Пайдасы мол, құны да қымбат жылыжай

Қажет Андас Қажет Андас
4109

Қазақстан жылына шетелден 154 млн долларға қыр гүлін сатып алады. Оның басым бөлігі Нидерланд корольдігі компанияларының қалтасына түседі.

Пайдасы мол, құны да қымбат жылыжай

Нидерланд корольдігі шағын ел болғанымен ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімін өндіру жағынан тәжірибесі мол. Сол өнімдерін экспорттауда әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Олардағы экономикалық ашықтық кәсіпкерлік саласын дамытуға да серпін беруде. Сондықтан бұл елдің инвесторлары әлемнің әр түкпірінде өз мүмкіндігін жүзеге асырып келеді.

"Шындап келгенде, мемлекетіміздің аумағы сіздерден әлдеқайда кіші. Бірақ өндірістің өркендеуіне ерекше назар аударамыз. Әсіресе, жылыжай шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Осы мақсатта 10 мың гектар жер бөлініп, 5 мың гектарына көкөніс, қалғанына гүл өсірудеміз. Озық технологияның арқасында жыл сайын мол пайда тауып отырмыз", – дейді Нидерланд корольдігі елшілігінің ауылшаруашылық мәселелері бойынша кеңесшісі Меруес Брауэр.

Әлемдік экспорттың көшбасында тұрған ел Қазақстанның нөмір бірінші серіктесі. Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас 1993 жылы орнады. Содан бергі 24 жыл ішінде елімізге 70 млрд долларға жуық инвестиция құйып, осы саладағы алдыңғы орында келеді.

"Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Нидерландтың Қазақстанға саудалаған ауылшаруашылық және бағбандық өнімдерінің көлемі 100 млн еуродан асты. Бұның айтарлықтай бөлігі жылыжай шаруашылығының үлесіне тиесілі", – дейді Нидерланд корольдігі елшілігінің Алматы қаласындағы кеңес басшысы Вилко Роггенкамп.

Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі жыл сайын артып, бүгінде  5 млрд долларды құрап отыр. Мұнай-газ, геологиялық барлау, дәрі-дәрмек жасау, ауылшаруашылығы, тағы басқа да саладағы ынтымақтастықтың үзігі бекемделіп келеді. Әсіресе, жылыжай секторында ілгерілеушілік басым.

Қазірдің өзінде елімізде жылыжай шаруашылығымен айналысатын голландық 40-тан астам ауылшаруашылық кәсіпорын бар. Жетісу жеріндегі кездесуге Нидерландтың әлемге танымал "Bilancia", "Ctltic Koeling", "Dalcem", "Enza Zaden", "EuroFood congsulting", "Hoogendooren", "MacAgro", "Oldenhuic & Pirincen", "Philips" сияқты 14 компаниясының жетекшілері келді. Олардың мақсаты Жетісу өңірімен аграрлық секторда жан-жақтылы байланыс орнату.

Мақсаттары да салмақты. Бірі Жетісудың соқа тісі тимеген құйқалы жеріне жылыжай салмақшы, енді бірі көп өнім беретін сапалы тұқымын саудаламақшы,  үшіншісі, бақша өнімдерін өсіруге қолданылатын дәрі-дәрмек түрін ұсына келіпті. Тоңазытқыш орнатып, жарықтандыру, суландыру жүйесін жаңарту бағытындағы озық тәжірибесін таныстырып жүргені де бар. Жетісуға күнде келе бермейтінін білетін олар кездесу барысында өз мүмкіндіктерін барынша жарнамалап қалуда.

 "Van Der Hoven" компаниясының өкілімін. Қазақстан нарығына кіргенімізге алты жыл болды. Қазір төрт ірі жобаны жүзеге асыруды қолға алып, күні-түні соның соңында жүрміз. Қарадала өңірінен екі гектар жер алып, жер астынан шығып жатқан жылы суда көкөніс өсірудің тәжірибесін сынақтап өткізіп жатырмыз. Алдымен кияр өсіріп көрмекпіз. Жобамыз сәтті аяқталса адамдар көп өтпей жылы суда өсірілген көкөністерді тұтына бастайды", – дейді "Van Der Hoven" компаниясының менеджері Воб Хунсше.

Алайда, жылы суда өскен көкөністердің жетісулықтардың таңдайын жібіте қоймайтыны белгілі. Өйткені, өнімнің қайда сатылатыны туралы танымал компанияның өкілі тіс жармады.

Өнімі өзіміздің базарларда сатылмаса да, елімізде 1061 гектар жерде голландық жылыжайлар жүйесі жұмыс жасауда. Оның дені Алматы облысының еншісінде. Оның да өзіндік себебі бар.

"Еліміз бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің 17%-і Жетісу өңіріне тиесілі. Өйткені, өңірде ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылатын 8 млн га жер бар. Ол жерлерде жылыжай шаруашылығы да жақсы өркендеп келеді" – дейді  облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров  

Міне, осындай өнімі өзіміздің тұтынушыларға ұсынылатын жылыжайлар аумағы бүгінде 80 гектарға жеткен. Негізінен онда қияр, қызанақ, аскөк өсіріледі.  Басым бөлігі түрік, корей, қытай технологиясымен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы да 37 гектар жылыжай қосылмақ. Таяу жылдары облыс басшылығы жылыжай аумағын 100 гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Голландықтардың көздегені де осы. Олар жетісулықтардың дәл осы мақсатын ары қарай жетілдіруге көмектеспек. Тіпті, мұхит асып келген қонақтар көкөніс пен гүл өсірудің қыр-сырын жергілікті тұрғындарға үйретуге ниетті. Ол үшін жерлестеріміз міндетті түрде голландық жылыжайларды сатып алуы керек.

Бірақ, бір гектар голландық дайын жылыжайды орнатуға 1 млн еуро қаржы жұмсалады. Оны жерлестеріміздің қалтасы көтермейді.

Осыған қарағанда бүгінгі табысын ертеңге жалғап жүрген дихандар төбесіне бөрене тізіп, сыртын целлофанмен ораған қарапайым жылыжайлардан нәпақа айыра тұратын сияқты.

Қажет Андас

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться