Айдын Рахымбаев: Пәтер арзандамайды

6110

Оның айтуынша, әлемде құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. 

Айдын Рахымбаев: Пәтер арзандамайды

Пәтердің бағасы төмен түсуі мүмкін емес. Бұл туралы BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Сапалы зат арзан болмайды. Себебі цемент, арматура, үйдің терезелері, лифтілер қымбаттады. Осыған байланысты сапалы пәтердің де бағасы жоғары болады. Енді (тұрғын үйде – автор) лифті болмаса, бір қабатта 10 пәтер болса, ол арзандау болады. Сондықтан BI Group мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер салған жоқ. Біздің өзімізде тапсырыстар көп", – деді төраға.

Басшы пәтер бағасын қалай төмендетуге болатынын айтты.

"Қазір біз үлкен пәтер емес, шағын пәтер салу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, оның ішінде жиһаз трансформер болса, пәтер бағасы түседі. Жарты жылда 1-2 пилот өнімді шығарымыз деген ойдамын", – деді Айдын Рахымбаев.

Ол қолжетімді тұрғын үй салу бойынша мемлекеттік органдардан ұсыныс түспегенін атап өтті. Оның пікірінше, алдағы уақытта елде пәтер арзандамайды.

"Пәтердің бағасы өсуде. Мысалы, құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Бұл тек Қазақстанда емес, барлық мемлекетте болып жатқан жағдай. Сондықтан пәтердің бағасы көтеріледі деген ойдамын. Оның бағасы төмен түсуі мүмкін емес. Себебі барлық материалдың бағасы көтеріліп жатыр. Оны өздеріңіз де байқап отырсыздар", – деді директорлар кеңесінің төрағасы.

Сөз соңында Айдын Рахымбаев артық ақша болса, қазақстандықтарға пәтер алып қоюға кеңес берді.

Дәурен Ерболат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу