Павлодар волейболшыларының қарызы қайтарылатын болды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1632

Жалақы бойынша жинақталған жалпы қарыз көлемі 100 миллион теңгеге жуықтайды. 

Павлодар волейболшыларының қарызы қайтарылатын болды

Соңғы уақытта Павлодар спортынан дау арылмай тұр. "Ертіс" футбол клубының жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын жазған едік. Енді, міне, жергілікті волейболшылар жалақыларын ала алмай жүр. Өңірдің спортына жетекшілік еткен Марат Айдашев та жұмысынан кетті.

Осы аптада жергілікті волейболшылар мен Павлодар облысының билігі жинақталған қарызды өтеу бойынша ымыраға келді. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов волейболдан әйелдер және ерлер клубтарының өкілдерімен кездесті. Ол спортшылар мен жаттықтырушылар алдындағы міндеттемелерден ешкімнің бас тартпайтынын және 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында қалыптасқан барлық қарыздың толығымен өтелетінін атап өтті. Ол үшін жергілікті билік демеушілердің көмегіне жүгініп, қаржы іздестіруде.

"Өкінішке қарай, жинақталған қарыз шамамен 100 миллион теңгені құрады. Бұл соңғы төрт жыл ішінде жылдан жылға көшіп отырған берешек. Осы уақытқа дейін аталған қарыздар біздің демеушілермен жасалған жаңа меморандумдардың есебінен жабылып отырған болатын. Биыл демеушілік қаражат басқа қажеттіліктерге, соның ішінде коронавируспен күрес шараларына жұмсалды", – деді Сәкен Шаяхметов.

Әкім орынбасарының сөзінше, қарыздың бір бөлігі осы жылдың соңына дейін, қалғаны жаңа меморандумға қол қойылғаннан кейін өтелмек. Қарыздың белгілі бір бөлігін алдағы бір жарым, екі айдың көлемінде төлене басталмақ.

Сәкен Шаяхметов қалыптасқан жағдай үшін спортшылардан кешірім сұрап, Павлодардың волейбол клубтарының алдағы маусымға қатысуы үшін бюджеттік қаржыландыру болады деп сендірді. Алайда, бюджеттік заңнамаға сәйкес, бұл қаражаттан спортшылар мен жаттықтырушыларға жалақы төлеуге болмайды. Сондықтан, ойыншылармен есеп айырысу үшін жаңа демеушілер тартылады. Кездесуге қатысқан спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы, ұзын саны 30-ға жуық адам ұсынылған шарттармен келісіп, мүмкіндігінше тезірек есеп айырысуды өтінді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Фархат Әміренов

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу