Павлодарлық дәрігерлер төлемақы ала бастады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5562

Бұл мақсатқа 566,6 млн теңге бөлінді. 

Павлодарлық дәрігерлер төлемақы ала бастады

Үкімет елдегі төтенше жағдай кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында бірқатар шараны қолға алған болатын. Осы орайда, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық операторы ретінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қомақты қаржы бөліп, ақ желеңді жандарды ынталандыруды бастады. Дәлірек айтсақ, павлодарлық дәрігерлерге үстем ақы төлене бастады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облыстық филиалының директоры Нұрлан Қасымовтың айтуынша, өңірде бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 566,6 млн теңге бөлінген.

"Эпидемияға қарсы шараларға қатысып жатқан медициналық ұйымдар алдында республикалық бюджеттен бөлінетін қаржылық міндеттемелерді орындау – медициналық сақтандыру қорының негізгі міндеті. Төлем алатындардың тізімін жасау аймақтардағы жедел штабпен арнайы құрылған жергілікті атқару органдарына жүктелді. Мұндай комиссия біздің облыста да құрылды. Оны облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов басқарады. Комиссия құрамына кәсіподақ және қоғам өкілдері енді", – дейді Нұрлан Қасымов.

Медициналық қызметкерлерге арналған төлемдер жұмыстың қауіптілігі мен қиындығына қарай тағайындалады. Төлем көлемі 212,5 мың теңгеден басталып, 850 мың теңгеге дейін жетеді.

"850 мың теңге көлеміндегі төлемді жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлері мен реаниматологтар алды. 425 мың теңге уақытша стационарлар мен жедел медициналық көмек қызметерлеріне берілді. Карантинге жабылған стационарлардың дәрігерлері мен медициналық персоналдарға, жедел көмек бригадасының жүргізушілеріне, вирусты анықтау бойынша зертханалық зерттеулерге қатысатын зертхана, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдеріне, пациенттерді тұмау және пневмония диагноздарымен қабылдап, биологиялық материалдарды жинайтын жедел стационарлар мен алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың қабылдау бөлімшелері қызметкерлері, жедел штаб жұмыскерлері  212,5 мың теңгеден төлемақы алды", – деді Нұрлан Қасымов.

Еске сала кетейік, соңғы бірнеше күнде Павлодар өңіріндегі жағдай қиындай түсті. 9 сәуірде коронавирус жұқтырған өңір тұрғыны жазылып шықты деп сүйінші хабар тартқан едік. Дәл сол күні вирус жұқтырған екі азаматтың анықталғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, оның бірі қаза тапты. Ал бүгін тағы бес павлодарлықтан коронавирус анықталды. Бүгінде облыс бойынша 1100-ден астам адам карантинге алынды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу