Пандемиямен күрес. Волонтерлік қызметтің рөлі

1464

Қазақстанға 9500 өкпе желдеткіш аппараты қажет.  

Пандемиямен күрес. Волонтерлік қызметтің рөлі

Пандемия Қазақстан билігінің жоспарын күл-талқан етіп, ел арасында үрей мен ажал уытын сеуіп жатқан кезде азаматтық қоғам қол қусырып қалмады. Үкіметтің әрекетсіздігін көрген қоғам белсенділері халықтың өз күшін өзіне көмек етіп бағыттай бастағанына да бір аптадан асты. Әуелде шағын бастамашы топ ретінде құрылған ұйымдар енді күш біріктіріп, жүйелі жұмысқа кірісе бастады. "Менің атамекенім" қоғамдық бірлестігі осындай бастамашыл күштердің жұмысын жүйелендіру үшін арнайы шот ашып, ресми түрде көмек жинауға көшті.

Бірлестіктің атқарушы директоры  Ләззат Шыңғысбаева еріктілерге алаң ұсыну арқылы мұқтаж жандардың ақпаратын біріздендіріп, белсенді азаматтарды насихаттауды көздегендерін айтады. 

"Азаматтар елден қаражат жинап әкелген аппараттың кейбірі  техникалық ерекшеліктері бойынша біздің ауруханаларға сәйкеспей қалып жатыр. Ондай болмау үшін Денсаулық министрлігі қажет аппараттардың сипаттамасын бекіту керек. Оның үстіне біздің дәрігерлер ол құралды қолдана алуы керек. Біздің бірлестік сайтына осы мазмұндағы ақпаратты да орналастырамыз",  – деді ол.

Жасанды өкпе аппаратын таппай қиналған жұртқа алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған блогер Дәулет Мұқаев кейінгі кезде қарапайым оқырмандармен бірге бизнес өкілдері де қаражат бөле бастағанын айтады.

"Қайырымдылық қорына бизнес өкілдері де белсенді араласып жатыр. Бұған дейін ақша қарапайым оқырмандардан жиналатын. Сол белсенді жандардың арқасында бүгінге дейін 250-ден астам мұқтаж адам қажет дәрісін тапты. Көбіне қарапайым оқырмандар өздеріне қажет болмай жатқан дәрі-дәрмекті қажет еткен отандастарына беріп жатыр. Біз арада делдалмыз. Айнұр Тұрсынбаеваның араласуымен Ыстамбұлдан 125 жасанды өкпе аппараты бері қарай шықты. Енді 875 аппаратты Қытайдан әкелу жоспарда бар. Сонда Түркия мен Қытайдан жалпы жиыны 1000 аппарат әкелу жоспарда бар. Дәл бүгін 125 аппарат алынды",  – деді блогер.

Бұл бастамалар жамбылдық жастарға да ой салса керек. "Өркениет" қоғамдық қорының директоры Ақжол Базаров індетке шалдыққан жерлестерін жасанды өкпе желдеткішіне қосу үшін 50 аппаратқа ақша жинағандарын айтады. Оның үстіне тағы 30 аппарат алуды жоспарлап отыр.

Телемарафонға Мәжіліс депутаттарының атынан Ирина Смирнова да қатысты. Депутат осынау қиын-ыстау кезеңде халық ең әуелі қарапайым шындыққа мұқтаж деген пікір айтты.

"Волонтерлік бастамалар мен азаматтық қоғам елдегі ахуалдың ауыртпалығын жеңілдетіп жатыр. Бірақ қазір адамдар ең әуелі шындыққа мұқтаж. Ахуалды ашық айтып, жасырмау керек. Үкімет өз кемшілігін бүркемелей бермей, шындықты айтып, елдің зарына құлақ түрсе ғана күрес алға басады", – деді Ирина Смирнова. Депуттатың бұл ойын продюсер Қыдырәлі Болманов та құптады.

"Елдегі белсенді азамттармен бірге шетелде оқып жүрген студенттер  де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатыр. Әр азамат қолынан келгенше көмек жасап жатыр. Билік пен халықтың бірігетін уақыты келді. Ортадағы пердені алып тастап, басшылар ауруханаларды аралап, ең қажет дәрілерді тегін таратуды ойлауы керек. Жекелеген бастамашыл топтар елге қажетті аппарат пен дәрі-дәрмекті Үкміеттің араласуынсыз алып жатыр. Сол аппаратар қаншалық әділ жетіп жатыр? Мұны да қадағалау қажет. Билік халықтың айтқанын тыңдап қана қоймай, естуі керек. Мұқтаждықтар туралы мәлімет арнайы сайтқа шығуы қажет Дәріханада неге кезек сейілмей жатыр? Қай ауруханаға қандай аппарат, қандай дәрі керек? Осы сауалға ашық жауап берілуі керек. Індеттен қайтыс болған адамдарға сараптама жасалуы керек. Ақпарат ашық емес. Ақпараттық ойынға тойып болдық. Енді нақты әрекет жасалсын",  – деді әнші.

Қазақстандағы ахуалдың бұлайша ушығуы шетелдегі қазақ диаспораларын да алаңдатып тастаған сыңайлы. Кәсіпкер Сырым Тау Оңтүстік Корея мен АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкерлерінің көмек қолын созғанын айтады.

"Біз "Шұғыла" қорымен бірлесіп  2890 өкпе желдеткіш аппаратқа ақша жинадық. Оның құны шамамен 300 млн теңге болады. Қазақстан көлемінде министрлікпен сөйлесіп отырмыз. Жалпы елімізге 9500 жасанды өкпе аппараты керек екен. Ауруханаларда қазір 2500 аппарат бар. 2000 данасын министрлік өзі әкеледі. 3000-ын біз алып береміз. Біз алған аппараттарды дұрыс тарату медициналық мекеменің бас дәрігерлері кепілдеме хат беруі керек. Халықтың ақшасына алынған құралдар  сол ауруханадан сыртқа шығып кетпегені маңызды. Ақшаның қалай жиналғаны туралы айтсақ,  Қайрат Жолдыбай ағамыз халықтан 100 млн теңге жинап берді. BI Group  компаниясы 60 млн теңге, біздің компаниямыз 10 млн теңге бөлді. Оңтүстік  Кореядағы қандастарымыз 14 мың доллар, АҚШ-тағы қандастарымыз 30 мың доллар  жіберді. Америкадан тағы бір қазақ жігіттері хабарласып, екі күннің ішінде 150 мың доллар жіберетіндерін айтты",  – дейді кәсіпкер.

Сырым Тау қарапайым халық пен кәсіпкерлерден жиналған ақшаға алынатын құралдар сапалы болуын қадағалау үшін Франция, Түркия, Қытай, Корея елінің білікті дәрігерлерін көмекке тартқандарын айтады. Олардың ішінде шетелде жұмыс істеп жүрген 5 қазақ дәрігері бар екен. 

"Бізге Таразда, Шығыс Қазақстаннан көп өтініш келіп жатыр. Сенбі күні Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен арнайы борт шығады. Осы рейспен 940 аппарат келеді. "Шұғыла" қоры оны таратады. Әр аппараттың ішіне чип қоймақшымыз. Ол чип біз алған аппараттар жеке қолға кетіп қалмауы үшін керек. Чип арқылы аппараттың қайда тұрғанын көріп отырамыз. Одан ақша артылып жатса, жансақтау бөліміне қажет аса қымбат жасанды өкпе желдеткіштің 50-ін алуды жоспарлап отырмыз",  – дейді кәсіпкер. 

"Қазақстан бойынша локдаун мерзімі екі аптаға ұзарып, жұмыссыздар саны артуда. Бұл жақынына дәрі таппай қиналып жүрген халықтың еңсесін езе түскені белгілі. Осыны ескерген бір топ белсенді мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратуды қолға алыпты. "Жақсылық жәшігі" жобасы аясында еріктілер 1380 отбасыға 30 келілік азық-түлік себетін таратпақшы. 

 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу