Паралимпиада жүлдегерлеріне құрмет

2441

Паралимпиадашыларымыз қандай да құрметке лайық екендігіне ешкім күмән келтіре қоймас. Қазпошта Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада жүлдегерлеріне арнап пошта маркаларын шығарды.

Паралимпиада жүлдегерлеріне құрмет

Осы елеулі оқиғаға байланысты орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. "Қазпошта" АҚ "Спорт" топтамасындағы "Рио-де-Жанейродағы XV Паралимпиада ойындары" атты маркаларды пошталық айналымға енгізу салтанатты рәсіміне ҚР Паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов, XV Паралимпиада ойындарының жүзуден алтын жүлдегері және жаңа әлемдік рекордтың иегері Зүлфия Ғабидуллина, XV Паралимпиада ойындарының пауэрлифтингтен күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева қатысты.

Пошта маркаларының бетінде Рио-де-Жанейрода өткен XV Паралимпиада ойындарының жүзуден алтын жүлдегері, жаңа әлемдік рекордтың иегері – Зүлфия Ғабидуллина және пауэрлифтингтен күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева бейнеленген.

"Чемпиондарымыз Зүлфия Ғабидуллина мен Раушан Қойшыбаеваның пошта маркаларының беттерінде белгіленіп, айналымға енгізілуі – еліміздің атын шығарған спортшыларымызға деген аса мейірімділікпен қатар, үлкен құрмет.

Коллекционерлер мен филателистердің бұл маркаларды қадірлеп, маркалардың бетіндегі оқиғаның маңыздылығын бағалай алатындығына сенімдіміз. Бұл іс-шара дәстүрге айналып, Паралимпиада ойындарында алтын медальдарға жете берейік", – дейді ҚР Паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.

Маркалар 4 бояулы офсетті тәсілмен басылған, перфорациясы жоталы. Шығарылым түрі – маркалы парақ. Парақтың өлшемі 140х120 мм. Марканың өлшемі 28х40 мм. Таралымы – 15 000 дана. Суретші К.Плужникова. Белгіленген бағасы 200 теңге. Пошта маркалары "ҚР Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылды.

Осыған дейін Қазпошта Сочиде өткен қысқы Паралимпиада ойындарына арнап марка шығарған болатын. Сонымен қатар "Спорт" топтамасын Геннадий Головкиннің және Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бейнеленген маркалар толықтырған. Енді осы игі іс-шара дәстүрге айналатын болды.

Естеріңізге саламыз, Рио-де-Жанейродағы XV Паралимпиада ойындары 7-18 қыркүйек аралығында Бразилияда өткен болатын. Онда 50 жастағы Зүлфия Ғабидуллина 100 метрге еркін әдіспен жүзуден чемпион атанды. Ғабидуллина бұл қашықтықты 1:30.07 уақыт ішінде жүзіп өтіп, паралимпадада әлем рекордын орнатты. Бұл – Паралимпиада ойындарындағы Қазақстанның тұңғыш алтын медалі.

Зүлфия Ғабидуллина 6 жасында жол апатына ұшырап, бір аяғы сал болып қалған. Соған қарамастан ол 1990 жылдан бастап мүгедек арбасымен еліміздегі түрлі жарысқа қатыса бастайды. Осы жігерінің арқасында тіпті 1994 жылы Қазақстан спартакиадасында екі алтын медальді жеңіп алғаны бар.

Қазақ қызы Раушан Қойшыбаева да осы паралимпиадада керемет нәтиже көрсетті. Ол пауэрлифтингтен 67 келі саламақта күміс жүлдегер атанғанын жақсы білеміз. Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен 67 келі салмақта сынға түсті. Ол 113 келі зілтемірді көтеріп, паралимпиаданың күміс медалін жеңіп алды.

Раушан тек Қытайлық спортшыға жол берді. Ол барлық қатысушылар арасында ең ересек спортшы саналды. Раушан 1966 жылы Қызылорда облысында өмірге келді. 1990 жылы жол апатына ұшырап, екі тізесінен айрылған. Содан бері мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Пауэрлифтингпен 2010 жылдан бері айналысады. Күйеуі Алматы облысы Шонжы ауылынан, екеуі 3 қыз тәрбиелеп отыр.

Үкіметтің қаулысымен паралимпиадашыларға 1-6-орындарды иеленген спортшыларға арнайы сыйақы тағайындалды:

1-орынға – 50 мың, 2-орынға – 35 мың, 3-орынға – 25 мың, 4-орынға – 14 мың, 5-орынға – 6 мың, 6-орынға 4 мың АҚШ доллары берілді.

Жүзуден Әнуар Ахметов 100 метрлік браста 4-орынға ие болды.

Рио Паралимпиадасында спорттың 22 түрінен 528 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан паралимпиадашылары алғаш рет 11 жолдама жеңіп алып, спорттың бес түрінен жарыс жолына шықты. Естеріңізде болса, Лондондағы Паралимпиада ойындарына Қазақстан атынан 7 спортшы 3 спорт түрінен қатысып, үшеуі үздік ондыққа кірген-ді.

XV жазғы Паралимпиада ойындарына қатысқан Қазақстанның Паралимпиада құрамасына тоқталсақ: Жүзу – Әнуар Ахметов (Астана), Роман Агалаков (ОҚО), Зүлфия Ғабидуллина (Жамбыл облысы), Наталья Звягинцева (Қарағанды облысы); Пауэрлифтинг – Вадим Дукарт (Ақмола облысы), Гүлбану Әбдіхалықова (Алматы), Раушан Қойшыбаева (Алматы облысы); Дзюдо – Әнуар Сариев (Атырау облысы); Орынбасар Құралбай (ОҚО); Жеңіл атлетика – Аманат Қалқаев (Алматы); Садақ ату – Александр Медведев (Павлодар облысы).

Қазақстанның Паралимпиада құрамасының жаттықтырушылар құрамы: Сәттар Бейсембаев – жүзу (Жамбыл обл.), Артур Томицский – пауэрлифтинг (Алматы қ.), Юрий Мощеев – жеңіл атлетика (Қызылорда обл.), Жандос Қиянов – дзюдо (Атырау обл.), Татьяна Пак – садақ ату (Павлодар обл.).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу