Парсы шығанағында 15 мың круиз жолаушысы қалып қойды

Дубай, Доха және Абу-Даби порттарында тоқтаған кемелердің жолаушыларын үйіне қайтару үшін круиздік компаниялар тәулік бойы жұмыс істеуде.  

Парсы шығанағында 15 мың круиз жолаушысы қалып қойды Фото: breeze.ru

Euronews-тің жазуынша, аймақтағы шиеленістің күшеюінен Еуропаға жоспарланған бірқатар круиз тоқтатылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осылайша, Таяу Шығыстағы жағдай рейстерді уақытша тоқтатуға және порттарда қалып қойған мыңдаған жолаушыны еліне қайтаруға мәжбүр етіп отыр. 

БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) дерегінше, аймақта бірнеше оператордың кемелерінде жүрген 15 мыңға жуық круиз жолаушысы порттарда тұрып қалды. Олардың қатарында MSC, TUI, Celestyal және AROYA компанияларының кемелері бар. 

Celestyal грек круиздік компаниясы өз кемелерінің әлі де шығанақта тұрғанын мойындады.

Компания Дубайдағы жолаушылардың барлығы қауіпсіз түрде жағаға түсірілгенін, Celestyal Journey кемесіндегі қалған жолаушылар Қатарда алдағы 24 сағатта түсірілетінін хабарлады. 

– Екі кеме де толықтай жарамды және теңізге шығуға дайын, – делінген мәлімдемеде. 

Тоқтатылған рейстерге билет алған жолаушыларға ақшасы толық қайтарылып беріледі. Немесе болашақ круиздерге арналған ваучер алуға мүмкіндік бар. 

Сауд Арабиясының қолдауымен жұмыс істейтін AROYA Cruises компаниясы Парсы шығанағындағы қысқы маусымының қалған бөлігін толық тоқтатқанын мәлім етті. 

Ал Женевада орналасқан MSC Cruises компаниясы Дубайдағы MSC Euribia лайнерінде болған жолаушыларды еліне қайтару үшін арнайы рейстер ұйымдастыруда. Круиздік компания 1500-ден астам жолаушының аймақтан ұшып кетуіне жағдай жасаған. 

Қазірдің өзінде 7 рейс орындалған. Онда арнайы чартерлік ұшулар да, сондай-ақ коммерциялық әуе компанияларынан сатып алынған орындар да бар. Жолаушылар Ұлыбританияға, Италияға, Германияға, Испанияға, АҚШ пен Бразилияға жеткізілген. 

– Кеме командирі мен экипаж жолаушылардың барлық қажеттілігімен қамтамасыз етілуі үшін тынымсыз еңбек етті. Әлемнің әр түкпіріндегі командалар оларды қауіпсіз әрі мүмкіндігінше тез үйіне жеткізу үшін тәулік бойы жұмыс істеді, – деді MSC Cruises атқарушы төрағасы Пьерфранческо Ваго.

Немістің TUI Cruises операторы Mein Schiff 4 лайнерінің барлық рейсін 23 наурызға дейін, ал Mein Schiff 5 лайнерінің рейстерін 12 наурызға дейін тоқтатқанын хабарлап отыр. 
Қазіргі уақытта Mein Schiff 4 кемесі Абу-Даби портында тұр. 

– Соңғы күндері барлық жолаушы мен экипаж мүшелерінің көп бөлігі үшін кері рейстер ұйымдастырылды, – деп мәлімдеді компания.

Жолаушылар мен экипажды еліне қайтару жұмыстары TUI Cruises ұйымдастырған чартерлік рейстер және Qatar Airways әуекомпаниясының тұрақты рейстеріндегі броньдар арқылы үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу