Пәтерде ашылған биржалармен қатаң күрес басталады

4929

Биржа ашу үшін 2 млрд теңге қажет болады. 

Пәтерде ашылған биржалармен қатаң күрес басталады

Лондон биржасы (LME) әлемдегі түсті, бағалы, қара секілді барлық метал құнын белгілейді. Чикаго биржасы (СМЕ, Chicago Mercantile Exchange) – жаһандық тауар саудасының "жүрегі" саналады. Нью-Йорк шикізат биржасы (New York Mercantile Exchange, NYMEX) дүниежүзіндегі "қара алтын" бағасын анықтайды. Еуропа мен Азиядағы өзге елдердің де тауарлық биржалары халықаралық деңгейде ықпал етеді.

Ал Қазақстанда тауарлық биржа дегені негізінен көзбояушылық. Бұған осы нарыққа талдау жүргізген Сауда және интеграция министрлігі көз жеткізді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Отандық биржалар марионетка-брокерге құмар

Қазіргі кезде Қазақстанда 18 тауар биржасы тіркелген. Олар 3 биржалық қауымдастыққа бірікті. Дегенмен, олардың бір бөлігі лайықты жұмыс істемейді: мысалы, 4 тауарлық биржа мүлдем жабық тұр және оларда бір жыл ішінде бірде-бір мәміле жасалмаған.

Кейбір тауар биржалары нақты бір сатушы мен сатып алушылардың шектеулі тобының мәмілелерін рәсімдеп беру үшін ашылған. Бақыт Сұлтановтың министрлігі өз талдауында мұны "қалта биржалары" деп атады.

Әрине, тәуелсіз биржалар да бар, бірақ ведомствоның бағалауынша, олар тым әлжуаз, әлсіз екен: "олар сауда-саттықты өткізуге келісімшарт жасасу үшін кез-келген шарттарға көнуге дайын".

Сорақылық мұнымен бітпейді.

"Сондай-ақ, тұрғын үйлерде тіркелген биржалар да бар, оларды "пәтер биржалары" деп атауға болады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін тауар биржаларына қойылатын заңнамалық талаптарды арттыру қажет", – деді Сауда және интеграция министрлігі (СИМ).

Осы нарық ойыншыларының мүддесін ілгерілетіп жүрген лоббист сарапшылар бір деректі алға тартады: Қазақстанда он жылда, 2009–2019 жылдар аралығында биржаларымызда бекітілген мәмілелердің саны 1 мың 119-дан – 53 мың 984 мәмілеге дейін, яғни 50 есеге дерлік ұлғайды.

Осы онжылдық кезеңде биржалық мәмілелер көлемі 30 есеге жуық – 55,1 миллиард теңгеден 1 триллион 441 миллиард теңгеге дейін өсіпті.

Алайда 2019 жылдан бері биржалық саудадағы көтерме тауар айналымы құлдырап кетті. Нәтижесінде, ондағы көтерме сауданың үлесі бар-жоғы 5,3%-ды құрады.

Тауар топтарына қарай бөліп қарасақ, биржада сатылатын шикізат пен тауар түрі тым шектеулі: биржалық саудада тек қант (89%-ы сонда сатылады) және көмір (52%) бойынша ғана жоғары үлесі байқалады. Бидай және басқа да тауарлар негізінен биржадан тыс сатылады.

Тағы бір түйткіл әшкереленуде. Жаңалықтар мен голливудтық фильмдерден халық жақсы біледі: биржа дегенде қолдарын жоғары сермеп, өз ұсынысы алдымен өтуі үшін бір-бірін баса айғайлап жатқан қаптаған брокер елестейді. Қазақстанда бұл жоқ. Неге?

Әлдекімнің жетегіндегі отандық биржалар брокерлерді аккредиттеуге қатысты аса қатаң талаптар қояды екен. Соның кесірінен биржада тек қожайын қалаған брокерлер ғана тіркеледі және олардың тізімі аз шоғыр болады. Бұл ақыр соңында биржада адал бәсекелестіктің болмауына соқтырады. Сауда-саттықтың ашықтығына нұқсан келтіреді.

Реформа нені көздейді?

Мұндай мазақ билікке ұнамайды. Сондықтан Үкімет салада түбегейлі реформалар жүргізуге білек сыбана кірісті. Сол арқылы мемлекет нарықта мәмілелер үшін нақты ақшасымен жауап беретін әрі көп миллиардтық келісімдер жасайтын мықты ойыншыларды ғана қалдырмақ ниетте.

Қолданыстағы заң бойынша биржа құру үшін тұлға 300 мың еселенген АЕК (немесе шамамен 800 млн теңге) мөлшерінде жарғылық капитал тапса, жеткілікті. Бұл әлгінде айтылғандай, "қалта" және "пәтер" биржаларының құрылуына түрткі болды. Сарапшылардың бағалауынша, "олар биржалық сауданың беделін түсіреді". Оның үстіне қалпымен клиенттеріне тәуелді: солар қойған шарттарды сөзсіз орындайды. Кез келген мәмілені рәсімдеп береді.

Ескере кетер жайт, 300 мың АЕК – биржаның сонша ақшасы болуы керек деген сөз емес. Мамандардың түсіндіруінше, бұл жарғылық капиталды әртүрлі активтер түрінде енгізуге рұқсат етіледі: сондықтан компаниялар бұл сомаға әралуан мүліктің, соның ішінде биржалық қызметті жүзеге асыру үшін қажет бағдарламалық қамтылымның, жиһаздың, ғимараттың, материалдық емес активтердің, тіпті өтімділігі төмен активтердің құнын да қосады.

Биржа ойыншыларынан он жыл бойы осы биржалар қызметіне қатысты бірде-бір шағым түспеуі де күмәндандырады. Бұл да уәкілетті органдарды алаңдатып отыр, себебі шағым болмаған соң олар биржаларды тексере алмайды: биржа болса, ең төменгі жарғылық капитал бойынша заң талабын ресми түрде, формальды сақтайды.

СИМ "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасын әзірлеп шықты.

Бұл құжатты Парламент қабылдаса, онда тауар биржаларының ең төменгі жарғылық капиталы 700 мың еселенген АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл биылғы жылы 2 миллиард 41,9 миллион теңгеге тең.

Бұл соманың кемінде 25%-ы нақты ақша түрде болуы міндет. Сонымен қатар биржаның акциялар, облигациялар және басқа да бағалы қағаздар түрінде ликвидті балама-эквиваленті болуы шарт.

Заң жобасында қазір істеп тұрған тауар биржаларына жарғылық капиталын осы мөлшерге жеткізу үшін 5 жылғы өтпелі кезең берілмек.

Сұлтанов министрлігінің мамандары есептегендей, егер заң жобасы күшіне енсе, биржа қожайындарына кем дегенде 24 миллиард 501,9 миллион теңге табуға тура келеді.

Кемел ете ме, кемсіте ме?

Сала ойыншылары мұның бәрін қажетсіз санайды. "Еуразиялық сауда жүйесі" тауарлық биржасының (товарная биржа ЕТС) СПОТ-нарықтар департаментінің директоры Рақым Сағади бұдан "дискриминация нышандарын" байқапты.

"Жауапкершілікті арттырамын деп, мұндай талаптар орнатудың қажеті қанша? Биылғы 2021 жылдан бастап, ДСҰ аясында қазақстандық нарыққа шетелдік компаниялардың кіруіне қойылған соңғы шектеулер жойылуда. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, 2025 жылға қарай одаққа мүше елдердің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы құрылмақ. Ал 700 мың АЕК немесе 2 миллиард теңгеден астам мөлшерде шекті меже орнату – қазақстандық кәсіпкерлік нысандарын кемсіту болып табылады. Сондай-ақ қазақстандық тауарлық биржалар нарығына жаңа ойыншылардың енуіне қосымша кедергі болады", – дейді Рақым Жағыпарұлы.

Ол көрші Ресейдің экономикасы Қазақстан экономикасынан 9,3 есе үлкен екеніне назар аудартты. Соған қарамастан, РФ-ның "Ұйымдасқан сауда туралы" федералдық заңына сәйкес, тауарлық биржалардың төл қаражатының ең төменгі көлемі кемінде 100 миллион рублді құрауға тиіс. Бұл 193 мың 007 АЕК-ке немесе 570 миллион теңгеге бара-бар.

"Олай болса, солтүстік көршіде ресейлік тауарлық биржалар үшін белгіленген төменгі меже Қазақстандағыдан қазірдің өзінде 1,6 есеге кем. Ал жаңа талап енгізілсе, 3,6 есеге төмен болмақ. Осылайша, ресейлік биржаларға қарағанда, қазақстандық биржалар тиімсіз жағдайда қалады. Бұл ретте жарғылық капиталдың 25%-ы ақшалай болсын деген талап Ресейде мүлдем жоқ. Бұл да дискриминациялық сипатқа ие. Ортақ нарық құрылған тұста қазақстандық биржа қалмауы ықтимал. Мынаны да ескерген жөн: тауарлық биржа инфрақұрылымдық институтқа жатады. Ендеше сауда ұйымдастырушы сапалы жұмысты жолға қою үшін биржа құру кезінде қыруар қаражат жұмсайды: биржалық сауда жүйесін, серверлік және коммуникациялық жабдықтарды сатып алады. Ол да үлкен шығынды қажет етеді", – деді сарапшы.   

Қалай болғанда, алда заң жобасы Парламентке енгізілген соң, қызу пікірталас жаңа деңгейге шықпақ. Министрліктің де, биржалардың да мүддесін қорғайтын депутаттар табылары сөзсіз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу