Павлодарлық полицейлер кәсіпкерлерді қыспаққа алып отыр

1771

Тәртіп сақшылары дүкен иелерін ереже бұзуға итермелеуде. 

Павлодарлық полицейлер кәсіпкерлерді қыспаққа алып отыр

Елімізде 21 жасқа толмаған азаматтарға ішімдік өнімдерін сатуға болмайтыны белгілі. Соған қарамастан, кейбір полицейлер жасөспірімдерді дүкендерге әдейі жіберіп, соның есебінен сатушыларға айыппұл салуды көздейтін көрінеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мұндай алғашқы факт осыдан екі ай бұрын Екібастұз қаласында байқалды. Дүкен иелерінің бірі әлеуметтік желілерде бейнекамералардан алынған жазбаны жариялады.

"Кәмелеттік жасқа толмағандар оларға сыра сатылмайтынын жақсы біледі. Сондықтан, көбіне үлкендерге өтініш жасайды. Ал полицейлердің оларды қасақана жіберуі әділдікке жатпайды"  - деп шағымданды ол.

Кейін кеншілер шаһарының өзге кәсіпкерлері де полиция қызметкерлері осындай қитұрқы әрекеттерге жиі баратынын білдірді. Бұл ретте Павлодар облыстық полиция департаменті үнсіз қала алмады.

"Екібастұз қаласының бірқатар тұрғыны жергілікті полиция қызметіне кейбір сауда орындарының олардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларына алкогольдік өнімдерді сатқаны туралы шағым түсірді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері полицейлер 10 заңсыз әрекеттің бетін ашты. Ал әлеуметтік желіде жазба қалдырған кәсіпкерлер полиция департаментіне хабарласуы керек. Олай болмаған жағдайда жазба авторлары жалған ақпаратты таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бірақ қос тарап арасындағы "текетірес" мұнымен аяқталған жоқ. Кәсіпкер Қадырбек Ыбыраевтың айтуынша, дүкен иелері өз тексеріс жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, тәртіп сақшыларының өзі "таза" емес екені анықталған көрінеді.

"Жалған сатып алушылардың бірі Ішкі істер министрлігіне қызметке тұруға ниетті адам екен. Ол учаскелік полиция қызметкерінен мінездеме алуы үшін сатушыны "алдау" операциясына қатысқан. Тағы бірі – полиция қызметкерінің өзі. Әуелде оны барлық хаттамадан "сатып алушы туралы мәлімет анықталған жоқ" деген желеумен алып тастады. Бірақ қала шағын болғандықтан өзіміз-ақ шындықты біліп алдық", - дейді Қадырбек Ыбыраев.

Кәсіпкердің айтуына қарағанда, кейбір құқық қорғаушылар жеке жетондардағы бейнежазбаларды монтаждап, белгілі бір уақыт аралығындағы бейнелерді көрсетуден бас тартқан.

Тағы бір кәсіпкер – Елена Кищенко полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері қалтаны қағатынын бүгіп қалмады.

"Сатушылардың кінәсі бар екенін мойындаймын. Кейде олар жеткіншектердің жеке куәлігін сұрамай-ақ, ересектерге белгіленген уақыттан тыс кезде  алкоголь өнімдерін сатады. Қоғамдық тәртіпті қадағалауы тиіс азаматтар жіберген жалған сатып алушылардың кесірінен де айыппұлға ұрынады. Айыппұлдың сомасы – 116 мың теңге. Сонымен қатар, алкоголь өнімін сату лицензиясынан екі айға айырады. Мұның барлығы кәсіпкерді тығырыққа тірейді", - дейді Елена Кищенко.

Мұндай жағдайлар Ақсу қаласы мен кейбір аудандарда жиі кездеседі, дейді саудамен айналысатындар. Тіпті, кейбір тәртіп сақшылары дүкеннен қымбат ішімдік, басқа да тауарларды қарызға алып, кейін берешегін қайтармайтынға ұқсайды.

Павлодарлық кәсіпкерлер осы шағымын облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдардың азаматтарды қабылдауы кезінде айтты.

"Алкогольдік өнімдер сатылымында уақытқа, жасқа қатысты шектеу шаралары болуы тиіс. Мас күйіндегі адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылық, жалпы құқық бұзушылық әрекеттердің санын арттыруы мүмкін. Сондықтан учаскелік полиция инспекторлары мұндай жағдайлардың алдын алып, заңсыз әрекетпен күресуі керек. Бірақ олардың әдепке жатпайтын амалдарды қолдануы дұрыс емес", - деді Нұрлан Шабдар.

Кәсіпкерлерге осындай қысымдық көрсетілген фактілерді жан-жақты талдап, сараптау үшін облыстық полиция департаментінің басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, мәселенің анық-қанығы анықталатын болды.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу