Павлодарда биыл жиналған астық шіріп кетуі мүмкін

3055

Бидайды кептіретін арнайы қондырғыларға құятын газ жоқ. 

Павлодарда биыл жиналған астық шіріп кетуі мүмкін

Павлодар облысының билігі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл аймақтың шаруалары 653 мың гектардан астам алқаптан 787 мың тонна дәнді дақыл жинады. Алайда оның барлығын сақтау мәселесі қиын болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өңірдегі астық өсіретін ірі шаруашылықтардың бірі – Абай атындағы шаруа қожалығында биыл бидай бітік шықты. Десе де шаруашылық басшысы Николай Миллер 5 мың тонна өнімді сақтау мәселесіне алаңдап отыр.

"Соңғы күндері жаңбырдан көз ашпай келеміз. Оның үстіне бидайды кептіретін қондырғыларға құятын газ жоқ. Қазіргі кезде өнімнің ылғалдығы 22%-ға дейін жетеді. Бір апта аралығында биылғы бидайды кептіріп үлгермесек, барлығы шіріп кетеді. Сол кезде өңірде астық, нан тапшылығы туындауы мүмкін", - дейді шаруа.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің сөзінше, мәселе аз уақыт аралығында шешіледі. Таяу күндері облысқа 2 мың тонна көлемінде газ жеткізілуге тиіс. Ал шаруалардың жалпы сұранысы – 720 тонна. Яғни, газ тапшылығы туындамайды.

Бұл ретте астық нарығына қатысты тағы бір мәселенің шеті шықты. Ұн өндіретін кәсіпорын басшылары бидайды сыртқа экспорттауға шектеу қоюды сұрап отыр. Әйтпегенде, аймақта өңдейтін астық қалмайтын түрі бар.

"Ауа райының қолайсыздығы мен газ тапшылығына байланысты аймақта астықты сақтау мәселесі өткір тұр. Ол аздай онсыз да аз астық бірінші кезекте Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан мен Түркіменстанға жөнелтіледі. Бағасы да аспандап тұр. Шаруалар бір тоннасы үшін 122 мың теңгеге дейін сұрайды. Бұлай жалғаса берсе, жергілікті диірмендер шикізатсыз, сәйкесінше халық нансыз қалуы ықтимал", - дейді кәсіпкер Жанар Серімова.

Сондықтан ұн өндірумен айналысатын орындардың иелері астық экспортына баж салығын енгізуді сұрап отыр. Бірақ жергілікті шаруалар бұған қарсы.

"Ел билігі аграрлық экспортты арттырып, әлеуетті асыру туралы сөз қозғаған тұста салық салу туралы бастама көтеру – қисынсыз дүние. Онсыз да диқандардың ала жаздай тапқан-таянған табыстары – тиын-тебен. Егер шет елдерге бидай жеткізгеніміз үшін тағы салық төлейтін болсақ, түк пайда көрмейміз. Одан да егін шаруашылығымен айналыспаған артық", - дейді "Замандас" шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бакишев.

Екі тарап арасындағы мәселеге жергілікті билік араласты. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов салыққа қатысты бастаманы қарастыру туралы орталық органдарға тиісті хат жолданатынын айтты.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу