Пәкістан миллиондаған ауған босқындарын елден күштеп қууға кірісті

2395

Шекаралық өткізу бекеттері қалың нөпір халыққа толды. Ол адамдарды өз елінде түрмеге отырғызу, тіпті атып, асу күтіп тұруы мүмкін. Келесі кезекте қазақстандықтар депортациялана ма? 

Пәкістан миллиондаған ауған босқындарын елден күштеп қууға кірісті Фото: ©REUTERS

Пәкістан Үкіметі соғыс өртіне оранған Ауғанстаннан өткен ғасырдан бері бас сауғалап қашқан адамдарды мәжбүрлі түрде елден аластауға білек сыбана кірісті. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Шекаралық өтпелер кері ауған ауғандардың шетсіз-шексіз легін еңсере алмай, шамадан тыс толып қалды.

Олардың көбі негізінен, Пәкістан және Ауғанстан Ислам Әмірлігі (Ауғанстанның 2021 жылдан бергі жаңа ресми атауы) арасындағы басты солтүстік-батыс шекаралық өтпесінен өтуге тырысуда. Барлық өтпелер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.

Пәкістан Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегі бойынша Үкіметтің өкімі шыққалы Хайбер-Пахтунхва, Белуджистан сияқты провинциялар арқылы кем дегенде 140 мыңнан астам ауғандық елді тастап шыққан. Олардың көбіне соңғы екі аптада орындарын түп көтерілуге тура келген. Салдарынан көптеген елді мекендер қаңырап бос қалыпты.

Белуджистан провинциясының көші-қонға жауапты министрі Ян Ачакзайдың айтуынша, тағы 35 мыңнан аса ауғандық басқа маршруттармен, мысалы, Чаман өтпесі арқылы шығып кетті. 

Депортация мен ерікті қоныстандыру қатар жалғасуда: Reuters шекаралық өтпелерге бастайтын негізгі жолдар, тіпті дала жолдары адамдар мен олардың мүлкін, жүгін тасыған көліктерге лық толып, тығындалып тұрғанын жазды. Кептелістер көптеген шақырымға созылып жатыр.

Жергілікті ақпарат құралдары Торхам бақылау-өткізу пунктіне жете алмай, сол бағытта дағдарып тұрған автобустардың ұзынсонар кезегін көрсетті. Мыңдаған адамға ашық аспан астында түнеуге тура келуде.

Кері босығандардың біразы өмірінде ешқашан Ауғанстанда болмағанын әңгімеледі.

"Біз онда барғанда не істейміз, немен күнелтеміз? Білмейміз. Өмірді қайтадан бастаудан басқа амал қалмайды. Біз ешқашан Ауғанстанда болған емеспіз. Ауғанстан жұртының болмыс, менталитетімен жете таныс емеспіз. Олар үшін біз келімсек, бөтен боламыз. Ол жақта тұратын баспанамыз да жоқ", – деді Рейтерге сұхбатында жолдастары атынан 25 жасар Хайбер тұрғыны Ризван Хан.

Оның атасы өткен ғасырда Ауғанстаннан қоныс аударыпты. Содан бері Пәкістанда екі ұрпағы өсіп, жетілген. Оларды енді Пәкістан өзіне жат деп танып отыр.

Бір ай бұрын Пәкістан билігі барлық ауғандық заңсыз мигранттарды 2023 жылғы 1 қарашаға дейін елді тастап шығуға міндеттеді. Пәкістан шенеуніктерінің мәлімдеуінше, елде 4 миллионнан астам ауғанстандық мигрант пен босқын тұрып жатыр. 

Олардың 1,7 миллионының ешқандай құжаты жоқ. Бір бөлігі қырғыннан басын аман алып қалу үшін қашқанда құжаттарын жоғалтып алған, енді бір бөлігі – Пәкістан жерінде дүниеге келгенімен, ресми құжаттандырылмаған жас ұрпақ.

Ауғандар 1970 жылдардың соңынан бастап, Отанындағы онжылдықтарға созылған қанды қырғыннан бас сауғалап қашты. 2021 жылы мемлекетті "Талибан" қозғалысы басып алғанда, Кеңес одағына, кейін Батыс елдерінің коалициясына қызмет еткен, олармен ынтымақтасқан тұрғындар тәліптердің кек алуынан қорқып, отбасыларымен Пәкістанды паналады. Осылайша, миграцияның ауқымды жаңа толқыны туындады. Сонда тәліптердің қудалауынан қорқып, шамамен 600 мың ауған көрші елді паналаған.

Сарапшылардың байламынша, Пәкістан Үкіметі жариялаған ультиматумға сай, ауғандар елден өз еркімен кетпесе, тұтқынға алынып, мәжбүрлі түрде елден шығарылады. Мұндай жағдайда енді қайтіп көрші мемлекетке кіра алмай қалары даусыз. Сондықтан көпшілігі өз бетінше тезірек Ауғанстанға өтіп алуға тырысуда.

Мұсылман жамағаты қиналған заманда мұндай қиянатты қадамға Исламабад не үшін барып отыр? Пәкістан билігі мұны елде қылмыстың артуымен негіздеді. Оның түсіндіруінше, Ауғанстан азаматтарының билік өкілдеріне және армияға шабуылға қатысты болғаны әшкереленді. Исламабад сондай-ақ оларды контрабанданы, өзге де қылмыстарды жүзеге асырды, содырларға көмектесті деп айыптап отыр.

Пәкістан билігі көптеген нелегалдар жергілікті қылмыстық топтарды толтырып, солардың содырларына айналып кетті деген ұстанымда. Бұған қоса, ауғандар өз атамекеніндегі радикалды қозғалыстармен байланыста деп есептейді. Исламабад кейінгі кездері елдің түрлі аудандарында содырлардың армияға шабуылы елеулі артқанын атап өтті.

Кабул өз азаматтарына қатысты бұл ауыр айыптарды жоққа шығарды. Тәліптер әкімшілігі өзге елдерге үндеу жолдап, олардан ауған босқындарын өзінде қабылдауды, сонымен қатар Ауғанстан азаматтарын атажұртына репатриациялауға көбірек уақыт беруге Пәкістан билігін көндіруді сұрады. Тәліптер кезінде елді саяси көзқарасы үшін тәрк еткендерге тиіспейтіндерін білдіріп, олар Ауғанстанға оралып, бейбіт өмір сүре алатынын мәлімдеді. Талибанның бұл уәдесін қаншалықты орындайтынын уақыт көрсетеді. 

Сарапшылардың пікірінше, ауғандарды жаппай депортациялау арқылы Пәкістан "Талибанға" (Қазақстанда тыйым салынған) тактикалық қысым жасауды көздеп отыр. Сол арқылы көрші елдің жаңа билігін қауіпсіздік саласында өзімен тығыз ынтымақтасуға иліктіруге ниетті.

Өз кезегінде БҰҰ, Батыс елдерінің елшіліктері, құқық қорғаушы ұйымдар Пәкістанды бұл ағат шарадан бас тартуға және босқындарды күштеп аластау жоспарын қайта қарауға шақырды. Алайда пәкістандық шенеуніктер бұдан бас тартып, өз шешімінде табандап отыр.

Оның орнына күш құрылымдары түрлі орындарда жаппай тінту, тексеру рейдтерін жүргізіп, құжаты жоқ мигранттарды ұстауға кірісті. Олардың көбі – ауғандар. Мысалы, Би-Би-Си хабарлауынша, ауғандық мигранттар шоғырлана тұратын бір ғана Карачи портты қаласында бір күнде жүзден аса адам, шекаралас Белуджистан провинциясының аса ірі шаһары Кветтада – тағы 425 адам тұтқындалып, темір торға тоғытылған.

Адамдарды изоляторларға қамау шаралары бұрын мәлімделгеннен бір күн бұрын басталып кетті. Дегенмен, Пәкістан елде заңды негізде тұрып жатқан ауғандарға тиіспейтінін аңғартты. Бірақ олар – азшылық.

Оның үстіне, ВВС-ге куәгерлер хабарлағандай, полиция тек заңсыз тұратындарды ғана емес, сонымен бірге Special Immigrant Visas арнайы визасын алып, Пәкістанда заңды босқынға айналып үлгергендерді де ұстап әкетуде екен.

Бірқатар пәкістандық саясаткерлер, құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері осы сәрсенбіде Пәкістанның Жоғарғы сотына петиция тапсырып, ауған халқының жаппай депортациясын тоқтатуды және адам құқықтарын қалтқысыз сақтауды талап етті. Өйткені бірлі-жарым қылмыскер үшін тұтас халықты айыптау – асылық.

Сондай-ақ БҰҰ да Исламабадты бұл қатыгез шешімін қайта қарауға үндеді. Жаһандық ұйым депортацияланған ауғандарды елінде тәліптердің қуғын-сүргіні, жәбірлеу және зорлық-зомбылық күтіп тұруы мүмкін деп қауіптенеді.

Хаос болса, жалғасты, шекаралық өтпелер түнде де жұмыс істеуге мәжбүр. Сонда да оның біреуі күніне 24 мыңдай адамды ғана өткізе алады. Егер Пәкістан билігі райынан қайтпаса, өзінен кем дегенде 1,7 миллион ауғанды қараша айында аластап үлгеруге күш салмақ.

Пәкістан билігі бұл қатаң қадамды пәкістандықтардың басым бөлігі қолдайтынын алға тартты. Бірақ мұны растайтын қандай да бір сауалнаманың жүргізілгені белгісіз. Соған қарамастан, тәуелсіз эксперттер де бұл мәселеде қоғамдық қолдау бар деген ойда.

"Өгізге туған күн бұзауға да туады" деген астарлы мәтел орынды. Пәкістан тек ауғандармен шектелмейтінге ұқсайды. Елдегі барлық заңсыз мигранттар мен босқындардан арылғысы келеді. Пәкістанда ауған қауымынан кейін Иран және Орталық Азия елдерінің тумалары да көп тұрып жатқан көрінеді. Әртүрлі жергілікті қоғамдық топтар діні бір болғанымен, тілі, ділі, болмысы жат ол келімсектердің Пәкістанда қылмысты өршітіп қана қоймай, сондай-ақ елдің экономикасы мен әлеуметтік, көлік және басқа инфрақұрылымына шамадан тыс ауыртпалық түсіретініне назар аудартып, сынап жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу