Пандемия жағдайында Жеңіс қалай тойланатыны анықталды

2841

Кейбір өңір соғыс ардагерлеріне миллион теңге төлемек.

Пандемия жағдайында Жеңіс қалай тойланатыны анықталды Фото: Sputnik Казахстан

Барлық өңірлердегі ардагерлерге сыйақы көлемі теңестіріледі деген Үкіметтің уәдесіне қарамастан әр облыс ары қарай тек өз шамасына қарай қошемет көрсететінге ұқсайды. Нәтижесінде, сыйақы көлемі 300 мыңнан миллион аралығында құбылмақ.

Елорда әкімдігі "1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге байланысты Нұр-Сұлтан қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету қағидасының" жобасын жариялады. Құжатқа сәйкес, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлерге бас қалада 850 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем берілетін болады.

Бұдан бөлек, жеңiлдiктері мен кепiлдiктері жағынан Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестiрiлген адамдарға – 50 мың теңгеден төлем аударылады. Дәстүрлі түрде өзге санаттар да назардан қалыс қалмаса керек: жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдардың басқа санаттарына, тыл еңбеккерлеріне – 20 мың теңге қаржылай төлем ұсынылады.

Өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов барлық өңірлерде жеңістің 75-жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне берілетін төлемақылар бірыңғайландырылатынын мәлімдеді.

"Жеңіс күніне орайластырылған төлемақылар көлемін бірдей етпекпіз. Әкімдерге тиісті ұсыныс енгіземіз. Бұл ретте ардагерлер үшін әдетте ең төменгі төлем 300 мың теңгеден аз болмауға тиіс деп белгіледік. Тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңгеден кем болмауы керек", – деді министр.

Бірақ әкімдіктерге өз бюджетіне қарай бұл соманы арттыруға мүмкіндік беріліпті. Сондықтан бәрібір әр өңірде төлемақы көлемі әртүрлі болғалы тұр. Павлодар және Қарағанды облыстары бір миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылдаған. Қарағанды қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айнұр Апакашева бұл сома сәуір айында төленетінін жеткізді. Жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері онсыз да аз қалған ардагерлер саны 9 мамырға дейін тіптен селдіреп кетуі мүмкін екенін ескеріп, төлемақыны өңірде ертерек төлеуді ұсыныпты. Қарағандыда небары 38 соғыс ардагері бар.

СҚО өз ардагерлеріне 300 мың теңгеден төлейтін болды. Бұл қайта өскендегісі: бұрын 250 мың теңгеден ұсынылған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің мәліметінше, өңірде 68 ардагер өмір сүруде. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 603 адамға 100 мың теңгеден беріледі. Бұрын бұл сома 12,5 мың теңге болыпты.

БҚО-да да осынша көлемде төлемақы қарастырылған. Облыста 64 ҰОС ардагері бар. Сондай-ақ ШҚО қанша беретінін анықтады: 75-жылдыққа байланысты майдангерлерге 600 мың теңгеден табысталады.

Індеттің таралуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 9 мамырға жоспарланған елордадағы үлкен әскери парадты өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ Мәскеудегі "Жеңіс парадына" Қазақстаннан ардагерлер бармайтын болды.

Айта кету керек, Ресей Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75-жылдығын салтанатты түрде атап өту жоспарынан бас тартқан жоқ. Кремль оны өткізудің баламалы сценарийлерін талқылауда. Сценарийлердің бірі – мамырдағы әскери парадқа көрермендерді қатыстырмауды, тек телеарналардан тікелей таратуды, екіншісі – кейінге ысырып, биылғы күзде, Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталған қыркүйек айында толыққанды форматта ұйымдастыруды қарастырады. Ондай жағдайда мерейтойлық рәсімге ардагерлер және өзге мемлекеттердің президенттері шақырылады. Мысалы, көрші Қытай да сол датаны нысанаға алып отырған көрінеді. Рас, бүкіл әлемде ІІ жаһандық соғыс 2 қыркүйекте бітті деп есептеледі. Ал РФ Мемдумасы биылғы 1 сәуірде заң қабылдап, ондай дата ретінде 3 қыркүйекті қабылдады. Осылайша, солтүстік көрші бұл істе де өзінше ерекшеленіп қалуға тырысуда.

Егер қыркүйекте де коронавируске қарсы соғыс соңына жетпесе, онда Мәскеудегі шеру қараша айына жылжытылмақ. Өйткені 1941 жылғы 7 қарашада, жау дәл Мәскеудің іргесінде тұрғанда, И.Сталин әскери парад өткізіп, оған өзі қатысты. Ресейліктер бұл оқиғаны ұлт рухын көтерген тарихи, маңызды жайт санайды. Әйтсе де, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 9 мамырда Жеңіс парадын ұйымдастыру жоспары өз күшінде екенін растады:

"Бас тарту туралы әзірге ешқандай шешім қабылданбады. Коронавирусқа қатысты жағдайға мониторинг жүргізілуде", – деді ол.

Ақорда Мәскеудегі парадқа Қазақстан басшылығының қатыспайтыны туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей астанасының Қызыл алаңындағы шеруді тамашалауға баруды жоспарлап отырғаны хабарланған. 

Қазақстанда жеңістің 75-жылдығына арналған мерейтойлық шаралар коронавирустың жайылуына тосқауыл қойылғаннан кейін жүреді деп болжанып отыр. Мысалы, ресейлік батыр-қалаларға, ТМД мемлекеттеріндегі және еліміздегі жауынгерлік даңқ нысандарына, әскери жерлеу орындарына, әскери ескерткіштерге бару үшін қазақстандық ардагерлердің 2020 жыл ішінде темір жолмен немесе ұшақпен бір рет тегін барып-келуі қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай шаралар негізінен 9 мамыр қарсаңына ғана жоспарланатын.

Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы  Ирин Смит өңірде биыл жыл бойы осы атаулы датаға қатысты шаралар жоспарланғанын айтады.

"ШҚО-да 134 ҰОС ардагері қана қалды. Бұдан бөлек, 455 тыл еңбеккері, соларға теңестірілген 644 тұлға бар. Жеңіс мерейтойы қарсаңында ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, жастарды патриоттық тәрбиелеуге, қаһармандарды ұлықтауға, ескерткіштер орнатуге немесе қайта қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар жоспарланған. Олар облыстағы барлық 19 қала мен ауданды қамтуы тиіс", – дейді ол.

75-жылдықты бүкіл ел көлемінде атап өту мақсатында жалпыұлттық жоспар бекітілген болатын. Онда саналуан шараға оқушылар мен студенттерді кеңінен жұмылдыру көзделді. Барлық оқу орындарында ерлік сабақтары, ардагерлермен кездесулер, патриоттық акциялар, флеш-мобтар және басқасы ұйымдастырылуы тиіс еді. Covid-19 індетімен күреске, карантинге байланысты оның бәрі белгісіз мерзімге тоқтатылды.

Әзірше тек мақұлданған республикалық және өңірлік медиажоспарлар бойынша арнайы мақалалар жазу ғана жалғасып жатыр. Ардагерлерге инфекция жұқтырмау үшін олардың қатысуымен телевизиялық бағдарламалар мен видеороликтер түсіруге тосқауыл қойылды. Қазақстанның барлық өңірінде кітапханалар жабылып, кітап партияларын қабылдауды тоқтатыпты. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі Ұлы Отан соғысы және ондағы қазақстандықтардың ерлігі туралы туындыларға тапсырысты доғарған көрінеді. 

Сондай-ақ еліміздің қалаларында 9 мамыр қарсаңында тақырыптық билбордтар орнатуға, көшелерді тиісті визуалдық безендіруге, құттықтаулар ілуге бюджеттен қаражат бөлінбеді.

Еңбек министрлігінің дерегінше, Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан 1016 ардагер ғана қалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу