Павлодарда қар "қымбаттады"

2660

Қар шығару қызметінің бағасы екі есеге дейін өсті. 

Павлодарда қар "қымбаттады"

Еліміздің солтүстігіндегі Павлодар облысында коммуналдық техникалар иелері қарды қала сыртындағы полигонға дейін апару үшін қомақты қаржы сұрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйлер мен бизнес нысандары маңындағы бес метрлік аумақты сол ұйымдардың өздері күтіп-ұстауы тиіс. Яғни көпқабатты баспаналардың аулаларынан қарды шығаруға пәтер иелері кооперативтері жауапты. Сол сияқты сауда орындары, дәмханалар сияқты мекемелер маңын кәсіпкерлер тазалауы керек. Алайда қызмет көрсететін компаниялар бүгінде қарды полигонға дейін жеткізу қызметінің айтарлықтай қымбаттағанын айтады. Өткен жылы арнайы техниканы бір сағатқа жалдау бағасы 7 мың теңге болса, биыл 10-14 мың теңге аралығында.

"Біз қара тазалау жұмыстары үшін қордағы қаражатты пайдаланамыз. Бірақ бұл қызмет тым қымбат. Әсіресе, боран соғып, қар көп жауған күндері бір емес, бірнеше рейс жасауға тура келеді. Сәйкесінше, арнайы техника иелеріне беретін сома көбейе түседі. Мысалы, кей кездері баға 40 мыңнан асып кетеді. Күн сайын тек қар тазалауға 40 мың теңге бере алмаймыз. Бізде ондай ақша жоқ", – дейді пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Валентина Внукова.

Ал аулалардағы қарды уақытылы шығармаса, жергілікті полиция қызметкерлері айыппұл салады. Оның сомасы да аз емес. Абаттандыру талаптарын сақтамағаны үшін 61 мың теңгеден 91 мың теңгеге дейін төлеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер "былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледінің" кебін киіп жүр.

Бұл ретте қалалық қазынадан қар тазалауға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайғанын атап өту керек. Былтыр Павлодар қаласының әкімдігі көшелерді тазалауға 1,4 млрд теңге бөлсе, биыл 1,5 млрд теңге қарастырылды. Ал келесі жылы 1,6 млрд теңге жұмсалмақ. Мердігерлерді анықтайтын мемлекеттік конкурс жарияланып қойды. Оған өтініштер келесі жылдың 6 қаңтарына дейін қабылданады. Конкурсты жеңіп алатын компания тәулік бойы, демалыссыз қызмет етіп, қыстың күндері қала көшелерін қардан, сондай-ақ жапырақтардан, қоқыстан тазартуға тиіс. Тіпті, инстаграм желісінде арнайы парақша ашып, күн сайын қала тұрғындарына атқарылған жұмыстар туралы есеп беруі керек деген талап бар.

Айтпақшы, жақында Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов инстаграмдағы жеке парақшасы арқылы көпшіліктің көктайғаққа қатысты сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, мұз үстіне тұздың орнына неге құм себілетінін түсіндірді.

"Маған да барлық жерде аяқ киімге жабысып жүретін құм ұнамайды. Мен де оны көшеден аяқ киіммен жұмысқа, үйге тасимын. Бірақ мердігерлер құмды алдағы уақытта да себеді. Себебі оның баға мен сапа жағынан лайықты баламасы жоқ. Тұз таза түрінде, құммен араласса тиімді. Одан аяқ киім де былғанбайды. Әйтсе де, тұздың бір бөлігі топыраққа түсіп, жасыл желектің өсуіне кері әсер етеді. Ал химиялық реагенттер тым қымбат әрі улы. Павлодарда онсыз да сирек өсетін жасыл желекті улау үшін әкімдік қаржы төлемейді", – деді Асайын Байханов.

Шаһар басшысы көктайғаққа қарсы өнімдерді шығару туралы идеяларды қарастыруға дайын екенін атап өтті. Тек оның сапасы жоғары, бағасы арзан болуы керек.

Айта кетейік, облыс орталығында барлығы 400 шаршы шақырымнан асатын аумақ тұрақты түрде тазаланады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу