Парсы шығанағы елдері мен Еуропалық одақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс отырысы өтеді. Бұл туралы Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем әл-Будайви мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шұғыл жиын бейнеконференция форматында бейсенбі күні өтеді. Кеңес мәліметінше, отырысқа Еуропалық Одақтың cыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас қатысады.
"Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі мен Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің бейнеконференция режиміндегі отырысы 5 наурызда өтеді. Күн тәртібінде Иранның кеңес мүшелері елдеріне қарсы агрессиясының салдары, аймақтағы маңызды оқиғалар және олардың бүкіл әлемге тигізетін теріс әсері қарастырылады", – деді Джасем әл-Будайви.
Кеңес өңірлік және халықаралық серіктестермен кездесулер ұйымдастыра отырып, "халықаралық қауымдастықты соғысты тоқтату жөніндегі міндеттемелерін орындауға ынталандыруға" ұмтылады.