Павлодар облысында тағы бір ферроқорытпа зауыты салынбақ

5275

Жаңа кәсіпорын 2023 жылы іске қосылады. 

Павлодар облысында тағы бір ферроқорытпа зауыты салынбақ

Екібастұз қаласында ашылатын алғашқы жеке меншік индустриялық аймақта ферроқорытпа зауытын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"EkibastuzFerroAlloys" ЖШС жобаны іске асыру үшін 2021-2023 жылдары аралығында 55 млрд теңгеден астам инвестиция құяды. Құрылыс барысында 1500, ал зауыт іске қосылған соң 800 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Жоспар бойынша, жаңа кәсіпорын жылына 240 мың тонна жоғары маркалы ферросилиций мен 12 мың тонна микрокремнезем өндіреді. Оған қажет шикізатты Екібастұздағы көмір кеніштерінен алады.

Өндіріс орнының қоршаған ортаға әсерін саралаған "Экологический центр-PV" орталығының өкілі Юлия Короткова зауыт қаладан 17 шақырым қашықтықта салынатынын айтты.

"Атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін төмендету үшін тиімділігі 97%-ды құрайтын шаң ұстайтын құрал орнатылады. Соның есебінен ауаға жылына 921 тонна ғана қалдық шығарылады. Бұл құрал болмаған жағдайда шаңның көлемі 4,7 мың тоннаға жетер еді", – дейді Элия Короткова.

Зауыттың қоршаған ортаға әсері туралы құжатты дайындаушылар кәсіпорынның адам денсаулығы мен өсімдіктер, жануарлар әлеміне зиян келтірмейтінін алға тартады. Санитарлық жағдайды жақсарту үшін ферроқорытпа шығаратын орынның маңына қарағайлар салынбақ.

Индустриялық аймақта жаңа өндіріс орнының болуын еңбек ардагерлері де құптап отыр. "Екібастұздың ардагер энергетиктері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рашид Ғаббасовтың сөзінше, бір топ ардагер Қарағандыдағы дәл осындай зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.  

"Біз Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болып, ондағы тазалыққа, өндірістік қауіпсіздіктің сақталуына тәнті болдық. Жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. Екібастұзда сол сияқты кәсіпорын ашылса, ұтылмаймыз. 800-ден астам тұрғын үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, оларға 300 мың теңге көлемінде жалақы беріледі. Қаланың экономикалық әлеуеті артады. Сондықтан бұл жобаны мақұлдауымыз керек",– деді қоғамдық тыңдау барысында Рашид Ғаббасов.

Бірақ эколог Тенгиз Аубашев жоғарыда аталған пікірлермен келіспейді. Оның пайымынша, тағы бір кәсіпорынның салынуы тұрғындардың денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін.

"Қазірдің өзінде Екібастұз қаласына түсіп отырған экологиялық жүктеме ауыр. Егер жобаны жасаушылар ферроқорытпа өндірісін дамытуды көздесе, онда Қарағандыдағы зауыттың қуаттылығын неге арттырмайды? Меніңше, осы нұсқаны қарастырған әлдеқайда тиімді. Себебі қоршаған ортаның жағдайына алаңдаған тұрғындардан жобаға қатысты шағымдар жиі түсіп жатыр. Қажет болған жағдайда кәсіпорын құрылысына қарсы азаматтардың қолын жинап, билікке жолдауға әзірміз", – деді эколог.

Дегенмен, 200-ден астам адам қатысқан қоғамдық тыңдау өтті деп есептеліп, жоба мақұлданды. Енді зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттары жасалады.

Айта кетейік, Павлодар облысының аумағында қазірдің өзінде ферроқорытпа зауыты жұмыс істейді. Ақсудағы өндіріс орнында жылына шамамен 1 млн тонна дайын өнім шығарылып, шетелдерге экспортталады. Ақсу ферроқорытпа зауыты әлемде ферроқорытпа өндіріп, жеткізетін ірі компаниялардың бірі болып саналады.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу