Астанада өткен "Аmanat" партиясының кезекті съезінде "Әділет" партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астанада Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттардың қатысуымен AMANAT партиясының XXVI съезі өз жұмысын бастады. Қатысушылар есепті кезеңдегі Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жұмысының қорытындыларын қарап, партия қызметінің алдағы бағыттарын талқылады.
Партияның Мәжілістегі фракция мүшесі Үнзила Шапақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған саяси реформалар елді ауқымды жаңғыртудың негізіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл реформалар әділетті мемлекет қағидаттарын бекіткен және азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейткен жаңа Конституцияның қабылдануына жол ашты.
Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырғанын атап өтті. Оның пікірінше, реформалардың табысты болуы олардың өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылуына байланысты. Партияның Мәжілістегі фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов жүргізіліп жатқан реформалар жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын мәлімдеді.
Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы медициналық орталығының директоры, бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлмира Сағидуллина партия ұйымының әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды іске асыру, отбасыларды, жастарды, ардагерлерді және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау бағытындағы жұмысы туралы айтты.
Делегаттар AMANAT партиясының "Әділет" партиясына қосылуы туралы мәлімдеме жасады. Олар бұл қадам елді дамытудың стратегиялық міндеттерін табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп отыр.