Пандемияға қарсы жаңа қару

5763

Британияның AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд университеті өз вакцинасын "әлемге арналған" деп жариялады. 

Пандемияға қарсы жаңа қару

AstraZeneca фармацевтикалық компаниясы өзінің коронавирусқа қарсы  вакцинасының 90 пайызға тиімді екенін жариялады. Осылайша, ғаламдық пандемиямен күресте жаңа қару пайда болды. Бұл препарат өзінің кейбір бәсекелестерімен салыстырғанда арзан, әрі оны өзге елдерге тасымалдау әлдеқайда қолайлырақ.

Ұлыбритания мен Бразилияда сыналған вакцинаны Оксфорд университеті жасап, AstraZeneca фирмасы өндірейін деп отыр. Оны қабылдаған бірде-бір адам госпитальге түспеген.

Төрткүл дүние қазір талай экономиканы теңселтіп, 1,4 миллионға жуық адамның өмірін жалмаған пандемияны тоқтату үшін ғалымдардан қауқарлы вакцинаны тағатсыздана күтіп отыр. AstraZeneca - COVID-19-ға қарсы екпені кең ауқымды тәжірибеден өткізген үшінші ірі компания.

Өткен аптада Pfizer және Moderna өздері жүргізген орасан сынақтың алдын-ала нәтижесін жариялап, вакциналарының 95 пайызға жуық тиімді екенін хабарлады. Дегенмен, AstraZeneca-ның препараты олардыкімен салыстырғанда аса суық температураны қажет етпейді. Сондықтан оны, әсіресе, дамушы елдерге тарату оңай болайын деп тұр.

"Меніңше, тамаша нәтижеге қол жеткіздік. Себебі бұл вакцинаны кәдімгі тоңазытқышта сақтап, бүкіл дүниежүзіне таратуға болады. Біздің мақсатымыз – барлық жерде қолжетімді дәрі жасау еді. Бұл – әлемге арналған екпе", - дейді Оксфорд университетінің вакцинаны сынау тобының директоры, доктор Эндрю Поллард.

Oxford-AstraZeneca вакцинасының бағасы да төмендеу. Компания пандемия кезінде пайда табуды көздемейміз деп, өз препараттарының дозасын дүниежүзі елдері мен халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарына шамамен 2,50 долларға сату туралы келісім жасасты. Ал, "Файзер" мен "Модерна" АҚШ үкіметіне өз вакциналарының әр дозасын сәйкесінше 20-25 долларға ұсынған.

Үш вакцина да кеңінен таратылмас бұрын реттеуші органдардың мақұлдауынан өтуі керек.

Оксфорд зерттеушілері мен AstraZeneca өзге жобалармен бәсекелеспей отырғандарын алға тарта отырып, дүние жұртын пандемиядан ада ету жолында түрлі вакциналар қажет екенін де мәлімдеді.

"Біз қауымдарды, тұрғындар тобын вакцинациялау арқылы ел арасында инфекцияның тарауын азайтып, пандемияны еңсеруді ойлауымыз керек. Шамасы, қазір бізде осы іске үлкен үлес қосатын мүмкіндік пайда болған тәрізді", - дейді Оксфордтың зерттеу тобының жетекшісі Сара Гильберт.

Британдық вакцинаны сынау нәтижелері жер-жаһанда COVID-19 пандемиясының екінші толқыны талай елге соққы беріп, бизнесті жауып, әлеуметтік қатынастарды шектеп, әлем экономикасын қайта титықтата бастағанда жарияланып отыр.

AstraZeneca мәлімдегендей, ол өз вакцинасын мақұлдау туралы өтініштерді мүмкіндігінше тезірек беріп, табысы төмен елдерде оны қолжетімді етуге күш салады. 

Жарты дозаның тиімділігі

AstraZeneca зерттеуінде дозалау екі түрлі режиммен жүргізілді. Адамға вакцинаның алдымен жарты дозасы, бір айдан кейін бір дозасы берілгенде, оның 90 пайызға тиімділігі байқалған. Ал, пациентке екі толық доза бір айлық интервалмен салынғанда, екпенің тиімділігі 62 пайызға дейін төмендепті. Осы екі режимнің орташа тиімділік көрсеткіші 70 пайыз шамасында болған.

AstraZeneca вакцинасын "қалыпты тоңазытқыштық жағдайда" немесе 2-7 градус суықта тасымалдай беруге болады. Салыстырып көрсек, Pfizer-дің препараты -70 градуста сақтамаса, сапасын жойып алуы мүмкін.

Лондон Империалдық Колледжінің экспериментальдық медицина профессоры Петер Оупеншавтың пікірнше, жарты дозаның толық дозадан тиімділігі туралы жаңалық жақсы, өйткені, мұның нәтижесінде екпенің құны төмендеп, онымен көп адамды вакцинациялауға болады.

AstraZeneca вакцинасын сынауға Біріккен Корольдік пен Бразилияда 23 мыңдай адам тартылған. Сонымен қатар, кең ауқымды тәжірибелер қазір АҚШ-та, Жапонияда, Ресейде, Оңтүстік Африкада, Кенияда, Латын Америкасында жүргізіп жатыр. Осындай зерттеулерді әрі қарай Еуропа мен Азияның өзге мемлекеттерінде де өткізу жоспарланып отыр.

Oxford-AstraZeneca өкілдерінің айтуынша, бұл препаратты жеткізу жеңілдеу болғандықтан және компанияның өзі табыс табуды көздемейтіндіктен, әлем жұртын қолжетімді екпемен қамтамасыз етуге үміт зор.

Британдық фармацевтикалық фирма 2020 жылдың соңына дейін 200 миллион доза вакцина шығаруды жоспарлап отыр. Яғни, AstraZeneca екпені өзінің америкалық бәсекелесі – Pfizer-ге қарағанда 4 есе көп өндірмек. Ал, 2021 жылдың бірінші тоқсанында AstraZeneca әлем бойынша 700 миллион доза жасаудан үмітті.

Үшінші вакцина өз тиімділігін көрсетті деген хабардан кейін ғалам экономикасының қайта жанданатынына сенім нығайып, АҚШ пен Еуропа биржаларында акциялар мен мұнай бағасы біршама өсті. Дегенмен, AstraZeneca компаниясының акциялары 1,8 пайызға арзандады. Өйткені, оның екпесінің тиімділігі бәсекелестерімен салыстырғанда төмендеу болып тұр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу