Павлодар мұнай-химия зауытын жөндеудің қайыры болмады

2113

Мұндағы ротор пайдалануға жарамайды.  

Павлодар мұнай-химия зауытын жөндеудің қайыры болмады Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласындағы мұнай өңдеу зауыты бір айға жуық уақыт бойы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенмен, алдағы бірнеше ай аралығында толық қуаттылықта өнім шығара алмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Еске сала кетейік, Павлодар мұнай-химия зауыты 1 қазан күні технологиялық құрал-жабдықтардың жаңғыртылуына байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Кейін "ҚазМұнайГаз" АҚ жөндеудің мерзімінен бұрын аяқталғанын хабарлап, тіпті тиісті шараларды жүйелі ұйымдастыра білген зауыт басшылығына алғыс жариялаған еді.

Алайда ерте аяқталған жұмыс "шикі" болып шықты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Павлодар облысына сапары барысында белгілі болды. Атап айтқанда, гидротазалау компрессоры роторының іске жарамайтыны анықталды. Оны тек бес айдан ғана ауыстыруға болады. Оған дейін Павлодар мұнай-химия зауыты дизель отынын тиісті көлемнен 20-40 мың тоннаға аз шығарады.

"Мұнай өңдеу зауытының тұрақсыз жұмысы бүкіл ішкі нарыққа кері әсерін тигізіп отыр. Біз тағы да дизель отыны тапшылығына тап болуымыз мүмкін. Сондықтан көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажет жанармайдың қорын жасау қажет. Ол үшін импортталған өнімге иек артуымыз да ықтимал. Ал жүктелген міндетті дұрыс атқара алмаған зауыттың бас директоры Оспанбек Әлсейітовке қатаң сөгіс жариялаған артық болмайды", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұл орайда Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та бірнеше өзекті мәселенің барын бүгіп қалмады. Алдымен құзырлы министрлік пен "ҚазМұнайГаз" басшылығы зауыттың технологиялық жабдықтарын жөндеу жұмыстарының мерзімін уақытылы айтып, ескертсе деген тілегін білдірді. Себебі Павлодар қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің 46%-ы осы жанармай акциздерінен тұрады. Сәйкесінше, бюджет есебінен жасалатын әлеуметтік міндеттемелер кәсіпорынның жұмысына тікелей байланысты.

Сонымен қатар өңір басшысы елімізде ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына қажет жанармай жеткізетін операторларды анықтаудың бекітілген механизмі жоқ екенін еске салды. Биыл Павлодар облысында шөп шабу және астық жинау жұмыстарына 21 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Соның нәтижесінде қажеттіліктің 75-80 пайызын өтеуге мүмкіндік пайда болды.  

"Қазақстанда шаруаларды арзан жанармаймен қамитын оперторларды анықтау, отынды егістіктерге дейін жеткізу қызметін бақылау бойынша бірыңғай ережелер жоқ. Сондықтан біз өңірлік деңгейде жеткізушілерді іріктеу механизмін құрдық. Балдық жүйені енгізген соң таңдауымыз үш операторға түсті. Енді бұл ережелерді Энергетика министрлігі бекітуі тиіс деп есептейміз", – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Газ тапшылығының туындауына байланысты жергілікті шаруалар жинаған астық шіріп кетудің шақ алдында қалғанын да айтты. Абырой болғанда Батыс Қазақстан облысындағы кендерден газдың қажетті көлемі уақытылы жеткізілді.

Жиын соңында министр Мағзұм Мырзағалиев мұндай қиындықтар зауыттардың өндірістік қуаттылықтарды жаңғыртқанына қарамастан, күтпеген уақытта жөндеуге тұрып қалатыны себеп екенін алға тартты. Жанармайды тұтыну көлемі артқан тұста бір жылда 25 күн бойы өнім шығармау – ойға қонымсыз дүние. Сондықтан "ҚазМұнайГаз" басшылығына бір жылда тек бір отандық мұнай өңдеу зауытын күрделі жөндеуді реттеу үшін бес жылдық жаңа жоспар құруды тапсырды.

Ажар Дәулетова