Иран АҚШ-тан өзге 3 елге соққы жасауы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамптың Fox News телеарнасына берген сұхбаты үлкен резонанс тудырды.

Иран АҚШ-тан өзге 3 елге соққы жасауы мүмкін Фото: Getty Images

Онда ол Иранға қарсы соққыларды күшейтуі мүмкін екенін айтып, қатаң мәлімдеме жасаған-ды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Келесі аптада олардың жағдайы шынымен ауыр болады. Біз олардың барлық электр станциясын жермен-жексен етеміз. Барлық көпірін істен шығарамыз, – деген еді Трамп.

Әзірге бұл тек кезекті қоқан-лоқы ретінде қабылданып отыр. Десе де, бұл жүзеге асса, Вашингтонның қазіргі шектеулі жауап соққылары саясаты түбегейлі өзгеруі мүмкін.

Барри Р.Позен немістің BILD басылымына берген пікірінде осы уақытқа дейінгі қақтығыс негізінен келіссөздер мен Иранның өз жетістіктерін сақтап қалу талпынысы төңірегінде өрбігенін айтты. 

– Егер Трамп көңілі қалғандықтан Иранның инфрақұрылымын жою туралы қоқан-лоқысын жүзеге асырса, жағдай түбегейлі өзгереді, – дейді сарапшы.

Позеннің айтуынша, мұндай жағдайда Тегеран Парсы шығанағының қарсы бетіндегі елдердің инфрақұрылымына соққы жасауға тырысуы мүмкін. Әңгіме Бахрейн, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктері аумағындағы нысандар туралы болып отыр.

Сарапшының пікірінше, мұндай шабуылдар басталса, мұнай бағасы күрт өсіп, тіпті Израиль де қақтығысқа қайта тартылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдегі жағдайдың кең ауқымды эскалацияға ұласу қаупін арттырады.

Мэттью А.Баум BILD басылымына берген сұхбатында бұл соғыстың қысқа мерзімде шешілетін жолы жоқ екенін жасырмады. 

– Трамптың Иранға соңғы ұсыныстан артық қандай жаңа мәміле ұсына алатынын білмеймін. АҚШ тұрғысынан алғанда, Иранның ядролық бағдарламасы мен бұғаздағы бақылау мәселелері бойынша ымыраға келу мүмкін емес, – деді саясаттанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу