Партиялар үгіт жұмыстарына қанша миллион шығындап үлгерді?

2202

Жаңа Мәжілісте вице-спикерлер толық жаңарады.  

Партиялар үгіт жұмыстарына қанша миллион шығындап үлгерді?

Қазақстан Мәжіліс депутаттарының сайлауына дайындықтың ақырғы кезеңіне аяқ басты.

Бұл доданы бақылауға 9 халықаралық ұйымнан және шет елдерден барлығы 374 байқаушы қызығушылық танытып отыр. Оның көбі – 225-і посткеңестік елдерден, 6-ауы – ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясынан, тағы 15-і – Шанхай ынтымақтастығы ұйымынан. 48-і – Еуропадан (ДИАҚБ/ЕҚЫҰ – 39, ЕҚЫҰ ПА – 9), 4-еуі – Ислам елдерінен (ИЫҰ), 7-еуі – Түркітілдес елдерінің ұйымынан. Қалған 26 байқаушыны шет мемлекеттер – Иордания, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Молдова, Түркия, Әзірбайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Венгрия, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина үкіметтері жібереді.

Қазақстандағы сайлауды бақылап, өз бағасын беруге ұмтылатындар саны өсуі мүмкін. Өйткені шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді жүргізу тек 2021 жылғы 4 қаңтар күнгі сағат 18.00-де аяқталады. Әлі уақыт бар.

Орталық сайлау комиссиясы қандай партияның сайлауға қанша ақша жинағанын және соның қаншасын жұмсап үлгергенін жариялады. Сонымен, саяси партиялардың сайлау қорына келесі көлемде ақша түскен: "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 310 миллион 541,4 мың теңгеден астам; "Nur Otan" партиясына – 637 миллион 500 мың теңге; "Adal" партиясына – 315 миллион теңгеден астам; "Ақ жол" демократиялық партиясына – 267 миллион теңгеден астам; "Қазақстанның халық партиясына" – 200 млн теңгеден астам.

Партиялар үгіт-насихат жұмыстарына қанша ақша жұмсады?

"Ауыл" – 255 миллион 249,2 мың теңгеден астам.

"Nur Otan" – 565 миллион 302,1 мың теңгеден астам.

"Adal" – 273 миллион 273,5 мың теңгеден астам.

"Ақ жол" – 254 миллион 538,2 мың теңгеден астам.

"ҚХП" – 177 миллион 783 мың теңгеге жуық.

Бұлардың ішінде сайлаушыларға тарататын, қабырғаға ілетін ақпараттық-баспа материалдарды, сондай-ақ телеарналар мен газеттерде орналастырылатын аудиовизуалды үгіт-насихат өнімдеріне "Nur Otan" көбірек шығындалыпты: 433,5 миллион теңгеден аса қаражат бағыттады. Одан кейін "Adal" (158,9 миллион), "Ақ жол" (133,5 миллион), "Ауыл" (130,8 миллион) келеді. "ҚХП" 76,7 миллион теңге ғана шығарды.

Үгіттеу жұмыстарын ұйымдастыруға жеке тұлғаларды жалдауға және бұл істі заңгерлер қызметімен сүйемелдеуге коммунистер көбірек шығындалыпты: 24,3 миллион теңге. Одан кейін "Adal" тұр: 16,4 миллион. "Ауыл" және "Ақ жол" партияларының мұндай шығындары тең: тиісінше, 15,8 және 15,5 миллионнан. "Nur Otan"-дыкі ең аз: 9,3 миллион теңге ғана.

Партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарында өзін-өзі жарнамалауға шығындары ұқсастау: "Ауыл" – 10,5 миллион, "Nur Otan" – 12,9 миллион, "Adal" – 10,7 миллион, "Ақ жол" – 10,5 миллион, "ҚХП" – 10,5 миллион теңге.

Ал көліктік және іс-сапар шығындарына "Nur Otan" бәрінен көп қаржы жұмсапты: 26,7 миллион теңгеден астам. Мұны партияның әр аудан-қала мен ауылды қамтуға тырысуымен түсіндіруге болады. "Adal"-дың шығыны аз емес – 16 миллион теңгеден асады. "ҚХП"-да – 11,3 млн теңгеден аса, "Ауылда" – 7,8 млн, "Ақ жолда" – 5,5 млн теңгеден астам. 

Атап өтер жайт, бұл тізім ешқандай рейтинг емес және қандай да бір партияның басымдығын көрсетпейді. Біз тек сайлаудың ашық әрі жария өтуі қағидатына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы ұсынған ақпаратты назарыңызға ұсындық.

Жалпы, алдағы сайлау біраз жаңалық әкелуі мүмкін. Мысалы, Мәжіліс төрағасының қазіргі қос орынбасары да келесі шақырылымдағы Парламенттен орын таба алмайды. Атап айтқанда, беделді саналып келген вице-спикер Гүлмира Исимбаева "Nur Otan" партиялық тізіміне кіре алмады. Ал теріс пікірлерімен әрі қазаққа қарсы көзқарастарымен қоғамның сынына ұшыраумен болған вице-спикер Владимир Божко Қазақстан халқы Ассамблеясының тізімінен шығарып тасталды.

Айтқандай, Ассамблея сайлауы бір күн кеш – 11 қаңтарда ҚХА-ның кезектен тыс сессиясы кезінде өтеді. Онда баламасыз 9 кандидат ұсынылады. Делегаттар соларды жақтап не қарсы дауыс беруі керек. Нәтижесінде, егер ұсынылғандардың бірі өз кандидатурасын алып тастамаса, Мәжілістегі "ассамблеялық" депутаттардың қазақ өкілінен (Сауытбек Әбдірахмановтан) басқасы тегіс өзгергелі тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінінің шешімімен ҚХА-дан Мәжіліс депутаты мандатын мына үміткерлерге беру ұсынылады: армяндар этносынан Батыс Қазақстан облыстық "Масис" армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Амирханян Аветик Рубенович, дүнгендер өкілі – Жамбыл облысы Қордай ауданының Сартөбе ауылдық округінің әкімі Буларов Ильяс Юсупович, орыс диаспорасынан – Көкшетау қаласының Техникалық лицейінің директоры, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Дементьева Наталья Григорьевна, кәрістер қатарынан – "Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ли Юрий Виссарионович, күрдер арасынан – "Барбанг" күрдтер қауымдастығының вице-президенті Набиев Вакиль Гусейнович, татарлардан – "Шығыс" фермерлік шаруашылығының басшысы Осин Шамиль Абзалетдинович, ұзақ жыл өзінің туған Ұйғыр ауданын басқарған, "ЖетісуОблГаз" ЖШС бас директоры Тохтасунов Владимир Имтахунович және әзербайжандар ұлтынан – "Әзірбайжандар қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хамедов Абилфас Муслимович.

Рас, ҚХА депутаттарына өз ұлтымен шектелмей, елдегі барлық этнос атынан сөйлеу және солардың бәрінің мүддесін қорғау жүктелген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу