Педагогтерде ерекше балалармен жұмыс істеу дағдысы толық қалыптаспаған – Олжас Бектенов

408

Мұғалімдер арнайы оқыту курстарынан тұрақты негізде өтуі тиіс.

Педагогтерде ерекше балалармен жұмыс істеу дағдысы толық қалыптаспаған – Олжас Бектенов Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов инклюзивті орта қалыптастыру кезінде тек мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Инклюзивті орта қалыптастыру  әрбір адамның  мемлекет пен қоғам өміріне  толыққанды әрі тең дәрежеде араласуына жағдай жасайды. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілерді жоюға бағытталған  арнайы бағдарламалар мен шаралар жүзеге асырылуда. Оның нәтижесі  қазірдің өзінде көрініп тұр. Дегенмен, тек мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз. Бұл іске бизнес, үкіметтік емес сектор, бүкіл қоғам  белсенді түрде атсалысуға тиіс", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, кейбір өңірлерде  ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін  қолайлы жағдай жасау мәселесінде  сұрақтар аз емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында,  сондай-ақ басқа да өңірлерде  "ерекше" балалардың барлығы бірдей  біліммен және инклюзивті жағдайлармен қамтылып отырған жоқ, дейді ол.

"Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды  түгел кешенді тексеруден өткізіп үлгере алмай жатыр. Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетуде. Арнайы мамандар, яғни логопедтер, сурдологтар, реабилитологтар жетіспейді. Педагогтерде  ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеу дағдысы толық қалыптаспаған. Мысалы, мұғалімдердің барлығы бірдей  ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Оны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады", – деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне  ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша  мұғалімдерге арналған оқыту курстарын  тұрақты негізде өткізуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу