Павлодар облысында тағы бір зауыт салынады

5178

Екібастұз қаласында ферросилиций шығаратын өндіріс орнының құрылысы басталды. 

Павлодар облысында тағы бір зауыт салынады

Жаңа жоба – "EkibastuzFerroAlloys" кәсіпорнының жұмысын акционерлер Ерлан Нығматуллин, Давид Кемертелидзе және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен бұл жобаның жүзеге асуына жергілікті жұртшылық пен экологтар қарсылық танытқанын атап өту керек. Шілде айында кәсіпорынның қоршаған ортаға әсері талқыланып, қоғамдық тыңдау өткен тұста эколог Тенгиз Аубашев шаһардың экологиялық жағдайына алаңдаған кейбір тұрғындардан жобаға қатысты шағымның жиі түсетінін айтқан еді. Соған қарамастан, 200-ге жуық адам онлайн түрде қатысқан қоғамдық тыңдау өтті әрі жоба мақұлданды деп саналды.

Сөйтіп кеше акционерлер жаңа зауытқа қатысты жоба-жоспармен бөлісті. Оны іске қосу үшін "Қазақстанның Даму банкі" АҚ 72 млрд теңге қарастырып отыр. Тағы 20 млрд теңгені инвесторлар өз есебінен қоспақ. Осылайша, жобаның жалпы құны 92 млрд теңгеден асады.

Бұл соманың бір бөлігіне әрқайсысының қуаттылығы 94,5 МВА болатын 4 пеш қойылады. Олар жылына 240 мың тонна жоғары маркалы ферросилиций шығаруға мүмкіндік береді.

"Зауыт экологиялық тұрғыдан таза болып есептеледі. Одан шыққан қалдықтардан микрокремнезем өндіріліп, әлемдік нарыққа жөнелтіледі. Жалпы зауыттың өнімі толығымен экспортқа бағытталған. Біз оны әлемнің 52 еліне жеткізіп, ферросилицийдің әлемдік нарығында алдыңғы қатардан орын алуды көздеп отырмыз. Соның нәтижесінде өңірдің экспорттық әлеуеті арта түседі", – дейді акционер Ерлан Нығматуллин.

Тағы бір акционер – Давид Кемертелидзе бұл өнімнің нарығы тұрақты екенін алға тартты. Сондықтан сұраныстың зор боларына сенімді.

Айта кетелік, 2023 жылы іске қосылатын зауытта шығарылатын ферросилицийді сатып алу жөнінде қазірдің өзінде келіссөздер жүргізіліп, оффтейк келісімшарттар жасалды. Алдын ала есептеулер бойынша, экспорт көлемі жылына 76 млрд теңге болатын өнімді құрайды. Екібастұзда дайындалған ферросилиций Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік АҚШ елдерін жеткізілетін болады.

Павлодар обылсының әкімі Әбілқайыр Сқақов жобаның экономикалық пайдасымен қатар, әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.

"Заманауи кәсіпорнының құрылыс жұмыстары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында басталуы – қуанышты жайт. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Екібастұз қаласын кешенді дамытудың жоспары әзірленгені белгілі. "EkibastuzFerroAlloys" зауыты – сол жоспардағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Ол республикалық Индустрияландыру картасы мен Павлодар облысының 2020-2025 кәсіпкерлікті қолдау картасына енді. Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде жергілікті 800 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады", – деп мәлімдеді аймақ басшысы.

Жылына 240 мың тонна ферросилиций өндіруде қолданылатын шикізаттың 96%-ы жергілікті болмақ. Себебі негізгі ресурстардың барлығы Павлодар облысының аумағында орналасқан.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу