Өзбекстан мен Ауғанстан ортақ іс үшін бірігетін болды

316

Өзбек ағайынның ауған аумағына ықпалы күн сайын күшеюде.

Өзбекстан мен Ауғанстан ортақ іс үшін бірігетін болды Фото: canva

Ресей мен Балтық жағалауы елдеріне жүк тасымалын дамыту үшін Өзбекстан мен Ауғанстан бірігетін болды. Бұл туралы Podrobno.uz жаңалықтар агенттігі хабарлады.

Осы мақсатта Ауғанстан Ислам Әмірлігінің астанасы Қабыл қаласында Sogdiana Trans аталатын бірлескен өзбек-ауған көлік кәсіпорны құрылды.

Бұл халықаралық көлік корпорациясына Ауғанстан үлкен құзыр-өкілеттіктер беріп отыр. Мысалы, ол түрлі көлікпен жүк тасымалдарын жүзеге асырумен ғана шектелмей, сондай-ақ "Хайратон – Мазари-Шариф – Ноибабад" теміржол желісін басқарады және ауғандық шойын жолдарға техникалық қызмет көрсетеді.

Dunyo.info ақпарат агенттігінің мәліметінше, жаңа халықаралық алпауыттың құрылтайшылары "Узбекистон темир йуллари" және ауғанстандық Khan Daqiq Trading болып табылады.

Бірлескен кәсіпорынның ашылу салтанатында Khan Daqiq Trading басшысы Хамид Хан бұл компания жыл сайын "Кабул – Мазари-Шариф – Кабул" бағытында жүк автокөліктерімен жыл сайын 150 мың тонна өнім жеткізуге мүмкіндігі барын мәлімдеді. Яғни, оның үлкен фуралардан тұратын төл автопаркі болады.

Бұдан бөлек, ауғандық жүктер теміржол арқылы алдымен Өзбекстанға, одан әрі Қазақстанға, Ресейге, Беларуське және Балтық елдері мен Еуропаға жолданатын болады. Сондай-ақ, компания кері бағытта тауарлар импорттаумен де айналысады.

Өзбекстанның Ауғанстандағы елшісі Ойбек Усмановтың байламынша, жаңа бірлескен кәсіпорын екі ел арасындағы бірден бірнеше бағыттағы ықпалдастықты – көлік, тасымал мен логистика, сауда, өнеркәсіп және басқа салалардағы ынтымақтастықтың өрісін күрт кеңейтуге көмектеседі.

Қос көршіні біріктіретін ірі жобалар мұнымен шектелмейді. Ауғанстан еліне "жұмсақ күшін" күн нұрындай таратқан Ташкент төл инвесторларын жұмылдырып, ауған елінің кен орындарын иеленуде. Мысалға, өзбекстандық компания таяуда Ауғанстан Ислам Әмірлігіндегі ірі газ кенорнын барлап, игеруге 100 миллион доллар салды.

Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан, Тути-Майдан аталатын газ кен орнындағы бұл жұмыстар 10 жылға созылады деп жоспарланған. Әлгі 100 миллион соның бірінші кезеңінің шығыны саналады.

Тәліптер өзбектің Eriell KAM компаниясымен 2024 жылғы қазанда контракт бекітіп, бұрғылау жұмыстарын бастауға рұқсат берді. Көгілдір отынның бірнеше кен орындарынан құралған Тути-Майдан кешенінің жалпы ауданы шамамен 7 мың шаршы шақырымға созылып жатыр. Оны игеруге арналған жоба да кешенді және тек шикізат өндірумен шектелмейді: бастапқы 2 жылдың өзінде шығарылатын газдан 100 мегаватт электр қуатын өндіруді қарастырады.

Ауғанстан Ислам Әмірлігінің экономикалық мәселелер жөніндегі бас министрінің орынбасары Абдул Ғани Барадар бұл жобаның елге бірнеше қырынан тиімді екенін мәлімдеді. Біріншіден, Батыс елдерінен оралып жатқан бұрынғы босқындар, білікті кадрлар үшін жаңа жұмыс орындарын құрады. Екіншіден, елдің газға деген ішкі сұранысын өтейді.

"Үшіншіден, көгілдір отын және электр энергиясы бойынша импортқа тәуелділікті азайтады. Төртіншіден, газ экспортын жолға қоюға мүмкіндік береді. Осының бәрі Ауғанстанның қауіпсіз бола түскенін және шетелдік, отандық инвесторлар үшін ашықтығын айғақтайды", – деді Барадар өз кеңсесі жариялаған мәлімдемесінде.

Өзбекстандық энергетика сарапшыларының тұжырымдауынша, газдың қоры 37 миллиондай тұрғыны бар Ауғанстанның ішкі мұқтаждығының бір бөлігін қанағаттандыруға жетеді. Алайда ол газды халықаралық нарыққа өткізу табысты-рентабельді болуы үшін аса қомақты инвестиция салып, ауқымды инфрақұрылым құру, соның ішінде газ құбырларын тарту және электр станцияларын салу талап етіледі.

"2021 жылы ел билігін басып алғалы бері, тәліптер беделін арттыру үшін ірі масштабты жобаларды жүзеге асыруға күш салуда. Сонымен қатар бұл жобалар санкциялар және үлкен көлемдегі халықаралық көмекті доғару кесірінен туындаған елдегі ауыр экономикалық күйзеліске қарсы тұруға жәрдемдесер еді. Осы орайда ауғанның жаңа билігі қытайлармен, ирандықтармен, сондай-ақ мұнай, газ және пайдалы қазбаларды игеретін шетелдік компаниялармен ұқсас контрактілер бекітті", – деп мәлім етті ауған еліне хабар тарататын Amu.tv телеарнасының тілшісі Ахмад Азизи.

Әйтсе де, ол келісімшарттардың басым көпшілігі қағаз жүзінде немесе "ерте сатысында" қалыпты. Бұл жерде сұрапыл құлшыныс танытып жатқаны – өзбек ағайындар. Өзбекстан бүгінде Ауғанстанның энергетикалық инфрақұрылымын модернизациялауға белсене қатысуда.

Мәселен, 2025 жылғы 9 қыркүйекте, Қабул қаласында қол қойылған бір келісімге сәйкес, өзбектер Ауғанстанда 2027 жылдың бірінші тоқсанына дейін қалалар мен елді мекендердің арасын қосатын электр беру желілерін және 220-500 киловольт кернеуіндегі подстанцияларды тұрғызатын болады. Тарифтен түскен табыс Өзбекстан тарапына кетеді, ол салған инвестициясын соның есебінен де қайтарады.

Бұдан бөлек, Ташкент Ауғанстанмен ынтымақтастығын одан әрі кеңейтетінін жариялады. Нақтылағанда, Өзбекстан бүкіл ауған елі бойынша электр тарату желілерін жаңартуға, электр қуатын есепке алудың ЖИ-ге негізделген интеллектуалды жүйесін ендіруге, жемқорлық пен қылмыс жайлаған бұл саладағы жұмыстың тиімділігі мен мөлдірлігін арттыруға ниетті. Сонымен қатар, техникалық сапалы сараптаманы жолға қою арқылы энергияны жеткізудің сенімділігін қамтамасыз етуге үлес қосуды жоспарлады.

Айта кету керек, Өзбекстанның Ауғанстанға "экспансиясы" мен ықпалы тоқтаусыз артуда. Биылғы тамыз айында қос көрші тек электр энергетикасы саласында жалпы сомасы 243 миллион доллар тұратын 4 жаңа келісім жасасты.

Оның аясында өзбектер ауған мемлекетінде қуаттылығы 1 мың мегаватт болатын "Сурхон–Дашт–Алвон" электр беру желісін кеңейтеді. "Арганда" подстанциясын жетілдіріп, оны 800 мега-вольт-амперге дейін жеткізеді. Нангархар провинциясында "Шайх Месри" жаңа подстанциясын салып береді. 220 киловольттық "Кабул–Нангархар" желісін кеңейтеді.

Бүгінде Ауғанстан әлемдегі электр импортына ең тәуелді елдердің бірі саналады. Бұл мемлекет өзі тұтынатын электр қуатының шамамен 80%-ын сырттан тасымалдауға мәжбүр. Басты жеткізушісі – Өзбекстан болып қалуда. Бұған қоса, Тәжікстан, Түрікменстан мен Иран электр энергиясын сатады.

Алайда өңірлік желідегі тоқ тапшылығы, оны жеткізудегі үзілістер, қарызға қатысты дау-жанжалдар, ескірген, тозығы жеткен инфрақұрылым халық пен бизнесті тұрақты энергиямен қамтуға кедергі және кәсіпорындардың дамуына, кеңеюіне мүмкіндік бермей. тоқыратып келеді.

Егер Ташкент қаптаған түрлі контрактілер аясында алған міндеттемелерін лайықты орындай алса, жобаларды аяғына жеткізсе, онда Ауғанстанның бұл саладағы тәуелсіздігін нығайтқан стратегиялық серіктеске айналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу