Парламент зорлық үшін өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасын енгізді

4827

Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа заңдар топтамасы қабылданды. 

Парламент зорлық үшін өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасын енгізді Фото: canva.com

Биылғы 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық мейрамы қарсаңында Мәжіліс әйелдер қауымына өзіндік сыйлық жасады.

Депутаттар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасын және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Құжат Сенаттың қарауына түсті. Жаңарған Ата заңға сәйкес, енді заңдарды Мәжіліс қабылдайтынын, сенаторлар тек мақұлдайтынын ескерсек, бұл қос құжатты қазірден "Парламент құптады" деп айта беруге болады. Оның үстіне заңнамалық түзетулер тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп отыр.

Оқушы қыздарға қырындауға болмайды

Депутаттардың айтуынша, аталған заңдар гендерлік теңсіздікке, отбасыдағы, тұрмыстық және басқа да қорлық пен зорлыққа, қатыгездік пен озбырлыққа қарсы тұруға ықпал етеді.

Құжаттардың жаңалығы көп. Мысалы, Қазақстан тарихында тұңғыш рет харассмент үшін қылмыстық қудалау енгізілгелі тұр. Бірақ ұқсас жазаны бұрыннан қолданатын дамыған Батыс елдерінен айырмашылығы сол, қазақстандық парламентшілер жас шектеуін енгізді. Тек 16-ға толмаған мектеп оқушыларына қырындап, санына қол жүгіртуге, әр жерінен ұстауға тыйым салынады.

"121-1-бап. Он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қорлау: көрінеу 16 жасқа толмаған адамға қатысты жыныстық сипаттағы ұсыныстармен немесе жыныстық сипаттағы жанасулармен ұштасқан әдепсіз әрекеттер жасау:

  • 200 айлық есептік көрсеткішке (2024 жылы 738 400 теңгеге) дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарымен;
  • немесе 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартумен;
  • 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алумен жазаланады", – делінген заң жобасында.

"Қазіргі уақытта жыныстық қатынасқа иліктіру мақсатында кәмелетке толмағандарға қырындау оқиғалары жиілеп кетті. Бірақ қолданыстағы заңнама мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті, жазаны көздемейді, салдарынан балалар одан қорғалмайды. Бұл ретте жасөспірім қыздар мен ұлдарға көз сұғын қадаған адамдар анықталып, есепке алынуға және пробациялық бақылауға қойылуға тиіс", – деген түсініктеме берілген Мәжіліс депутаттарына таратылған салыстырмалы кестеде.

Зорлық үшін жаңа жаза – өмір бойға қамау

Көп адам өлтіргендер, терроршылар өмірбақи темір торға жабылады. Бұдан былай олардың қатарын зорлықшылар толтыруы мүмкін.

Депутаттар қабылдаған негізгі заң жобасы балаларға қатысты екі жаңа норманы енгізбек. Яғни, педофилия бойынша өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларды өлтірген адам өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Бұл үшін Қылмыстық кодекстің "Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" аталатын 121-бабының төртінші бөлігі өзгертіледі. Осы арқылы "кәмелетке толмағандарға және дәрменсіз адамдарға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатты". Депутаттардың түсіндіруінше, қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 121-бабының бірінші бөлігінде күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп, немесе жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жасалған зорлау үшін жаза қарастырылған.

Екінші бөлігі – рецидивистерге, топ болып қылмыс жасағандарға, аса қатыгездік танытқандарға, жәбірленушіге соз-гонорея ауруын жұқтырғанға, қызметтік міндетін пайдаланғандарға қатысты.

Үшінші бөлігі зорлау кезінде "абайсызда жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіру, оның АИТВ жұқтырып алуы немесе өзге де ауыр зардаптарға соқтыруы", бұл қылмыстарды "төтенше жағдай кезінде немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасау" үшін жазалайды.

Бұлардың бәрі үшін бекітілген жаза қалады. Бірақ егер мұның біреуі кәмелетке толмағандарға қатысты жасалса немесе абайсызда жәбірленушінің қайтыс болуына соқтырса, онда "өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады".

Бүгінде қолданыстағы Қылмыстық кодекс бұл үшін 20 жылға соттауды қарастырады. Сөйтіп, жаза күрт қатайтылмақ.      

Сондай-ақ кодексте "Кәмелетке толмаған адамды өлтірген" адам 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылады. Депутаттар оларды да өмірбақи абақтыға қамауды ұсынды.

Президент мақұлдаса, жас ұрпақтың өкілінің өмірін қыршын еткен адам өле-өлгенше еркіндік ауасын жұтпай, түрмеде шіриді.

Суицидке, буллингке қатысты жазалар да қаталдана түседі. 18 жасқа толмаған баланы қорқытып, оған қатыгездiкпен қарап немесе топ болып, не интернет, әлеуметтік желі арқылы жасөскіннің адами қадір-қасиетiн үнемі қорлап, өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге талаптануына дейiн жеткiзсе, онда айыптылар 5-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Отбасылық ойраншыл жеңіл жазаланбауға тиіс

Әйелдер мен балаларды қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қос заң жобасы отбасылық жанжалқорларды жазалау шараларын күшейткелі тұр. Мысалы, енді олар "бас бостандығын шектеу" түріндегі жеңілдеу жазамен құтылып кете алмайды. Бұл жаза түрі алып тасталып, ол бас бостандығынан айырумен ауыстырылды.

Нәтижесінде, әйелін, басқаны ұрған, "денсаулығына қасақана орташа зиян келтірген" кінәлі 2 жылға, егер бұл қылмысын 18-ге толмаған балаға қатысты жасаса, 3 жылға дейінгі мерзімге сотталып кетуі мүмкін.

Мәжіліс отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою үшін жаңа қылмыстық қудалау бабын енгізді. Өйткені қабырғасын қақыратып, мұрнын сындырмаса, жұбайының көзін көгертіп қойған "отбасылық боксерлер" дым болмағандай алшаң басып жүре беретін.

Мұндай озбырлардың табанына тас қою үшін "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" атты 108-1-бап қосылуда. Сарапшылардың түсіндіруінше, "жеңіл зиянға" шамамен үш апта ішінде кететін денсаулыққа келтірілген залалдар, мысалға, терінің сыдырылуы, болмашы жара, сүйектің тайып кетуі, терінің көгеруі сияқтылар жататын көрінеді.

Жаңа заңдар күшіне енген соң, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірілсе, 200 АЕК айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 50 тәулікке қамалады.

Дәл сол әрекет:

  1. екі немесе одан да көп адамға қатысты;
  2. осы адамның қызметтік қызметті жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышты орындауына байланысты адамға немесе оның жақындарына қатысты;
  3. аса қатыгездікпен, сол сияқты кінәліге көрінеу, дәрменсіз күйде не кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болатын адамға қатысты;
  4. адамдар тобымен, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы;
  5. бұзақылық ниетпен;
  6. әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық негізінде;
  7. бірнеше рет;
  8. көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, жаза қатайтылады. Айыппұл 1000 АЕК (3 692 000 теңгеге) дейін, қоғамдық жұмыстар мерзімі – 600 сағатқа дейін, бас бостандығынан айыру не шектеу мерзімі 2 жылға дейін ұзарады.

Бұдан бөлек, әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін Қылмыстық кодекс "Ұру-Побои" атты жаңа, 109-1-баппен толықтырылады.

Бұл бапқа сәйкес, дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау: 80 АЕК айыппұл салумен не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартумен, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамаумен жазаланады.

Егер бұзақы сол әрекеттерін келесі жағдайда жасаса:

  1. екі немесе одан да көп адамды ұрса;
  2. осы адамның қызметтік қызметті жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышты орындауына байланысты адамға немесе оның жақындарына қатысты;
  3. кінәліге көрінеу, дәрменсіз күйдегі не кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты;
  4. адамдар тобымен, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы;
  5. бұзақылық ниетпен;
  6. әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық негізінде;
  7. бірнеше рет;
  8. көрінеу 18-ге толмаған толмаған адамға қатысты жасаса, 100-ден 200 АЕК аралығында айыппұл салынуы, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүзден екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не 30-дан 50 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Депутаттардың айтуынша, бұл заң жобалары барлық азаматтың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Осылайша, Қазақстан 180 градусқа бетбұрыс жасап отыр. Себебі, бұрынғы билік тұсында, "түрмелер толып қалды" деп, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза түрлері жеңілдетілді, декриминализацияланды. Қамау көп жерде айыппұлмен, жеңілдеу жазамен ауыстырылды.

Бірқатар сарапшы заңнаманың ізгілендірілуі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың толассыз өршуіне соқтырды деп санайды. Сондықтан Президент депутаттарға заңнаманы күшейтуді жүктеді.

Оның тапсырмасын орындау мақсатында аталған заңдар аясында 2017 жылдан бері Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде болған 73-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін) және 73-2 (ұрып-соққаны үшін) баптары одан алынып, криминализацияланып, Қылмыстық кодекске енгізілді (108-1-бап: "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін" және 109-1-бап: "Ұрғаны үшін").

Тиісінше, отбасы мүшелеріне мейірімін емес, қаһарын төгіп, жұдырық жаудырғандар жазадан құтылып кете алмайды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха зорлық-зомбылықпен күрес жанданып, жаңа қарқын алғанын айтты.

"Бұрынғы тәжірибенің кемшілігі сол, соққыға жығылғанын дәлелдеу және айыптау мәселелері құрбанның иығына жүктеледі. Зәбір көрген әйел полицияға шағыммен жүгінеді, біз сараптама тағайындаймыз. Егер сараптама оның денесіне жеңіл жарақаттар ғана түсірілгенін көрсетсе, әйелге сотқа жүгінуге кеңес беріледі. Іс жүзінде біз құрбанды проблемамен жалғыз қалдырдық. Жүнжіп, жігері құм болған әйелдер сотқа жүгінбейтін. Екіншіден, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде зорлықшылға құрбанымен татуласуға мүмкіндік берілді, озбырлар соны қалт жібермей, өз мақсатына қолданады. Енді мұның бәрі қайта қаралып, анағұрлым қатал рәсімдер енгізіліп жатыр", – деді Игорь Лепеха.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, жәбірленушінің келуін не қоңырау соғуын күтіп отырмай, полиция отбасылық зорлық-зомбылықты өз бетінше әшкерелеуге кірісіпті.

"Бұдан былай бізге құрбанның өтініші қажет емес. Анықтасақ, біз бірден материалды тіркеп, жауапкершілікке тартамыз. Сондай-ақ отбасылық жәбірлеушілер тек қана сотта және бір рет қана татуласа алады. Екінші рет сот бітістірмейді, қатаң шара қабылдауға үкім шығарады. Бұрынғы жылдары болған қателіктерді біз ескердік. Ендеше ендігі күрес тиімдірек жүруге тиіс", – деп уәде етті ІІМ басшысының орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу