Пассивті табыс: әйел 180 долларға 3 акция алып, миллионерге айналды

1011

Бағалы қағаздар қарапайым хатшы әйелдің тағдырын түбегейлі өзгертті.

Пассивті табыс: әйел 180 долларға 3 акция алып, миллионерге айналды Фото: ЖИ

Ешнәрсе істемей, қалай миллиондап табуға болады?

Америкалық Грейс Гронер өмірінің соңғы күндеріне дейін қаржылық сенсация тудыра алатын тұлғаға еш ұқсамаған еді, деп жазды inbusiness.kz.

АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Лейк-Форест қаласында қырық жыл бойы қарапайым хатшы болып еңбек еткен 100 жастағы зейнеткер дүниеден озды. Ол жұпыны өмір сүрді. Үнемі ескі киім киіп жүретін. Жеке көлігі де болмаған. Сән-салтанатқа үйір болмаған: үлкен байлықтың иесі екенін ешкімге сездірмеген.

Тек ол дүние салған соң, өсиетхаты жария оқылғанда, жұрт аһ деді. Гронердің шотынан 7,2 миллион АҚШ доллары табылды. Бұл ақшаны ол бизнеспен, басшылық қызметпен немесе сәтті биржалық операциялар сериясымен таппаған. Оның түп-төркіні әлдеқайда қызықты болып шықты.

1935 жылы, Грейс 26 жаста болғанда, ол өз жұмыс берушісі – Abbott Laboratories компаниясының әрқайсысы 60 доллар тұратын небәрі үш акциясын сатып алады. Жалпы сомасы 180 доллар шығындады.

Мұнда бастапқы салымның көлемінен гөрі үдерістің ұзақтығы маңыздырақ еді. Сатып алғаннан кейін Гронер ешнәрсе істемеді десе де болады. Ол биржа сарапшыларының ақыл-кеңесін оқып, сатылым үшін қолайлы сәтті болжауға еш тырыспады. Акциялардың бағасы өскенде пайданы "бекіту" үшін сатуға тұра жүгірмеді. Тіпті дағдарыстар тұсында да позициядан шығып кеткен жоқ.

Ол тіпті акциялардан өз шотына түскен дивидендтерді күнделікті тіршілігіне жұмсамай, өз жұмыс берушісінің жаңа акцияларын сатып алуға бағыттап отырды.

Өз кезегінде Abbott онжылдықтар бойы акцияларды бөлшектеуді (сплит: оның кезінде мысалы, 1 акция 10 акцияға айналады, бұл акцияларды арзандатып, халыққа барынша қолжетімді ету үшін қажет) бірнеше рет жүргізді. Осылайша, компания өз акцияларының иегерлері үшін ешқандай қосымша қаржылық шығынсыз-ақ, қолындағы қағаздардың санын көбейтіп беріп отырды.

Бұл жерде "күрделі пайыз эффектісі" деген құбылыс жұмыс істеді: дивидендтер акция санын ұлғайтты, жаңа акциялар келесі дивидендтерді әкелді, ал, сплиттер құнды қағаз көлемін еселеп арттырып отырды.

Осының арқасында 75 жыл өткенде алғашқы үш акция жалпы құны шамамен 7,2 миллион долларды құрайтын 100 мыңнан астам бағалы қағазға айналып шыға келген.

Табыс тарихының құпиясы: 1935 жылы қаланған іргетас

Бұл оқиғаның сырын түсіну үшін акциялардың нақты қашан сатып алынғанын ескерген маңызды. Бұл 1935 жыл еді. Американың экономикасы "Ұлы депрессиядан" енді-енді ғана ес жиып келе жатқан шақ. Сондықтан қарапайым хатшы қыз ол кезде тым қомақты сома саналған 180 долларын қатардағы фармкомпанияның акциясына салуы үшін үлкен батылдық керек еді.

Гронер ханым университетті емес, жергілікті Лейк-Форест колледжін 1931 жылы бітірген соң Abbott компаниясына жұмысқа орналасады. Ол кезде әйелдер кез келген мамандықты таңдай алмайтын: бұл тұрғыда мүмкіндігі шектеулі болатын. Оның үстіне ауыр экономикалық ахуал бұл мүмкіндікті одан сайын тарылта түсті. Өнеркәсіптік өндіріс қысқарып, жұмыссыздық өршіп, мыңдаған маман далада қалды.

Грейс үшін Abbott алдағы 43 жыл бойы үздіксіз еңбек ететін тұрақты ұжымға айналды. 1974 жылы ол қарапайым іс қағаздарын жүргізуші қызметінен зейнетке шықты. Оның мансабы аса жарқын болған жоқ. Тек оның өміріндегі бір ғана қаржылық қадамы оны әлемге әйгілі етті.

Неге Грейс стратегиясы инвесторлар үшін үздік үлгі емес?

Abbott Laboratories компаниясын 1888 жылы Чикаго дәрігері әрі фармацевті Уоллес Эбботт құрды. Ал, 1930-шы жылдарда шағын фармацевтикалық кәсіпорын төл зертханалары мен зауыттары бар, дәрі-дәрмек шығаратын ірі өндірушіге айналып та үлгерген еді.

Бүгінде, ХХІ ғасырда компания жылына шамамен 40 миллиард доллар кіріс табатын және 110 мыңнан астам қызметкері бар әлемдегі ең ірі медициналық өнім өндірушілердің біріне дейін өсті.

Өткен 138 жыл ішінде Abbott компаниясы бірде-бір рет өзгеге сатылған жоқ. Банкротқа ұшырамады. Бәсекелесінің сатып алып, "жұтып" қоюы салдарынан жоғалып та кетпеді. Салыстырғанда, бір ғасыр бұрын онымен бірге америкалық биржаларға кірген фирмалардың басым көпшілігі содан бері не жойылып кетті, не бірігу мен жұту нәтижесінде иелерін бірнеше рет ауыстырды.

Abbott 1924 жылдан бері үзіліссіз дивиденд төлеп келеді. Олардың мөлшері қатарынан 54 жыл бойы үздіксіз өсуде. Бұл Грейс сияқты акционерлерінің баюының басты механизміне айналды.

Сондықтан бір қарағанда бұл әйелдің стратегиясы ұзақ мерзімді инвестициялаудың мінсіз үлгісіндей көрінеді. Бірақ классикалық қаржылық теория тұрғысынан Гронердің портфелі тым тәуекелді еді. Барлық ақша бір ғана компанияның акцияларына салынды. Оның үстіне, ол компания – соның жұмыс берушісі еді.

Егер Abbott банкротқа ұшырағанда, Гронер бір мезгілде жұмысынан да, жалақысынан да, жинағынан да, зейнетақы капиталынан да айырылып қалуы мүмкін еді. Дәл осындай тәуекелді шоғырлану Enron сияқты компаниялардың қызметкерлерін тақырға отырғызды. Олар өз жинақтарын, зейнетақы шоттарын жұмыс берушісінің акцияларында ұстаған.

Олай болса, Гронер ханымның баюына сәттілік серік болды. Әйелдің ұтқан тұсы – ол жай ғана онжылдықтар бойы экономикалық дағдарыстарға төтеп беріп, дивиденд төлеуді жалғастырған компанияның акционері бола білді.

Өзі қарапайым өмір сүрді, студенттерге миллиондар сыйлады

7,2 миллион доллар капиталы бола тұра, қарт әйелдің өмір салты аса қарапайым күйінде қалды. Ол жиналған байлықты сәнді өмірге айналдыруға тырыспады.

Зейнетке шыққаннан кейін ол саяхаттап, мұқтаж жандарға анонимді түрде көмектесті. Ұзақ уақыт бойы шағын пәтерде тұрды. Кейін құрбысы қалдырған екі бөлмелі үйге көшті.

Грейс Гронер ешқашан тұрмысқа шықпаған және балалары да болмады. Сондықтан ол өз капиталының тағдырын алдын ала шешті. 2008 жылы, қайтыс болуына екі жыл қалғанда, Гронер өз атындағы қайырымдылық қорын құрып, жиналған акцияларды соған табыстады.

Ол қайтыс болғаннан кейін қор шамамен $7 млн алды. Оның құрылымы классикалық эндаумент принципіне негізделген: негізгі капитал сақталып, ары қарай инвестицияланады, ал одан түскен табыс қайырымдылық мақсаттарына жұмсалады.

Соңғы бағалаулар бойынша қордың капиталы жылына шамамен 300 мың доллар пайда түсіреді. Бұл қаражат Грейстің өзі оқыған Лейк-Форест колледжінің студенттеріне бағытталады. Бұл ақша стипендияларды, тағылымдамалар мен шетелде оқу бағдарламаларын қаржыландырады.

Онсыз бұл бағдарламалар студенттерге қолжетімсіз болып қалар еді. Өсиетхат жарияланған тұста бұл қор шамамен 1300 студентке көмектесе алатыны анықталды.

Бүгінгі нарықтағы жағдай өзгеше

Abbott акциялары бүгінде мүлде басқа нарықтық шынайылықта саудаланып жатыр. Кеше, 2026 жылғы 18 қыркүйекті Abbott Laboratories (ABT) акциясы $102,23 деңгейінде аяқтады.

Ағымдағы аптадағы баға диапазоны шамамен $100,33–$104,44, бір ай ішінде – $100,33–$117,34, ал, жыл басынан бері – $81,97–$129,46 аралығында құбылды.

2025 жылы ең жоғары көрсеткіш 141,23 долларға дейін шарықтаса, ең төменгісі 110,86 долларға дейін құлдырады. 2026 жылы сәйкесінше – 129,46 долларға шығандап, 81,97 долларға дейін құлады. Қазіргі баға өткен жылғы шыңынан шамамен төрттен бірге төмен.

Бұл ретте сарапшылар компанияның қаржылық болашағын қолданыстағы тәуекелдерімен бірге бағалап отыр. "Libre Duo", "Amulet 360" сияқты жаңа өнімдері мен кардиологияға арналған шешімдері биылғы екінші жартыжылдықта өсімді қолдауы мүмкін.

Дегенмен, заңгерлік тәуекелдері қысым тудыруда: балалар тағамына қатысты даулы іс бойынша 384 млн көлемінде залалды өтеу туралы келісім, сондай-ақ биржаның жоғары құбылмалылығы компанияның акцияларын төмен тартуы мүмкін.

Reuters агенттігі 27 сарапшының консенсусына сілтеме жасап, Abbott Laboratories (ABT) акциясы 103–135 доллар аралығында құбылады деп болжады. Бұл кепілдік берілетін нәтиже емес, сарапшылардың жорамалы ғана.

Айта кетейік, бұл материал тек ақпараттық сипатта: жеке инвестициялық ұсыныс немесе акцияларды сатып алу/сатуға үндеу болып табылмайды. Оқырман инвестиция жасау туралы шешімді барлық тәуекелдерді мұқият бағалап, әрі лицензиялы қаржылық кеңесшімен немесе брокермен ақылдасқаннан кейін ғана өз бетінше қабылдауға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу