұлғайтуы себеп болды. Тапшылық салдарынан күкірт қышқылы Ресейден жоғары бағамен әкелінеді, ал Өзбекстаннан экспорт бірнеше жыл бұрын тоқтаған болатын. Өзбекстандағы жаңа зауыттың салынуы аймақтағы осы реагенттің ұсынысын толықтыруы әбден мүмкін.