Өзбекстанның жері де, халқы да бірден 1 миллионға "өсіп шыға келді"

1576

Бір қызығы, іргедегі Өзбекстанда ұзақ уақыт бойы жүздеген мың адам мемлекетке белгісіз, тасада өмір сүріп келіпті. 

Өзбекстанның жері де, халқы да бірден 1 миллионға "өсіп шыға келді" Фото: canva

Халық санағы елдегі тұрғындардың қарасы шенеуніктер ойлағаннан 810 мың адамға көп екенін көрсетті. Оның үстіне, бұл айырмашылық әртүрлі өңірлерден табылды.

Жерге қатысты қорытынды да елді елең еткізді. Осы уақытқа дейін ресми есептерде мүлде көрсетілмеген шамамен 1 миллион (985,5 мың) гектар алқап анықталды. Осылайша, қазіргі кезде Өзбекстанда егіншілік пен бақша шаруашылығының көрігі қызып жатқан егіс жерлердің нақты аумағы 4,8 миллион гектарға жетті.

Кеше Президент Шавкат Мирзиёевке ұсынылған кең ауқымды халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағының алдын ала қорытындыларына сәйкес, Өзбекстан халқының саны 39 миллион 47 мың адамнан асып түсті.

Салыстырсақ, КСРО Мемлекеттік статистика архивінің мәліметтеріне сәйкес, 1989 жылғы Бүкілодақтық санақ қорытындысы бойынша Өзбек КСР-інде бар болғаны 19 810 077 адам өмір сүрген. Онжылдықтар өте келе өзбекстандықтардың саны шамамен екі есеге өсті. Сондай-ақ, соңғы 8 жылда ел экономикасы екі есеге ұлғайды. Осының бәрі мемлекеттен жинақталған деректерді түбегейлі жаңартуды талап етті.

Ағымдағы деректер базасымен салыстыру айтарлықтай өңірлік алшақтықтардың бетін ашты. Мысалы, Ташкент өңірінің халқы бұрынғы бағалаудан 1,6 есе жоғары болып шықты: 214 мыңның орнына шамамен 340 мың адамды құрады.

Сонымен қатар, Жизақ облысында тұрғындардың нақты саны ресми деректерден 2,7%-ға, Наманғанда – 1,3%-ға, Сұрхандарияда – 0,9%-ға, Қашқадарияда – 0,7%-ға аз болып шықты. Қалған барлық өңірлерде адамдардың есептегіден көп екені әшкереленді.

Ал, агроөнеркәсіп секторында бұрын есепке алынбай келген жерлердің үлкен бөлігі егістік алқаптарына тиесілі: 789,5 мың гектар. Сонымен қатар 75,3 мың гектарда бақ жайқалып тұр. 21,4 мың гектарда жүзімдік шаруашылығы өрістеген. 14,1 мың гектарда жылыжайлар тұр. Тағы 85 мың гектар балық өсіретін су айдындары екені анықталды.

Этностар симфониясы мен халық мозаикасы

Халық санағы Өзбекстанның этностық әралуандылығын да паш етті. Республика халқының 89,4%-ын өзбектер құрайды. Алайда санаққа қатысқандардың 91,3 пайызы өзбек тілін "ана тілім" деп атаған.

Өзге ірі этностардың құрылымы төмендегідей:

  • тәжіктерге – 3,3%,
  • қарақалпақтарға – 2,2%,
  • қазақтарға – 1,8%,
  • орыстарға – 1,6%,
  • қырғыздарға – 0,6%,
  • түрікмендерге – 0,5% тиесілі.

Жыныстық құрам бірдей дерлік бөлінген: ерлер 50,6 пайызды, ал әйелдер 49,4 пайызды құрайды.

Сарапшылар қазақ диаспорасына назар аудартты. Қазақтар Өзбекстанда өзбектерден, тәжіктерден (шамамен 1,28 миллион адам) және қарақалпақтардан (841,4 мың адам) кейінгі елдегі ең ірі төртінші ұлт атанды.

Өткен ғасыр соңында, 1989 жылғы санақ қорытындысында қазақтар Өзбек КСР-інде тек 10-орында болды. Дегенмен, ол кезде қандастарымыздың саны 808 227 адамды құраған. Ал, енді міне 707,3 мың адам болып отыр.

Өзбекстандық мамандардың түсіндіруінше, бұған бір жағынан, халықтың бір бөлігінің Қазақстанға көшіп кетуі, екінші жағынан, қазақтардың бір бөлігінің өздерін "өзбек" деп жаздыруы, яғни, ассимиляциялық үдерістер ықпал етсе керек.

Айтпақшы, Өзбекстан жаңа демографиялық белеске қарай қарқынды қадам басып келеді: алдағы 20 жылда оңтүстік көршімізде жыл сайын 1 миллион баладан дүниеге келіп отырады деп болжануда.

Мұндай деректерді "Отбасы және гендер" ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары келтіреді. Олардың жорамалдауынша, егер 2030 жылы Өзбекстанда 892,7 мың сәби дүниеге келсе, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,016 миллионды құрайтын болады.

Ал, 2050 жылға қарай демографиялық асқар асуды жыл сайын 1,234 млн жаңа туған бөбек бағындыруы мүмкін. Онда бұл 2025 жылы тіркелген көрсеткіштен 40,3 пайызға немесе 354,5 мың сәбиге көп болады.

"Бэби-бумның" басты драйверлері астаналық тұрғындар мен Ферғана алқабының жұрты тығыз қоныстанған облыстары болады деп күтілуде. Өсім бойынша абсолютті көшбасшылар қатарында 62 пайыздық көрсеткішпен Ташкент облысы және 61 пайызбен Ташкент қаласының өзі тұр. Олардан кейін Әндіжан (48,6%), Самарқан (43,3%) және Наманган (42,4%) облыстары келеді.

Мемлекет те бұл болашақты болжап біліп отыр. Әрине, осынша орасан зор халық ағыны ел алдынан бірегей, тарихи перспективалардың көкжиегін ашады. Сонымен бір мезгілде ғаламат көлемде инвестициялар құюды талап етеді.

Сондықтан Үкіметтің стратегиясы жаңа мектептерді, ауруханаларды және басқа да маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын үздіксіз тұрғызуды көздейді.

Бұл демографиялық дүмпудің қуаты әлден сезілуде. Күні кеше әлеуметтік желілерді талқылау толқыны басты: ел астанасына кіретін трассалар кезекті рет қуатты автокөлік тығынына кептеліп қалды.

Ғаламторда пікір білдірушілер мұны әзілдеп "Ташкентке халықтардың ұлы қоныс аударуы" деп атады. Бұған мерекелік демалыстардан кейін қала тұрғындары мен қонақтарының астанаға кері оралуы себеп болса керек. Куәгерлер: "көлік тығынының ұшантеңіз болғаны сонша, тіпті бір шеті Жизақ облысына дейін созылып кетті" деп сипаттап жатты.

Көлеңкелі экономикамен күрес және жаппай цифрландыру басталды

Қазіргі кезде Өзбекстанда бақыланбайтын экономиканың үлесі 23%-ды немесе 246 триллион сумды құрайды. Ал, ауыл шаруашылығында көлеңкелі сектор жалпы айналымның 60%-ына жетеді.

"Жұмыспен қамтылған 15,2 миллион адамның 6,5 миллионының немесе 42 пайызының табысы ресми есепте толық көлемде көрініс таппайды. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің көбі іс жүзінде жұмыс істемейді немесе қызметін тоқтатқан. Бұл адал жұмыс істейтін және салық міндеттемелерін толық көлемде орындайтын кәсіпорындар үшін адал емес бәсекелестік ортаны тудырады", – деді Президент.

Оның мәліметінше, экономикалық айналымның әрбір 4-5 сумының 1 сумы ресми статистиканың назарынан тыс қалуда. Бұл қызметті ретке келтіру бюджетке ондаған триллион сум көлемінде қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді. Бұл перспективада жалпы салық жүктемесін төмендетуге жол ашады, деді Мемлекет басшысы.

Реформаның қисынды жалғасы ретінде енді осы жылғы 15 қазан мен 30 қараша аралығында "Жалпыұлттық бизнес санағын" өткізу бастамасы мақұлданды.

Оның аясында елде жұмыс істейтін барлық экономикалық субъектілерге түгендеу жүргізіліп, олардың ахуалы, құрамы және экономика салалары бойынша бөлінісі нақтыланатын болады. Кәсіпорындар мен ұйымдардың статистикалық тізілім-реестрлері жаңартылады.

Осылайша, халық және ауыл шаруашылығы санағын лайықты мәресіне жеткізуі арқасында Өзбекстан мемлекеттердің әлемдік сирек рейтингінен табысты құтылды. Ол "қара тізімде" аса маңызды осы рәсімнің үш раундынан көбін өткізіп алған мемлекеттер бар. Бұл тізімде халық санағын соңғы рет алыстағы 1979 жылы өткізген Ауғанстан, 1932 жылғы мемлекеттік сауалнамамен шектелген Ливан және тұрғындарына қатысты ресми деректерін соңғы рет 1975 жылы жариялаған Сомали бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу