Педагог жалақысына қанша үстеме қаражат қосылады?

8928

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалім жалақысы 25%-ға өсті.

Педагог жалақысына қанша үстеме қаражат қосылады?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова "Педагог мәртебесі туралы" заңның негізгі ережелерін түсіндіре отырып, педагогтердің жалақысына қосылатын қосымша ақыға айырықша тоқталды.

БҒМ вице-министрінің айтуынша, педагог шеберлігі санаты үшін үстемеақы барлық педагогтерге қатысты. Мектеп директорлары мен білім саласының басқарушылары да шетте қалмайды.

"Жалпы білім беру мектептерінің педагогтерінің барлығы Ұлттық біліктілік тесті нәтижесінде қосымша қаражат алуда. Бұрын тек мектеп мұғалімдерінің ғана осындай құқы болған, ал бұдан былай кез келген педагог ұлттық біліктілік тестін тапсыру арқылы жалақысына 30%-дан 50%-ға дейін қосымша қаражат қосып алуына болады. Ал мектеп, мектепке дейінгі немесе басқа да білім беру саласында әкімшілік қызметпен айналысаушылар, директорлар, директорлардың орынбасарлары және т.б. қосымша сағат алып жұмыс істей алмауына байланысты жалақысы төмен болды. Сол себепті басқару шеберлігі үшін оларға төленетін қосымша ақы 30%-дан 200%-ға дейін өсетін болады. Бұндай үстеме ақы қызметкердің аттестация тапсыру нәтижесіне байланысты төленеді",– деді.

Бибігүл Асылова магистр дәрежесі бар педагогтар мен тәлімгерлердің қанша қаржы алатынына да тоқталды.

"Жаңа заңда мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар тұлғаларға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделген. Бір АЕК бүгінгі күні 2651 теңгені құрайды. Қазір бізде жеті жарым мың магистр дәрежелі педагог қызмет етуде. Алғашқы жылы жұмыс істеген кезінде педагогке белгілі бір талаптарға сай келетін тәлімгер ұсынылады. Осындай тәлімгерлік жұмыс жүргізген ұстазға бір базалық лауазымдық жалақы көлемінде қосымша ақы төленеді. Бір базалық лауазымдық жалақы 17 697 теңге мөлшерінде. Бүгінгі күні бұл тәртіп құқықтық тұрғыда қарастырылуда. Тәлімгерлік үшін төленетін бұл төлем жаңа оқу жылынан басталуы мүмкін", – деді ол.

БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова дәптер тексеретін мұғалімдер мен сынып жетекшілеріне төленетін қаражат мөлшерін де айтып өтті.

"2020 жылдың 1 қаңтарына дейін сынып жетекшілігі үшін ең азы – 4424 теңге, ең көбі 5409 теңге төленетін. Бұл сома абсолюттік шамамен алғанда екі есе өседі. Дәптер тексеруге келетін болсақ, ең кемі – 3533 теңге, ең көбі 4424 теңге төленетін. Бұл да жалпы алғанда екі есе көбейеді", – деді.

Сондай-ақ, вице-министр педагогтерді ынталандыру мәселесі де ерекше назарда екенін білдірді.

"Жергілікті атқарушы билік педагогтерді ынталандыру үшін 300 айлық есептік көрсеткішінен кем емес қосымша сыйақы беруге құқылы. Педагог мәртебесін көтеретін заңның маңызды жері – еңбек қызметі үшін педагогті көтермелеу құқығы. Сол себепті жаңадан "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" наградасы енгізіледі. Осындай марапатқа ие болған ұстаз 1000 АЕК көлемінде бір реттік төлемақы алады. "Үздік педагог" атанған ұстаздың ай сайын алатын төлемдері сақталып қалады. Еліміздің әр түкпірінен жыл сайын алпыс төрттей педагог республикалық деңгейдегі осындай сыйақы алады. Халықаралық олимпиадалар, спорттық жарыстар жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагогке үш қызметтік жалақы мөлшерінде бір реттік сыйақы төленеді. Сонымен қатар оларға жергілікті билік органдары да қосымша ынталандыру сыйлығын беруі мүмкін. Жергілікті билік органдары педагогтерді жергілікті құрмет белгілерімен марапаттап, әртүрлі сый-құрмет көрсете алады. Соның ішінде Қазақстан Республикасының мерекелеріне орай сыйақы беру құқын алды. Бұған дейін олардың бұндай құқы болмаған еді", – деді Бибігүл Асылова.

"Педагог мәртебесі туралы" жаңа заңда педагогтің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін маңызды әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған.

"Педагогтің баспана алуы – кепілдендірілген. Педагог ҚР заңнамасында қарастырылған тәртіпке сай қызметтік үй, жатақхана алуға немесе тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға құқылы. Жыл сайын педагог 56 күнтізбелік күн демалысқа шығады. Жаңадан педагог мәртебесіне ие болған 100 мың қызметкер де енді 56 күн демалады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша педагогке баспана жалдауына және коммуналдық қызметтеріне өтемақы төлеу, сондай-ақ шипажайда демалыс қаражатын толықтай немесе жартылай өтеу қарастырылған. Педагог денсаулығын түзету үшін жылына бір рет айлық қызметтік жалақы мөлшерінде жәрдемақы алады. Ал ауылда жұмыс істейтін педагогтардың алатын артықшылықтар сақталып қалады", – деді вице-министр.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалім жалақысы 25%-ға өсті.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу