Павлодарға Арыстан 130 бала келді

2500

Олар 15 күн Баянауылдағы лагерьде демалады.

Павлодарға Арыстан 130 бала келді

Арыстағы оқиғадан соң Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдегі жазғы сауықтыру лагерьлеріне зардап шеккен аймақтың 300 оқушысын қабылдауға әзір екенін айтқан болатын. Бүгін таңертең олардың алғашқы легі – 130 бала арнайы рейспен Павлодар әуежайына келіп жетті. Сонымен қатар, Түркістаннан келген 9 тәрбиеші бар. Балалардың барлығы дерлік Ертіс-Баян өңіріне алғаш рет келіп отыр. Араларында ұшаққа бірінші рет отырғандары да бар.

"Жарылыстың дауысы алғаш рет естілгенде, әскери бөлімде оқу-жаттығу жұмыстары жүріп жатқан болар деп ойладық. Далаға шығып қарасақ, снарядтар қалаға қарай ұшып, жарылып жатыр. Содан ата-анам, бауырларым – бәріміз Шымкентке қарай өз көлігімізбен бет алдық. Ақмешітте, мектепте түнеп, туыстарымыздың үйінде болдық. Ақмешітке барғанымызда Павлодар облысы оқушыларды лагерьге шақырып жатқанын естідім. Бірден қызығушылық танытып, ата-анама барғым келетінін айттым. Олар қарсы болмады. Сөйтіп, досым екеуміз ұшақпен Павлодарға келдік. Шынымды айтсам, бұған дейін әуе көлігіне отырып көрмеппін. Мұның өзі мен үшін күтпеген жайт болды. Оған қоса, бізді сән-салтанатпен қарсы алады. Жергілікті жұртшылықтың қамқорлық танытқандары қуантты", - дейді Арыс қаласынан келген оқушы Нұрлан Бейсембек.

Балалармен бірге келген Арыс қаласындағы №372 мектептің әлеуметтік педагогы Ақжарқын Кенжебекованың айтуынша, абырой болғанда жарылыс күні мектепте оқушы болмаған. Тұрғындардың барлығы дер кезінде эвакуацияланып, жақын маңда ұйымдастырылған лагерьлер мен мектептерге орналастырылды.

"Бастысы оқушылар зардап шеккен жоқ. Әрине, бұл күтпеген жағдай болғандықтан, көңілдері алабұртып, қорқыныш сезімі болғаны рас. Бірақ лагерьде демалып, үйлеріне жақсы көңіл-күймен қайтады деп ойлаймын", - дейді Ақжарқын Кенжебекова.

Арыстықтарды қарсы алған облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов оқушылар үшін төрт лагерь дайын екенін айтты. Баянауыл ауданындағы "Жас дәурен", Шарбақтыдағы "Чайка", Павлодар қаласындағы "Балдәурен" және "Қазхром" АҚ қарасты "Ферросплавщик" лагерьлері оқушылардың демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға әзір.

"Қазақтың талай біртуар азаматы дүниеге келген Ертіс-Баян өңіріне қош келдіңіздер! Біз сіздердің 15 күн бойы жақсы демалып, қиындықты ұмытып, ой сергітулеріңіз үшін барлық жағдайды жасаймыз. Табиғаты көз тартар Баянауыл ауданы мен облыс орталығынан естен кетпес әсер аларсыздар деген сенімдемін", - деді Асхат Оралов.

Павлодар қаласындағы жоғары оқу орындарында "Серпін" бағдарламасы бойынша білім алатын студенттер Арыстан келген балалармен бірге жұмыс жасап, жетекшілік ететін болады. Алдағы аптада арыстық шәкірттердің екінші легі – 170 бала келеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, ертең Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған бір топ маман Арысқа жолға шығады. Павлодарлық құрылысшылар жарылыстан зардап шеккен 450 үйді бір айдың дересінде жөндеп, қайта қалпына келтірмек.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу