Пәтер және көлік иелеріне жаңа төлем төлеуге тура келеді

1492

Заңнамалық жаңашылдықтар нәтижесінде сақтандыру компаниялары шетінен "шылқыған байға" айналғалы тұр.

Пәтер және көлік иелеріне жаңа төлем төлеуге тура келеді Фото: ЖИ

Заң жобасы қабылданса, қазақстандықтар баспанасын табиғи апаттардан міндетті түрде сақтандыруға тиіс болады. Ал, автосақтандыру құны машинаның ғана емес, оның иесінің тұлғалық қасиеттеріне, кім екеніне байланысты қымбат не арзан тұратын болады. Таяуда "Сақтандыру нарығы туралы" заңжобаның "Ашық НҚА" порталындағы жария талқылауы аяқталды. Енді құжат ел Парламентінің – Құрылтайдың қарауына ұсынылады. Заң жобасы сақтандыру жүйесін түбегейлі жаңартады: тұрғын үйді, автокөлікті және қызметкерлерді сақтандыру тәртібіне өзгерістер енгізіледі, деп жазды inbusiness.kz 

Пәтеріңізді жер сілкінісінен, өрттен, тасқыннан сақтандыруға міндеттісіз

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін енгізудегі басты мақсат – баспана иелеріне қаржылық қорғаныстың ең төменгі кепілдендірілген деңгейін қамтамасыз ету. Бүгінде елдегі тұрғын үй қорының небәрі 3,2% табиғи апаттардан ерікті түрде сақтандырылған. Тіпті жері жиі тербелетін Алматының өзінде сақтандыру полисі бар пәтерлердің үлесі 7,7% ғана.

Қазақстанда 25 сақтандыру компаниясы бар. Алайда баспанасын сақтандырған жұрт аз шоғыр. Көпшілігі полис рәсімдеуді кейінге ысырып, ақшасын өзге көкейкесті мұқтаждықтарына жұмсауды жөн санайды.

Салдарынан төтенше жағдай туындағанда, бұзылған баспананы қалпына келтіру ауыртпалығы мемлекетке жүктеледі. Бюджеттен берілетін көмек зардап шеккен тұрғындарды қолдауға мүмкіндік бергенімен, ел қазынасының шығынын көбейтіп, алапат апаттар кезінде мемлекетке қосымша қаржылық салмақ түсіреді.

2024 жылы Қазақстанның 11 өңірін жайлаған алапат су тасқынынан кейін мыңдаған отбасы баспанасын жөндеуге немесе жаңадан үй салуға мәжбүр болды. Үкімет осы мақсаттарға 251 млрд теңге жұмсаған. 

Бұдан бөлек, мемлекет төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін жыл сайын бюджеттен шамамен 18 млрд теңге бөледі. Бірақ бұл қаражат келтірілген шығынның небәрі 15–20%-ын ғана өтейді екен.

ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстан аумағының шамамен 75%-ына табиғи апаттар қатері төніп тұр. Елдің 16 өңірінде жер сілкінісінің, су тасқынының қаупі сақталуда. Қазірдің өзінде 3 миллионнан астам тұрғын үй және 15 миллион тұрғын тәуекел аймағында орналасқан. Бұл – Қазақстан халқының 73 пайызынан астамы.

Үйді сақтандыру қанша тұрады және полис нені қамтиды?

Жаңа міндетті сақтандыру тетігі бұрыннан бар, үйреншікті коммерциялық жүйеден ерекшеленеді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу міндеті акционерлік қоғам нысанында жаңадан құрылатын Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қорына (ТМСҚ) жүктеледі.

Ол баспананы міндетті сақтандыру түрін жүзеге асыратын жалғыз ұйымға айналады (коммерциялық секторда тек ерікті сақтандыру қалады). Жеке сақтандыру компаниялары осы қор атынан халықтан сақтандыру жарналарын жинайтын делдал ретінде жұмыс істейді.

Баспанасын сақтандыруға міндеттелетін азаматтардың қаржылық жүктемесі заңмен шектеледі. Заң жобасында сақтандыру жарнасының жылдық ең төменгі мөлшері 0,5 АЕК-ті құрайтыны көрсетілген. Бұл 2027 жылы шамамен 2 347 теңгеге тең болады деп күтілуде.

Ал, жарнаның ең жоғары мөлшері 5 АЕК немесе шамамен 23,4 мың теңге болады.

Дегенмен төлемнің ақырғы, нақты мөлшері бұдан да жоғары болуы ықтимал. Себебі, жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрттері қаупін ескеретін өңірлік коэффициенттер қолданылады. Тиісінше, сондай қатер төнген аумақтарда орналасқан баспана үшін көбірек жарна сұралады.

Жүйе тек жұртшылықтан сақтандыру жарналарын жинаумен шектелмейді. Халықтың қаражаты есебінен қор-резервтер, соның ішінде жинақтау резерві қалыптастырылады. Ірі апаттардың тәуекелдері қайта сақтандыруға беріледі, ал, қордың активтері инвестицияланады.

Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай тетіктер ірі төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залалды өтеуге қажетті қаржыны алдын ала жинақтауға мүмкіндік береді. Бірақ мемлекет жүйеден шет қалмайды.

"Осылайша, заң жобасы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі мемлекеттік жүйені коммерциялық сақтандырумен алмастыруды көздемейді. Керісінше, апат тәуекелдерін баспана иелері, мамандандырылған қор, қайта сақтандыру жүйесі және мемлекет арасында бөлуге мүмкіндік беретін қосымша тетік ұсынылып отыр. Бұл ретте міндетті сақтандыру жарнасының мөлшері заңмен шектеледі", – деп сендірді ҚНРДА өкілдері.

Заң жобасына сәйкес, міндетті сақтандыру тек жеке тұлғалардың атына тіркелген, тұрақты тұруға арналған пәтерлер мен тұрғын үйлерге ғана қолданылады. Бизнес пен заңды тұлғаларға мұндай міндет жүктелмейді. Баспана табиғи апат қаупі бар өңірлерде орналасуы керек. Мұндай аумақтардың нақты тізімін Үкімет бекітеді.

Полис тек үш тәуекелді қамтиды:

· су тасқыны және су басу;

· жер сілкінісі;

· табиғи орман өрттері.

Үй ішіндегі жиһаз, тұрмыстық техника, жеке заттар, тұрғын емес құрылыстар, гараждар, қоралар және басқа да мүліктер үшін сақтандыру қоры өтемақы бермейді. Мүлкін әлдеқайда кең ауқымда сақтандырғысы келетін азаматтарға ерікті сақтандыру қызметін пайдалануға тура келеді.

12 миллион теңгеге дейін өтемақы: ақшаны кім және қашан алады?

Төтенше жағдайдан зардап шеккен баспана иесіне төленетін өтемақы келтірілген залалдың деңгейіне байланысты болады. Алайда төлемнің нақты шегі бар. Заң жобасына сәйкес, толық қираған баспана үшін жылдық сақтандыру жарнасының 500 есесіне дейін, бүлінген үй үшін – 250 есеге дейінгі көлемде өтемақы төлеу ұсынылуда.

Мысалы, азамат жылына 2,4 мың теңге жарна төлеп келсе, үйі толық қираған жағдайда 1,2 млн теңгеге дейін, баспанасы жай ғана бүлінген жағдайда – 600 мың теңгеге дейін өтемақы ала алады.

Егер жылдық жарнасы 23,4 мың теңге болса, толық қираған үй үшін төленетін өтемақы 11,7 млн теңгеге дейін, бүлінген баспана үшін 5,85 млн теңгеге дейін жетеді.

Демек, жарна мөлшері артқан сайын ықтимал өтемақы да көбейеді. Бірақ бастапқы кезеңде төленетін ақша қираған үйдің немесе пәтердің нарықтағы толық құнын өтеуге жетпейді. Жаңа жүйенің алғашқы мақсаты – апаттан зардап шеккен азаматтардың ең шұғыл қажеттіліктерін өтеуге қаржы беру. Алайда Үкімет халықтан жиналған қаражат көлемі артқан сайын қордың төлемді "баспананы қалпына келтіруге немесе жаңасын сатып алуға жеткілікті деңгейге дейін ұлғайтатынына" уәде етеді.

Өтемақы алу үшін алдымен сақтандыру жағдайы расталуы керек. Оны жергілікті әкімдік жанындағы арнайы комиссия анықтайды.

Одан кейін баспана иесі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы онлайн өтініш береді немесе құжаттарын өзі апарып тапсырады. Ақша өтініш берушінің банк шотына аударылады не қолма-қол ақша түрінде беріледі.

Алайда өтемақы төлеуден бас тартылатын жағдайлар да қарастырылған:

· сақтандыру полисінің мерзімі төтенше жағдайға дейін аяқталса;

· оқиға сақтандыру шарты күшіне енгенге дейін болса;

· залал сақтандыруға кірмейтін себептен туындаса;

· арнайы комиссия оқиғаны сақтандыру жағдайы деп танымаса.

Өтемақы төлеуден бас тартылған жағдайда оның себебі азаматқа жазбаша түрде хабарлануға тиіс. Егер тұрғын үй иесі бұл шешімге келіспей, өзін компенсация алуға лайық деп санаса, қаржы омбудсманына жүгіну мүмкіндігі де қарастырылған.

Егер Құрылтай депутаттары жеделдетуге тырыспаса, міндетті сақтандыру жүйесін тек 2030 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бастапқыда ол Алматы мен Шымкентте және Жамбыл облысында енгізіледі. Кейін жүйе тағы 13 өңірге таратылады. Яғни, елдің 16 өңірінің тұрғындары үйі мен пәтерін сақтандыруға міндеттеледі.

Заң қабылданғаннан кейінгі алғашқы бес жылда табиғи апаттардан сақтандыру жүйесімен ел бойынша 700 мың тұрғын үйді қамтып, осынша баспана бойынша шарт жасасу жоспарланған.

2027 жылдан бастап әр жүргізуші өз тәуекеліне қарай төлейді

"Сақтандыру нарығы туралы" заң жобасы автосақтандыру саласын да айналып өтпейді. Реформа сақтандыру полисінің құнын әр жүргізушіге жеке есептеуге, келтірілген залалды бағалауды біріздендіруге және сақтандыру төлемдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Өзгерістер көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға (КИ АҚЖМС) қатысты болады. Жаңа тәртіп бойынша сақтандыру полисінің бағасы әр жүргізуші үшін бөлек есептеледі. Сақтандыру компаниялары оның құнын анықтағанда "жүргізушінің жеке тәуекел бейнесі" деп аталатын көрсеткішке сүйенеді.

Бұл үшін сақтандырушылар көлік иесі мен жүргізушінің тәуекел деңгейін бағалайтын арнайы скоринг жүйесін пайдаланып, Бірыңғай сақтандыру дерекқоры мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді қарайды. Мұндағы әрбір дерек назарға алынады:

· жүргізушінің бұрын жол-көлік оқиғасына ұшыраған-ұшырамағаны;

· сақтандыру шығындарының тарихы;

· жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері;

· жүргізушілік өтілі;

· жасы;

· көліктің қаншалықты жиі және қай жерде, қай өңірде пайдаланылатыны; 

· көліктің жүріп өткен жолы (пробег) сақтандыру құнына әсер етеді.

Осы мәліметтердің жиынтығы жүргізушінің тәуекел деңгейін анықтап, ол үшін сақтандыру полисінің бағасын не арзандатады, не қатты қымбаттатады. Яғни, жын ұрғандай айдап, жолда жиі апатқа ұшырайтын немесе ережені көп бұзатын жүргізуші мен жолда өзін тәртіпті ұстайтын тәжірибелі жүргізушінің сақтандыру жарнасы бірдей болмайды.

Бұл ретте сақтандыру компаниялары полис құнына әсер еткен негізгі факторларды клиентке жария етуге міндеттеледі. Азаматтар есептеу нәтижесімен келіспесе, оған дау айту мүмкіндігі де беріледі.

Осы орайда жаңа өзгерістерге қатысты қоғамда туындаған сын мен күмәнге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде: "көліктер соқтығысса, оған енді сақтандыру төлемін бермейді екен, тек сақтандырушы ұсынған СТО-да жөндеу ғана мүмкін болады" деген пікір тарады.

Ведомствоның түсіндіруінше, заң жобасы көлік иесін автокөлігін міндетті түрде жөндетуге мәжбүрлемейді және сақтандыру өтемақысын ақшалай алу құқығынан айырмайды.

"Керісінше, заң жобасында көлік иесінің сақтандыру төлемін алу тәсілін өзі таңдау құқығы тікелей бекітіледі. Ол өтемақыны ақшалай түрде ала алады немесе сақтандыру ұйымының серіктес техникалық қызмет көрсету станциясында (СТО) көлігін жөндете алады. Бұған қоса, егер зардап шеккен азамат өтінішінде сақтандыру төлемін алу тәсілін көрсетпесе, қаражат оның банк шотына аударылады. Яғни, серіктес СТО-сында жөндеу жүргізу – сақтандыру өтемін алудың міндетті талабы емес, балама тәсілі. Өтемақының қай түрін таңдау керектігін көлік иесінің өзі шешеді", – деп хабарлады агенттік.

Қалай болғанда, Қазақстанның сақтандыру нарығын ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бір жағынан, жаңа жүйе табиғи апаттардан зардап шеккен азаматтар үшін халық есебінен алдын ала қаржылық қор қалыптастырып, мемлекеттің бюджетіне түсетін салмақты азайтады.

Екінші жағынан, әр өңірдегі үйге сомасы әртүрлі есептелетін жаңа міндетті төлем пайда болады, әрі автосақтандыру құны да әр адамның жеке басына қарай сараланғалы тұр. Ғаламторда қоғамның наразылығы байқалатынын ескерсек, ҚНРДА-ның неге жаңа тетікті енгізуге асықпай, келесі жылдарға қалдырып отырғанын түсінуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу