Павлодарда нан қымбаттады

17850

Бір тонна бидайдың бағасы 47 мың теңгеден 52 мың теңгеге, бір келі ұн  63 теңгеден 68 теңгеге жетті.

Павлодарда нан қымбаттады

Деректерге сүйенсек, Павлодар қаласында күніне 2-3 мың бөлке нан пісіретін 20-ға жуық наубайхана бар. Өткен аптада олардың барлығы дерлік нан бағасын орта есеппен 5-15 теңгеге дейін өсірді.

Тұрғындар жиі тұтынатын "Пахомовский" наны 66 теңгеден 72 теңгеге, "На сыворотке" деп аталатын нан түрі 65 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттады.

"Интер-Групп" ЖШС директорының орынбасары Петр Белоусовтың айтуынша, нарықта үшінші сұрыпты бидайдың аз болуы бағаны өсіруге мәжбүр еткен.

"Қазіргі уақытта нарықта үшінші сұрыпты бидай жоқтың қасы. Былтырғы қор таусылды. Ал биылғы өнім әлі жиналып болған жоқ. Бидайдың бір тоннасының бағасы 47 мың теңгеден 52 мың теңгеге, ұнның бір келісі 63 теңгеден 68 теңгеге қымбаттады. Тапшылық қатты сезіліп жатыр. Павлодарлық диқандар алдымен ішкі нарықты астықпен қамтуы керек. Оларға осыны міндеттеу керек деп ойлаймын. Содан соң ғана сыртқа шығарса, жөн болар еді. Әйтпесе сапалы шикізаттың басым бөлігі экспортталып, бізге бұйырмай қалады", – дейді Петр Белоусов.

Ал Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәбит Қаратаевтың сөзіне сенсек, астық қабылдау кәсіпорындарында шикізат жеткілікті.

"Біздегі мәлімет бойынша, былтырдан 33 мың тонна астық қалған. Биыл  әзірше 16,6 мың тонна астық бастырылған. Бүгінгі таңда үшінші сұрыпты бидайдың қоры 35,1 мың тоннаны, төртінші сұрыпты бидай 6,4 мың тоннаны құрап отыр", – деді Сәбит Қаратаев.

Наубайхана өкілдерінің айтуынша, нан бағасының өсуіне шикізаттан бөлек, басқа да факторлар әсер еткен.  

"2015 жылдан бері ұн 43%-ға, жанармай 55%-ға, электр энергиясы 19%-ға, көмір 34%-ға қымбаттады. Сондықтан нан бағасының өсуі – заңдылық. Нанның бір бөлкесін 70 теңгеден сатқанда әр бөлкеден 2-3 теңге шығын көретін едік. Бір бөлкенің бағасы 75 теңге болса, жағдай түзеледі. Жалпы, айына құны 1 млн теңге болатын өнім наубайханаға кері қайтарылады", – дейді "Павлодар нан-тоқаш комбинаты" ЖШС-ның қаржылық директоры Вячеслав Юдин.

Доллар бағамының өзгеруі де нан-тоқаш өнімдерінің бағасына кері әсерін тигізген. Атап айтқанда, наубайханалар тоқаштарды қаптайтын орамаларды сырттан АҚШ долларына сатып алады. Бұған дейін мұндай орамалардың бір келісі теңгеге шаққанда 900 теңге болса, енді 1200 теңге тұрады. Салдарынан алдағы уақытта тәтті тоқаштардың да бағасы да өсуі ғажап емес.  

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу