Сарыағаштық шаруалар құлпынай егуді бастап кетті

8340

Қазір мұнда 30-ға жуық жергілікті ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған.   

Сарыағаштық шаруалар құлпынай егуді бастап кетті

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округінде 18 гектар құлпынай жайқалып тұр. Сәуір айында алғашқы өнімін бере бастайды. Қазір мұнда 30-ға жуық жергілікті ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған.

Құлпынай егу ісін "Абдураман" шаруа қожалығы осыдан 7 жыл бұрын 10 соттық жерге егуден бастаған. Жыл сайын нәзік дақылды өсірудің қыр-сырын меңгеріп, шетелден ұрық алдырып, мол пайдаға кенеліпті. Соның нәтижесінде бүгінде қожалық құлпынай көлемін 18 гектарға жеткізіп отыр.

Былтырғы жылы қожалық бас-аяғы 150 тонна өнім алыпты. Өндірілген өнімді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларымен қатар, облыстың Сарыағаш, Қазығұрт аудандарына саудалапты.

"Біз көп іздендік. Шетелдерге көп шығып, Сарыағаш ауданының климатына қолайлы сорттарды әкеле бастадық. Өткен жылы жалпы құны – 50 млн теңгені құрайтын жоба аясында 18 гектар жерге тамшылатып суару әдісін ендірдік. Бұл жоба толық іске асса, жылына 350 тонна өнім алуға болады. Сондай-ақ, 45 адамды жұмыспен қамтитын боламыз", – дейді қожалық төрағасы А.Шымбергенов.

Айта кетейік, құлпынай дақылы Түркістан облысында көп егіле бермейді. Дегенмен әрекет түбі – берекет, қожалық осыны ескеріп, тәуекелге бел буып, ірі көлемде шығын шығаруда. Алдағы жылдары қожалық құлпынайды жылыжайда өсіріп, 6 ай бойы өнім алуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу