banner

Павлодарлық кәсіпорындар саудаға шығарылды

2821

Павлодардағы "Майқайың алтын" және "Каустик" кәсіпорындары  2017 жылға арналған жекешелендіру тізіліміне енді. Ranking агенттігінің мәліметіне жүгінсек, қос компанияның табысы 2,4 млрд және 4,7 млрд теңге деп бағаланып отыр.

Павлодарлық кәсіпорындар саудаға шығарылды

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту аясында 2016-2020 жылдары 782 нысанды сату қарастырылып отыр, оның ішінде "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ, "Бәйтерек" АҚ және "ҚазАгро" АҚ бар.

"Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС қарайтын "Майқайың алтын" АҚ акциясы пакетінің 25%-ын сату туралы әңгіме бұрыннан айтылып жүрген болатын, ал "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ қарайтын "Каустик" АҚ-тың 40%-ын сату кезінде күтпеген жағдай болды.

Жаңа бетбұрыс

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" "Каустик" компаниясының қарапайым акциясының 40%-ын сатып алу жөніндегі келісімді 2013 жылдың ақпан айында жасаған болатын. Сатып алу-сату келісімшартына "Қазатомөнеркәсіп" тарапынан басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Рыспанов, "Каустик" тарапынан басқарма төрағасы Ерлан Орынбеков қол қойған еді. Кәсіпорын алаңында "Қазатомөнеркәсіп" жұмысымен байланысты бірқатар импорталмастыратын өндіріс ұйымын құру жоспарланған болатын. Бұл жерде әңгіме уранды өндіру мен өңдеуде қолданылатын өзінің жеке күйдіргіш содасын және сутек тотығын, сонымен бірге сирек металл мен реагент өндіру үшін хлор алу жайында болып отыр. Сонымен бірге әлемдік технология трансферті негізінде ауыз суды тазалау мен дезинфекциялау үшін реагент өндірісін құру жоспарланған еді.

"Қазақстан химия өнеркәсібі – экономиканың келешегі бар сегменті. "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-тың "Каустик" АҚ жобасына қатысуы тек "Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорны жұмысының экономикалық тиімділігін және өнімдері желісін кеңейтуге көмектесіп қана қоймайды, сонымен бірге мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында елдің ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға үлес қосады", – деп келісімге түсініктеме берген болатын "Қазатомөнеркәсіп" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Рыспанов.

Ал "Каустик" АҚ басқарамасының төрағасы Ерлан Орынбеков ұлттық атом компаниясының компания акционерлерінің құрамына кіруі зауыт үшін және жалпы химия саласын дамыту үшін маңызды оқиға екенін айтып өткен болатын.

"Бұл келісім өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға негіз болады. Бұл оқиға елді үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік-жеке әріптестіктің жарқын үлгісі", – дейді химия кәсіпорнының басшысы.

"Каустик" АҚ 2002 жылы "Павлодар химия зауыты" АҚ-тың мүліктік кешені базасында құрылған. 2011 жылы Павлодарда "Қазақстанның даму банкі" мен "Қазақстан Эксимбанкінің" қаржыландыруымен мембраналық әдіспен алынатын күйдіргіш сода шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт құрылысына 108 млн доллар қаржы салынды. Жобалық қуаты жылына 30 мың тонна күйдіргіш сода, 6,6 мың тонна гипохлорит натрий, 26,4 мың тонна хлор және 45 мың тонна тұзды қышқыл.

Жекешелендіру бағдарламасына сәйкес, профильді емес активтерден құтылатын компаниялар үшін ең бастысы – шығындарды азайтып, негізгі кәсіптік қызметке көбірек көңіл бөлу. Ал уран және оның қоспаларын, АЭС үшін ядролық отын экспорттайтын "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясында профильді емес активтер көп болатын.

Атом холдингіне уран өнімін өндіру және өңдеу, ядролық-отын циклін өндіру бойынша кәсіпорыннан басқа сирек металлургия, химия өнеркәсібі, тіпті әлеуметтік сала компаниялары кіреді. Оңтайландыруға қатысты жұмыс бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. 2013 жылдан бастап 2016 жылға дейін "еншілес" компаниялар үш есе азайды. privatization.sk.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, "Қазатомөнеркәсіп" осы жылдың соңына дейін еншілес компаниялар мен тәуелді ұйымдар санын екі есе, яғни 82-ден 41-ге дейін қысқартпақ.

"Оның ішінде "Каустик" АҚ бар. Бұл компания да сатуға қойылады. "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының үлесін сатып алу туралы шешімі өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделген еді. "Каустик" компаниясының акционері болғаннан кейін атом холдингі кәсіпорынның қарызын доллардан теңгеге ауыстырып, компанияның қаржылық жағдайын жақсартты. Компанияның коммерциялық қызметі қайта сарапталып, нәтижесінде өнім сату схемасы жеңілдетілді. Бүгінгі күні "Қазатомөнеркәсіп" "Каустик" компаниясы толық өндірістік қуатына қол жеткізген мықты кәсіпорын екеніне сенімді".

"Каустик" кәсіпорнынан түсінік алу мүмкін болмады.

Жылтырағанның бәрі алтын емес...

"Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС қарайтын "Майқайың алтын" АҚ акцияларының 25%-ын сату 2014 жылдан бері жүргізіліп келеді, алайда әзірге сәтсіз болып тұр. Акциялардың 75%-ы негізгі пакеті резидент емес Rence Enterprises LTD компаниясында. Forbes Казахстан мәліметіне сүйенсек, ресейлік бизнесмен Игорь Алтушин Ресейдегі мыс өндірісінде үшінші орында тұрған екатеринборлық "Русская медная компания" (РМК) ЖАҚ бақылайды.

РМК 2006 жылдан бері Ақтөбе мыс компаниясын, сонымен бірге "Майқайың алтын" АҚ бақылайды. Кәсіпорын мыс концентратын өндіру және кәсіпорынның жылына жобалық қуаты 300-ден 500 мың тоннаға дейінгі гравиконцентратына маманданған. Есепке сәйкес, 2014 жылдың қазан айында акцияның 25%-ы нарықтық құны 1,2 млрд теңге тұрған.

Аbctv.kz-ке "Майқайың алтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин: "Кәсіпорын өткен жылы банкрот болып қала жаздады. Екі кен орнына келісімшарт бар. Оның бірі қазіргі уақытта құлдырап бара жатқан "Алпыс" кен орны. Барлығын ашық түрде таңдап, жабық түрде жұмыс істей бастадық. Кей кен қоры бар деген жерде ештеңе болмай шықты. Ал "Майқайың В" кен орны жайлы айтар болсақ, ол жерде қор бар, бірақ кен қиын өндіріледі. Қиындығы көп, сондықтан кәсіпорынға деген қызығушылық жоқ. Онымен қоса кәсіпорынның несие бойынша 9 млрд теңге қарызы бар. Ал кәсіпорынның активтері мұншалықты қымбат емес деп ойлаймын. Мұндай жағдайдың бір себебі – бұл дұрыс менеджмент емес. 2013 жылдан бастап, металл бағасы түсе бастады, үлкен кәсіпорындар тек қойманы толтыруға ғана жұмыс істеді. "Майқайың алтын" – әкелгенді бірден сататын шағын кәсіпорын. Қоймада ұстап отыру мүмкін емес. Арзан бағаға саттық. Тек доллар бағамының өзгеруі кәсіпорынның қалыпқа келуіне көмек болды. Осының нәтижесінде 2016 жылды бұрынғы жылдардағы көрсеткішке қарағанда жақсы аяқтадық", – деді.

Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу