Павлодар өңірінде қансорғыштармен күрес басталды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1820

Дезинсекция жұмыстары тамыз айына дейін жалғасуы мүмкін. 

Павлодар өңірінде қансорғыштармен күрес басталды Фото: pavon.kz

Павлодар өңірінде шыбын-шіркеймен маусымдық күрес жұмыстары басталды. Әзірше негізгі жұмыс қалаларда жүріп жатыр. Ертіс өзенінің жайылымындағы су тартылған соң, өзен алқабын дәрілеу қолға алынады. Бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалатын шаралар.

Белгілі болғандай, маусымдық шара өткен жылғыдай уақытылы басталған. Қаржыландыру көлемінде де анау айтқандай өзгеріс жоқ. Тек, процестің сапасына әсер ететін бірқатар өзгеріс бар. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановтың айтуынша, бұған дейін шыбын-шіркеймен күрес шаралары төрт лоттан тұратын-ды. Соған сәйкес, биологиялық және химиялық препараттарды жеткізетін мердігерлер, дезинсекция мен ғылыми сүйемелдеу қызметтері анықталатын. Енді мемлекеттік сатып алулар тек екі лот бойынша өткізіледі.

"Бұған дейін биопараттарды жеткізушілерге жауапкершілік жүктелмейтін. Осы жолы механизмді өзгертіп, екі лотты ғана қалдырдық. Мәселен, тәуелсіз ғылыми сүйемелдеуді енгіздік. Оның міндеті – қанша препарат жұмсалатынын, қашан және пайдаланылатынын анықтау. Ал өңдеуші химиялық және биологиялық құралдарды өзі сатып алуға тиіс. Осылайша, оның сапасына да өзі жауап беретін болады", – дейді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов.

Тағы бір өзгеріс – алдымен жұмыс атқарылады, ақша содан кейін ғана аударылады. Яғни, қаржы атқарылған нақты жұмысқа қарап төленеді. Осы орайда, бөлінген қаржының 70 %-ы Ертіс өзенінің алқабына шашылатын, шыбын-шіркей ұяшықтарының көзін жоятын бактерия жойғыш құралды сатып алуға жұмсалады.

Биыл өзен алқабын өңдеумен "Euro Экопром" фирмасы айналысады. Ал ғылыми сүйемелдеуді "Флагман" ЖШС атқарады. 7 мың гектар жерді дәрілеу жоспарланып отыр.

Павлодар өңірінде тұрғындардың мазасын алар шыбын-шіркейден бөлек, маса бар. Маса "майданы" да басталып кетті. "Металлург" және "Яблонька" бау-бақша шаруашылығында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға өндірістік биосинтез ғылыми-зерттеу институты тартылған.

Институт директорының орынбасары Аманжол Уляевтің сөзінше, қазір су қоймасының бір шаршы метрінен 50-ден астам маса ұяшығының дамуы мүмкін екендігі анықталған.  Бұл жұмыстарды жедел түрде бастау керектігін көрсетеді.

"Павлодар қаласының аумағында 20 су қоймасы бар. Олардың бәрі бақылауға алынады. Егер күн күрт жылынып кететін болса, маса да қаптайды. Сондықтан, дәрілеу шараларын жедел түрде жүргізу керек. Ертіс алқабындағы су қоймаларын да назарға аламыз", – дейді Аманжол Уляев.

Оның сөзінше, дезинсекция жұмыстары масалардың көзін құртуға емес, олардың санын азайтуға бағытталған. Қазір павлодарлықтарға былтырдан қыстап қалған масалар қауіп төндіруі мүмкін.

Павлодар қаласында масаларды дәрілеу жұмыстарымен "Базарбай" ЖШС айналысуда. Бұл мақсатқа 35 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Павлодар қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Есей Файзолланың айтуынша, қазір дәрілеу жұмыстары өңдеу рюкзактарымен, автошашыратқыштармен, сондай-ақ жылу генераторларымен жүзеге асырылуда.

"Шыбын-шіркейге қарсы "Хлорпирифос" препараты қолданылады. Оның 2,5 тоннасы сатып алынды. Биыл қала аумағының 10 мың гектарын дәрілеу жоспарлануда. Дәрілеу жұмыстары тамыз айына дейін жалғасады. Ал жертөлелерді дәрілеу жұмыстары пәтер иелері кооперативтерінің мойнында", – дейді Есей Файзолла.

Екібастұзда да қансорғыштармен күрес басталды. 1800 гектар жерді дәрілеу жоспарлануда. Оған 9 млн теңге бөлінген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу