Өзбекстандағы апатқа "жалған ақпараттар және ұятты жоғалту" себеп болды

1957

Орталық Азиядағы энергетикалық күйзеліс аймақтың Ресейге бодан болып қалуына әкелмей ме?

Өзбекстандағы апатқа "жалған ақпараттар және ұятты жоғалту" себеп болды Фото: fergana.ru

Оңтүстік көрші елде жағдай қиындап тұр: өзбек ақпарат құралдары қақаған қыста тәшкенттіктердің көшеде от жағып, қыздырынуға мәжбүр екенін көрсетті. Ал Мемлекет басшысы астана әкімін және бірнеше ірі шенеунікті қызметінен қуды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Тәшкент хокимі (әкімі) Жаһонгир Артықходжаевтың не себепті қызметінен аласталып, отставкаға жіберілгенін түсіндірді. Өзбек лидерінің сөйлеген сөзінің видеосын Президенттің баспасөз қызметі таратты.

"Елімізде неге мұндай ахуал туындады? Неге біз қыс маусымына алдын ала дайындала алмадық? Үкіметтегі шенеуніктер қайда қараған, менің осыған таңым бар. Біз дайындық мәселесін талай пысықтадық емес пе. Міне, сол себепті мен Артықходжаевты хоким лауазымынан босаттым. Ол қысқы кезеңге лайықты деңгейде әзірленбеген", – деген Ш.Мирзиёев астана әкімінің кеңес қарсаңында, түнде жұмыстан қуылғанын хабарлады.

Бұған, оның айтуынша, "жалған ақпараттар, бос әңгімелер және ар-ұятты жоғалту" себеп болған.

"Мен оны төменге түсіп, қаладағы шын жағдайды нақты білмегені үшін жұмыстан шығарып тастадым. Бұл арсыздың аяғы қара жерден алыстап кетіпті", – деп сынады ел Президенті бас қаланың экс-әкімін.

Ол сондай-ақ жергілікті билік халық наразылығын туғызғанын жеткізді. Басқа түгіл, ел астанасында да көңілді жабырқатар жағдай қалыптасқанын дәлелдейтін бірнеше дерек келтірді: электр беру күндіз 3 миллион кВт/сағатқа дейін шектелгеніне қарамастан, шамамен 6 мың ірі тұтынушы газдан ағытылған, ал қаладағы 584 махаллялардың 120-сында электр де, газ да жоқ.

Тек бір күн ішінде Ташкентте жоғарғы кернеулі, аса қымбат 7 трансформаторда және 524 төменгі кернеулі трансформаторда апат болып, істен шыққан. Олар шектен тыс жүктемеге шыдамай, жанып кетті.

Қазіргі кезде инфрақұрылымы ресейлік әскерлердің бомбалауының астында қалған Украина трансформаторларын қарқынды жаңғыртып жатқандықтан, ТМД кеңістігінде қолданылатын трансформатор түрлеріне тапшылық туындаған. Өзбекстанға осынша көп көлемде бұл өнімді табу оңайға түспеуі мүмкін. Украинаға қолұшын созған Қазақстан және қазақстандық байлар іргедегі ағайын елге көмекке келсе, құба-құп.

Себебі, Юнусабад, Мирза Ұлықбек және Үштөбе (Учтепе) аудандарында күніне шамамен 100 апаттан тіркелген. Сондықтан қысқы маусымға дайындық барысында жіберген салмақты олқылықтары үшін осы аталған үш ауданның хокимдері орынтақтарынан ауып қалды.

Бұл ретте Ш.Мирзиёев елдің прокуратурасына және Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне Ташкент хокимінің және жұмысынан босатылған басқа шенеуіктердің қызметін тексеруге тапсырма берді. Себебі, өткен айда электр желілеріне заңсыз қосылудың 5 мың, ал газ желісіне рұқсатсыз қосылудың 4,5 мыңдай дерегі әшкереленді. Құзырлы органдарға заңсыз қосылып, ресурсты ұрлағандарды және соған жол берген шенеуніктерді анықтау жүктелді. Бұдан бөлек, мұнай, газ, энергетикалық салаларда коррупцияның 192 фактісі ашылған. 

Өзбек ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, пәтерлерде жылыту жүйелері қатып қалғандықтан, тәшкенттіктер амалсыз, жаппай жылыту құрылғыларын қосқан. Салдарынан электр желілеріне салмақ күрт артты. Бұл ондаған трансформаторларда жарылыс болып, өрт шығуына соқтырды. Ташкент хокимияты "электр желілеріне түскен ауыртпалықты жеңілдету, пәтерлердегі қызуды көтеріп, жылу жүйесін жақсарту үшін" ыстық су беру қысымын құлдыратуға уақытша шешім қабылдады. Бұдан үнемделген табиғи газ жылумен жабдықтау жүйесіне бағытталған.

Жалпы, Өзбекстан былтырдан көгілдір отыннан тарыға бастады. Елде биыл үскірік аяздың үстемдік етуі жылу станцияларына табиғи газ беру қысымының төмендеуіне соқтырды. Соның кесірінен жылу трассаларындағы қысым азайды, ыстық судың температурасы кеміп, құбырлар қатып қалған. Әкімдік қалалықтардан үйлерін жылыту үшін қуатты тұтынуды қысқартуды және мүмкіндігінше, тек басты бөлмені ғана жылытып, жарықтандыруға шақырды.  

Әлеуметтік желіде пікір білдірген тәшкенттіктер проблеманың бір ұштығын ел астанасында жаңа аудандардың шектен тыс, ретсіз бой көтеруінен, коммуналдық қызметтердің абоненттері санының күрт өсуінен, инфрақұрылымның қарқынды жаңғыртылмағанынан іздеу керектігін айтады.

"Бұлай бара берсе, бірер жылдан соң тұрақты түрде буржуйкалар орнатып, пәтерлерді көмірмен жағуға, тамақты пеште дайындауға, шырағданмен жарықтандыруға тура келеді", – дейді олар.

Жалпы, мұндай қауіп Қазақстанның елордасына да төніп тұрғаны жасырын емес. Астанада қолданыстағы жылу электр орталықтарының шектен тыс жүктелуіне байланысты былтырдан бастап, жаңадан іске қосылған объектілер мен тұрғын үй кешендерін орталықтандырылған жылу көзіне қосу тоқтатылды. Әкімдік жаңа үйлерге автономды қазандық орнатуға кеңес берген көрінеді. Көрші елде де осындай жағдай.

"Қазіргі жағдайдан сабақ алып, инфрақұрылымды модернизациялау қажет. Әйтпесе, проблема тек ушыға береді. Үшінші тәулік жылу жоқ. 2 тәулік бұрын жарық сөнді. Газ 3 сағатқа беріледі, тамақ істеп үлгереміз. Енді ыстық судан қағылудамыз. Бұл тек астанада ғана емес, барлық жерде солай. Жаңа Өзбекстандағы жағдайды осыған жеткізген Үкіметті отставкаға жіберу керек. Айыптыларын сотқа сүйреп, түрмеге тоғыту керек. Тегін палау таратқан болды. Құрғақ кешіріммен де, аспен де айыбын жуып-шая алмайды. Шенеуніктедің қайсысы елдің қамын ойлап отыр? Қабылдауына мүгедектер де, қариялар да, басқалары да кіре алмайды", – деді Ташкент тұрғыны Сәруар Нуритдинов.  

Яғни, бейбіт күндегі блэкаут шенеуніктердің қырсыз істеріне деген тұрғындардың көңіл түкпірінде тұнып жатқан қарсылыққа қозғау салғанға ұқсайды. Кейбір ташкенттіктер қаланың көнерген инженерлік, коммуникациялық желілері көтере алмайтынына қарамастан, шаһарда қаптатып салынған барлық бизнес орталықтарды, ІТ-парктерді, технопарктерді, ойын сауық орталықтарын, қонақүйлерді тегіс электр және жылу желілерінен толық ажыратып тастауды талап етіп жатыр. Сонда тұрғын үйлерді жылытып, жарықтандыруға коммуналдық қызметтердің қауқары жетеді. Бірақ бұл бизнестің күйзелуіне апаруы мүмкін. Онда ел экономикасына залал келеді, одан мемлекеттің жағдайы нашарлауы мүмкін.

Сонымен бірге өзбекстандық қоғамдық белсенді Александр Романенко: "билік халықтың қамын ойлауы үшін аймақ әкімдерін халық сайлауы керек" деген мәселе көтерді. Мұны талап еткен үндер Өзбекстанда соңғы жылдары көбейе бастаған. Қазақстанда да облыс әкімдерін халық тікелей сайлауы қажет деген байламдар айтылып жүр.

Gazeta.uz мәліметінше, Өзбекстанды биылғы 10 қаңтардан бері аномальды аяз қысып тұр.

"Желтоқсандағы энергетикалық дағдарыстың соңы елді электрмен жабдықтаудағы кезекті, кең ауқымды ақауларға соқтырды. Егер бұрын электр қуаты мен газды берудің доғарылуы негізінен өңірлерде орын алып келсе, соңғы жылдары бұл проблема астана үшін әдеттегі шаруаға айналып барады. Түнде сырттағы ауа температура -20 градусқа дейін төмендеді. Газ қысымының төмендеуі, электр желілеріне жүктеменің күрт артуы апаттарға себепкер болды", – деп хабарлады Gazeta.uz.

Ташкенттіктер жылыну үшін жұртшылықты метроға, вокзалға, тіпті әуежайға жіберіп жатқанын жазуда. Үйлерінде жаураған халық отбасыларымен бірге Mega Planet сияқты сауда кешендеріне барып, жылынатын көрінеді. Тұрғындар журналистерге түнде қалың киініп, баклажкаларға ыстық су толтырып, бірнеше көрпенің астындағы жылу температурасын жоғарылатуға тырысатындарын әңгімеледі. Тәшкенттіктер 90-шы жылдардағы амал-шарғыға оралған. Газдың әлсіз берілетіні сонша, ол тек сорпа пісіруге ғана жараған көрінеді. Кейбір аулаларда қала тұрғындарының бөшкелерде алаулар жағып, жылынып жатқаны бейнеленген видеолар да әлеуметтік желіні шарлап жүр.

Сарапшылар Өзбекстанның өз газы өзіне жетпейтініне назар аудартады. Ал Өзбекстандағы барлық жылу-электр орталықтары тек газбен істейді. Пеш жағатын ауылдықтар жергілікті көмірді "нашар жанады" деп, амалсыз Қазақстаннан тасылған көмірді қымбатқа сатып алады.

Бұл энергетикалық дағдарыстан елді көрші Түрікменстан құтқаруға тиіс болатын: Тәшкент пен Ашхабад арасында былтырғы желтоқсан айында 20 миллион текше метр газ жеткізуге келісімшарт бекітілген болатын. Алайда қатты аязға бола, газ өндірісі қиындады дегенді алға тартып, Түрікменстан Өзбекстанға газ экспортын жеткізуді уақытша тоқтатты. Бұл ретте Ашхабадтың тұрғындары да электр қуатымен және сумен жабдықтауда іркілістер пайда болғанына шағымдануда. Бұдан Ауғанстан да зардап шекті: оның солтүстік аудандарына электр энергиясы Өзбекстаннан жеткізілетін.

Ресейлік саяси шолушы Виктория Панфилова бұл жағдай Орталық Азия елдерін Ресейге тәуелді етуі мүмкін деп санайды: аймақта мол газ ресурсы Қазақстанда да жоқ, тек қана Ресейде бар.

"Әрине, Қазақстан қоры орасан зор өз көмірін жағып, қуат өндіре алады, сондықтан Өзбекстан энергетикалық секторды бірігіп дамыту туралы Қазақстанмен келісім бекітті. Бірақ Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне бола, жасыл энергетикаға ауысып, көмірден бас тартуда. Сондықтан Тәшкент Мәскеумен келісуге мәжбүр болады. Былтырғы қарашада Ресей Өзбекстан мен Қазақстанға үш мемлекеттің газ одағын құруды ұсынды. Астана әзірге ойласатынын айтты, ал Ташкент бірден бас тартты. Ресей тарапы табиғи газды Қазақстан арқылы реверстік режимде,  "Орталық Азия–Орталық" құбыры арқылы жеткізуге кірісуге дайын. Алайда Астана да, Ташкент те Мәскеудің тиімсіз ұсынысына көнгісі келмейді. Ресей негізгі шарт ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның газ тасымалдау жүйелерін "Газпромға" бер деп табандады. Ресей сонымен бірге осы елдер арқылы Қытайға газ экспорттау құқығын толық өзіне табыстауды ұсынды", – деді В.Панфилова.

Былтыр еліміздің бірнеше қаласында болған энергетикалық апаттар Қазақстанның бұл жүйесінің жағдайы сын көтермейтінін көрсетті. Мұның соңы неге соқтыратыны әзірге белгісіз. Негізі, тәуелсіз ел болған соң азаттықты барлық салада қамтамасыз еткен жөн. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу