Пандемия бағаны көтеруге мұрша бермей отыр

5154

ОПЕК+  өндірісті қысқартқанымен, АҚШ, Үндістан мен Қытайда мұнайға сұраныс атпай отыр.   

Пандемия бағаны көтеруге мұрша бермей отыр

Осы аптада ОПЕК елдері Бағдадта бас қосып, әлемнің мұнай нарығында үстем күшке айналған картельдің 60 жылдығын мерекелеуі керек еді.

Бұның орнына Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен оның одақтастары (ОПЕК+) онлайн режимінде конференция өткізіп, коронавирус ОПЕК+ альянсының энергетикалық нарықты сақтау әрекеттеріне кедергі жасады ма деген мәселені талқыға салмақ.

Биыл көктемде көмірсутегінің бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құлдырап, оны қайта көтеру үшін ОПЕК+ өндірісті миллиондаған баррельге қысқартуға мәжбүр болды. Пандемия қайта өршіп жатқандықтан, шикізат нарығының қалпына келу қарқыны баяулап, сұраныс тағы да төмендеп барады. Сондықтан өткен аптада мұнайдың бір бөшкесінің құны маусым айынан бері алғаш рет 40 доллардан түсіп кетті.

Бейсенбі күні осы альянстың жетекші мүшелері – Сауд Арабиясы мен Ресей өндірісті айтарлықтай азайту нарықта жиналып қалған артық мұнай проблемасын шешіп жатыр ма деген мәселеге баға беретін жиынға төрағалық етеді. Айта кетсек, тамыздан бері бұл екі мемлекет өндірісті қысқарту жайындағы келісімді толық орындамауға көшті.

"Таяуда мұнайға сұраныс артып, нарық қалпына келеді деген маңызды болжамдар айтылды. Бірақ олай болмай шықты. Егер ОПЕК, Сауд Арабиясы болсам, мен де бұндай жағдайға алаңдар едім", – дейді Medley Global Advisors LLC зерттеу компаниясының сарапшысы Мохаммад Дарваза "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында.

Пандемияның қайта күшеюі ОПЕК-тің Нигерия, Венесуэла тәрізді кедей елдерінен бастап, Парсы шығанағындағы бай монархияларын қаржылық проблемаларға әкеліп отыр. Өйткені  олардың мемлекеттік бюджеті мұнай бағасының қымбаттығына тәуелді.

әр-Рияд пен Мәскеу әлемдік экономикалық белсенділік ұсыныстың төмендігімен ұштаса қарқын алып, карантин кезінде жиналып қалған артық мұнай дереу азаяды деп үміттенген еді. Алайда нарықтағы ахуал басқаша қалыптасты.

АҚШ-та мерекелік маусымда жаппай көлік жүргізу науқаны аяқталып, қоймалардағы отын қоры ортаймай, жоғары деңгейде қалып отыр. Ал, әлемнің үшінші ірі тұтынушысы - Үндістанда жанармай сату деңгейі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 %-ға төмендеп кеткен. Тіпті Қытай мұнай өңдеу зауыттары тарапынан да шикізатқа сұраныс азайған.  

Сауда үйлері болса, сатылмай қалған артық мұнайды сақтау үшін ұзақмерзімдік контракт бойынша танкерлер жалдап жатыр.

АҚШ әкімшілігінің ресми өкілдерінің сөзінше, азаматтық соғыс кесірінен мұнай өндірісі тоқтап қалған Ливия таяу арада экспортты қайта жандандыруы мүмкін. Былтырғы жылдың соңында бұл солтүстікафрикалық мемлекет тәулігіне 1,1 млн баррель мұнай шығарса,  қазір сол өндіріс тәулігіне 100 000 баррельден аспай отыр.

Дегенмен келесі тоқсанда ОПЕК-тің жағдайы біршама жеңілдейді деген үміт бар. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, алдағы тоқсанда қысқы отынға сұраныс өсіп, қалпына келіп жатқан әлем экономикасы авиациялық жанармайға мұқтаждықты арттыруы мүмкін.

Баға түсіп жатса да, Сауд Арабиясы өндірісті қысқартпақ емес

Дегенмен, Financial Times газетінің хабарлауынша, Сауд Арабиясы шикізат бағасы түсіп да мұнай өндірісін қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Себебі әр-Рияд бұндай қадамға барса, ОПЕК-тегі бәсекелестері ұсынысты көбейтеді деген қауіп бар.

Британдық басылымға берген сұхбатында Саудияның осы мәселеге көзқарасымен таныс бес адам мұнайдың қазіргі арзандауы король үкіметін үрейлендірмей отырғанын мәлімдеген. Олардың айтуынша, әр-Рияд мұнайдың арзандауын акциялар нарығындағы тұрақсыздықпен, доллардың күшеюімен байланыстырып отыр.

Айта кетсек, соңғы айларда ОПЕК-тің Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Нигерия тәрізді елдерінде өндіріс ОПЕК+ жасаған келісімдегі межеден асып кеткені байқалды. Алайда Саудия ашық қысым жасағаннан кейін, бұл мемлекеттер алдағы айларда көмірсутегін аздап шығаруға уәде беріп отыр.

Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің нарқы сәуірде 20 доллардан төмендеп кетсе, тамызда өндіріс қысқарып, әлемде карантиндік шектеулер жеңілдетілгендіктен, 46 долларға дейін қымбаттады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, АҚШ пен Үндістан тарапынан энергетикалық шикізатқа сұраныс әлсіз, ал Қытай көмірсутегін импорттауды әзірге арттырмай отыр. Бұл проблемаларға кейбір елдерде коронавирус жұқтыру оқиғаларының қайта көбеюі қосылып, мұнай нарығының қалпына келуі тағы да тұралады деген қауіп туындауда.

Жылдық есеппен алғанда мұнайға әлемдік сұраныс 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 %-ға төмен. Себебі  пандемия кесірінен талай ел рецессияға батып, автомобильдік және авиациялық тасымалдау деңгейі депрессиялық жағдайдан әлі шыға алмай отыр.  

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу