Сенат пен Мәжіліс депутаттары аптасына бір рет отырысына жиналып, жиырма шақты депутаттық сауал жасайды. Оның өзінде Парламенттің ресми сайтында орналастырылған жауаптарға қарағанда, сұрауларына көбінесе сырғытпа, жалтарма жауап алады немесе тіпті деректері жоққа шығарылады.
Қазіргі депутаттардың 20-30 есе көп жұмыс істейтінін Парламенттің ресми мәліметі де растамады. Оған жүгінсек, қазіргі VIІI сайланған Парламент Мәжілісі 2024 жылғы 2 қыркүйектен 2025 жылғы 30 маусымға дейін созылған өткен үшінші сессиясында палаталардың бар-жоғы 3 бірлескен отырысын (оның біреуі – сессияның ашылуына, екіншісі – жабылуына арналды), Мәжілістің небәрі 39 жалпы отырысын, тұрақты комитеттердің 221 отырысын, комитеттердің 127 кеңейтілген отырысын, комитеттердің 17 көшпелі отырысын, комитеттердің 37 тақырыптық отырысын, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 1 078 отырысын және 19 дөңгелек үстел өткізіпті.
Осы сессияда Мәжіліс 90 заң қабылдап, Сенатқа жіберді. Оның 66-сына ғана ақыр соңында Президент қол қойып, өмірге жолдама берген. Тағы 14-ін Сенат олпы-солпы, олқы деп танып, пысықтауы үшін кері қайтарып тастаған.
Ал, мерзімінен бұрын таратылған алдыңғы VIІ сайланған Парламент Мәжілісі 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 2022 жылғы 30 маусым аралығын қамтыған екінші сессиясында 127 заң жобасын қарап, оның 78-ін заң ретінде қабылдаған екен. Осы 78 заңның бәріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, ақ батасын беріп, қолданысқа енгізген. KPI немесе тиімділігінің шешуші көрсеткіші 100% болды.
Мәжілісі аппаратының Сараптама-талдау бөлімінің хабарлауынша, алдыңғы жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі екінші сессиясында палаталардың 4 бірлескен отырысын (қазіргісі – 3), Мәжілістің 42 жалпы отырысын (ағымдағысы – 39), тұрақты комитеттердің 239 отырысын (221), заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 828 отырысын, 17 "дөңгелек үстелді" өткізді. Демек, 20-30 есе көп емес, керісінше, кері кету байқалады.
"Батыл реформалардың уақыты келді!" деген болатын күні кеше Президенттің жолдауына пікір қосқан депутаттар. Осы орайда әлеужеліде үн қатқан қазақстандықтар Мемлекет басшысына сырттай үндеу жолдап, Мәжіліс пен Сенатты қатар таратып жіберуді сұрады.
Тіпті Швейцария сияқты дамыған елдерде де тұрақты Парламент жоқ. Бұл тұрғыда Қазақстанның да төл тәжірибесі бар. Жоғарғы кеңес заң қабылдау керек болған кезде шақырылатын. Пікір білдіруші азаматтар қабылдануы қажет заңдардың бәрі өткен 35 жылда қабылданып болғанына сенімді.
Осы орайда "егер шынымен де батыл реформа жасалып, Сенат пен Мәжіліс қатар таратылса, ел бюджеті қанша ақша үнемдейді?" деген сауалға жауап іздедік. Осы мақсатта Республикалық бюджеттің "102 – Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы" бюджеттік бағдарламасының ақпараты пайдаланылды.
Бұл бюджеттік бағдарлама "Сенат пен Мәжіліс төрағаларының, Парламент депутаттарының, аппараттар қызметкерлерінің қызметін сапалы және уақытылы қамтамасыз етуге", "Парламенттің қызметін материалдық, инженерлік-техникалық, көлікпен, әлеуметтік-тұрмыстық және басқалармен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге", "Парламенттің қорларын – негізгі құралдары және материалдық емес активтерін жаңалау және модернизациялау бойынша іс-шаралардың уақытылы өткізілуін қамтамасыз етуге" бағытталған.
Сонымен, ондағы дерекке сүйенсек, "ҚР Парламентінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" ел қазынасына:
• 2015 жылы – 10 миллиард 107 миллион 830 мың теңгеге;
• 2016 жылы – 11 миллиард 441 миллион 998 мың теңгеге,
• 2017 жылы – 8 миллиард 137 миллион 180 мың теңгеге,
• 2018 жылы – 8 миллиард 309 миллион 847 мың теңгеге,
• 2019 жылы – 8 миллиард 336 миллион 305 мың теңгеге түсіпті.
Нәтижесінде, осы жылдары Парламентті ұстап тұруға ел қаржысынан 46 миллиард 333 миллион теңгеден көп шығындалған екен. Содан кейін заң шығарушы органның шаруашылық басқармасы бюджет туралы ақпаратты жариялауды тыйды.
Айта кету керек, бір ғана былтырғы 2024 жылы Парламенттің жұмысын қамтамасыз етуге 29 миллиард теңге жұмсалыпты. Яғни, қос палата да таратылса, кейінгі 5 жылда 145 миллиард теңге және одан үнемделуі ықтимал. Себебі, Парламент шығысы да жыл сайын өсе береді.
Оның үстіне бұрынғы шақырылымдар кезінде депутаттардың жалақысын көтеруге мораторий орнатылды. Тиісінше, депутаттар орта есеппен 600-700 мың теңге жалақы алды. Бертінде ол тыйым алып тасталды және қазіргі депутаттар жалақыларының өскенін білдірді, бірақ нақты сомасын айтпады.
Парламентарийлер жасырған бір мәліметті журналистерге қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы жеткізді. Ол келесі 2026 жылдың бюджетінің жобасында депутаттар мен Парламент қызметкерлерінің жалақысына ғана 7,8 миллиард теңге қарастырылғанын жария етті. Бұл ретте ол мұның жоба екенін ескертті.
Республикалық бюджет жобасы Парламентте қаралу кезінде қалаулылар қатты қаласа, өз жалақыларын әрі қарай көтеруге қосымша қаржы сұрата алады. Журналистер бас қаржыгердің орынбасарынан 2026 жылғы бюджеттен депутаттардың жалақысына қанша қаражат шығын етілгелі тұрғанын нақтылады.
"Республикалық бюджет жобасында шамамен 7,8 миллиард теңге қарастырылды. Бұл Сенаттағы, Мәжілістегі депутаттарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қос палатадағы саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге бөлінгені. Мұның бәрі – дәл осы еңбекақы төлеу қоры", – деді қаржы министрінің орынбасары.
Яғни, бұрын бүкіл Парламентті ұстап тұруға кететін шығын енді тек депутаттарға және оларға жұмыс істейтіндерге еңбекақы төлеуге ғана жететін көрінеді.
Ақпарат құралдарының өкілдері Абзал Бейсенбекұлынан: "Егер Сенат таратылып, жалғыз палата ғана қалса, Парламенттің бюджетке жүктемесі азая ма?" деп сұрады. Шенеунік бұдан қаржы үнемделетініне күмәнданды. Өйткені Сенат формалды түрде жойылғанымен, сенаторларды Мәжіліске қоса салуы мүмкін.
"Егер референдум қорытындысында Парламент бір палаталы болса, онда басты мәселе – жаңа Парламентте қанша депутат болады? Мен бұл сұраққа дәл қазір жауап бере алмаймын. Онда 120, бәлкім 140 депутат болуы мүмкін. Жаңа Парламенттің шығысы да осыған байланысты болады. Бүгінде Мәжілісте 98 депутат, Сенатта – 50 депутат бар. Жалпы саны – 148 депутат. Олардың көмекшілері бар. Көлік және басқа шығындары бар. Барлығы депутаттардың жалпы санына, штат санына тәуелді", – деді қаржы вице-министрі.
Kursiv.media есептеуінше, Қазақстанда 1 депутатқа орта есеппен 195 миллион теңге шығындалады.
"Сенат пен Мәжілісті ұстап тұру шығыны соңғы жылдары тоқтаусыз, үнемі өсіп келеді. Тек 2020 жылы ғана жоғарыламады, ол жылы коронавирус пандемиясымен күрес аясында бюджет оңтайландырылды. Инфляцияны есепке алғанда, Парламенттің шығыстары соңғы онжылдықта 25%-ға ұлғайып отырды", – деп жазды басылым.
Бұл жерде әрбір депутатқа талап етілетін шығын назар аудартады: егер он жыл бұрын, 2015 жылы 1 депутатқа шаққанда жылына 70 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалса, ал, 2024 жылы бұл шығыс үш есеге жуық артып шыға келген: 1 депутатты ұстап тұру 195 миллион теңгеге түседі.
Атап өтетін жайт, егер референдум қорытындысында қазақстандықтар бір палаталы Парламентті жақтап дауыс берсе, ал, ел басшылығы Мәжілістегі депутаттар санын өсірмей, қазіргі көлемде (98 депутат) қалдырса, онда ел бюджеті заң шығарушы билікті ұстап тұрудың ағымдағы шығынының шамамен үштен бірін үнемдейтін болады.
Нақты санына келсек, 2024 жылы қос палатаның қызметін қамтамасыз етуге 29 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалса, ондағы Сенаттың үлесі 10 миллиард теңгеге жуық. Осы қаражат үнемделер еді.