banner

Пандемия кезінде электронды сауда қарқын алды

3052

Пандемия елді ығыр қылғаны жасырын емес. Бірақ бұл біздегі жер бауырлап жатқан біраз саланың тынысын ашты.  

Пандемия кезінде электронды сауда қарқын алды

Мәселен, коронавируспен қатар Қазақстанда электронды сауда да ерекше қарқын алды. Өйткені, карантиндік шектеулер сауда қатынастарының басым бөлігін электронды форматқа ауысуға мәжбүр етті.

Былтыр бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электронды сауданың үлесі 1,1 трлн теңгеден асқан. Оның 1 трлн 19 млрд теңгесі ішкі интернет-алаңдарға, 144 млрд теңгесі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. Сондай-ақ бөлшек тауар айналымының 9,7 пайызын электронды сауда құраған. Бұл дегеніміз – 11,6 трлн теңге.

Интернеттегі сатып алушылар саны шамамен 20 пайызға өскен. Яғни көрсеткіш 2019 жылы 3,2 млн адамды құраса, былтыр белсенді сатып алушылар саны 3,8 млн адамға дейін жеткен. Бүгінде біздің нарықта 650-ге жуық интернет-дүкен жұмыс істейді.

Қазақстан отандық тауар өндірушілерді халықаралық сауда алаңдарына шығаруға ден қоюда. Компаниялардың көбі Alibaba.com сауда алаңын таңдауда. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 100 компания осы платформада "Алтын жеткізуші" аккаунтын иеленді. Оның ішінде 71 компанияның аккаунты нақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындарға жасалған көмектің нәтижесінде 18,1 млн доллар көлеміндегі отандық өнім сатылып, 4 мыңнан астам қазақстандық тауар Alibaba.com-ға орналастырылды.

"Қазіргі таңда 50 компания "жетілу" сатысында тұр. Әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде. Биыл әйгілі сауда алаңына шығудың үшінші кезеңі жоспарланып отыр. Осы жылы платформаға тағы 50 компания шығады деп күтілуде. 2022 жылдың орта шегінде экспорттық жеткізілімдердің жалпы көлемін 50 млн доллардан 100 млн долларға дейін ұлғайтуға болады", – дейді "QazTrade" қазақстандық сауданы дамыту орталығы" АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы.

Осы жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан әлемдегі ең ірі электронды сауда платформаларының бірі Amazon-ның "рұқсат етілген" тізіміне енгізілгенін де атап өткен жөн.

"Біздің кәсіпкерлер Amazon-ға кіру үшін "рұқсат етілген" елдердің тізімінде болуы қажет-тін. Яғни сауда алаңында операцияларды жүргізу үшін біздің мемлекетте заңды тұлға мен банктік шот ашылу керек еді. Бұл белесті де еңсердік. Қазақстан сатушы елдердің тізіміне қосылды. Енді отандық кәсіпкерлер тікелей қазақстандық банктер арқылы төлем қабылдап, сауда жасай алады. Бұл – елдегі электронды сауданы дамыту мен отандық тауарлар экспортын ілгерілетудегі сәтті қадам. Amazon-ға шығу – үлкен жетістік. Аталған платформа шағын және орта бизнеске үлкен жол ашуда. 1,9 млн шағын және орта кәсіпкерлік мұндағы бөлшек сауданың 60 пайызын құрап отыр", – дейді Азамат Асқарұлы.

Бұдан бөлек, ресейлік e-commerce-ның алыбы Ozon-ға да қолымыз жетті. Енді кез келген қазақстандық өндіруші осы бір әмбебап сауда алаңында өз тауарын ұсына алады. Бізде өндірілетін аяқкиімдер, зергерлік бұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері бұған дейін де Ozon-да сатылатын. Алайда қазақстандық компаниялар Ресей Федерациясының аумағында филиал ашуға мәжбүр болды.

"Логистиканы жетілдіру жергілікті бизнестің Ozon-ға шығуына ықпал етті. Енді қазақстандық кәсіпкерлер Ресейге тауарларды тікелей клиентке дейін өздері немесе сырттағы тасымалдаушылардың көмегімен жеткізе алады", – деп нақтылады QazTrade басшысы.

Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі басқа да сауда алаңдарымен келіссөздер жүргізуде. Ондағы мақсат – қазақстандық өндірушілер үшін түрлі сауда алаңдарын барынша қолжетімді ету. Мәселен, ауыл шаруашылығы нарығындағы бірегей ақпараттық-сауда платформасы саналатын Mundus Agri алаңына шығу міндеті тұр.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу