Педагогтердің көбі немқұрайлы қарайтын іс белгілі болды

2234

Жыл басынан бері 5 мыңнан астам анайы интернет-ресурс әшкереленген.

Педагогтердің көбі немқұрайлы қарайтын іс белгілі болды Фото: informburo.kz

Бұл туралы Сенат депутаттарына Үкімет басшысы Олжас Бектенов хабарлады.

Бұдан бұрын сенаторлар жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен босанудың көбеюіне қатысты сауал көтерген болатын.

Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, соңғы 3 жылда 15-17 жас аралығындағы оқушы қыздар арасында бала туу көрсеткіші, яғни, ерте туу керісінше, 25%-ға төмендеген.

1 000 жасөспірімге шаққанда ерте босану көрсеткіші 2022 жылғы 3,84 бойжеткеннен 2023 жылы – 3,14, ал, 2024 жылы – 2,88 оқушы қызға дейін азайыпты.

Сонымен қатар, проблема шешілген жоқ, өйткені оның алғышарттары сақталып қалды.

"Еркек пен әйел арасындағы еркін жыныстық қатынастың әлеуметтік желілерде ашық көрсетілуі, жүктіліктің салдары жайындағы жасөспірімдердің білімінің таяздығы, отбасылардағы тәрбиенің жеткіліксіздігі, сондай-ақ қыз балаларға қатысты зорлық-зомбылық кәмелетке толмағандардың жыныстық қатынасқа ерте түсуінің негізгі себептері болып табылады", – деді өз жауабында Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Бас прокуратураның дерегінше, 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекетінің 225 фактісі тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға көп (219).

Соның ішінде сексуалдық сипаттағы қылмыстар – 215 (2023 жылы – 217). Жасөспірімдерге қатысты азғындықтың 99 фактісі тіркелді (2023 жылы – 106).

Үкімет басшысы Қазақстанда ата-аналар, мұғалімдер және басқа ересектер балалардың әлеуметтік желілерде не істеп, не қойып жүргенін, баланың виртуалды өмірін жете бақыламайтынын кемшілік ретінде атады.

Оның байламынша, бақылаудың жеткіліксіздігі де кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың орын алуының бір себебі болып табылады.

Бұл тұжырымды полиция растады. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, былтырғы 2024 жыл бойы қасында ересектер болмаса да, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта сыртта қаңғырып жүруінің жүз мыңға жуық дерегі әшкереленді. Құқық қорғаушылардың қолына түспегені қаншама?!

Осы үшін өткен жылы 98 692 ата-ана әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Соның ішінде 8 796 ата-анаға айыппұл салынды. 2023 жылы – 5 824 ата-ана айыппұл арқалаған еді.

Үкімет басшысы өз қолында бар зерттеу қорытындысына сілтеме жасап, қазіргі кезде қазақстандық оқушы балалар арам ниетті адамдардан "төсек қатынасына" түсуге қатысты шақырту алатынын ескертті.

"Атап айтқанда, "Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі" әлеуметтік зерттеуінің қорытындысында, сауалнамаға қатысқан 1 201 баланың 7,1%-ы соңғы жылы сексуалдық сипаттағы хабарлама алғанын айтты. Балалардың тағы 3%-ы сексуалдық сипаттағы фотосуреттері мен бейнежазбалары үшін өздеріне ақша немесе сыйлық ұсынылғанын хабарлады. 1,8%-ы сексуалдық қатынасқа түсуге көндіру үшін өзгелердің өзін қорқытқанын немесе қоқан-лоққы жасағанын жария етті. Ал, оқушы қыздардың 10,1%-ы онлайн танысқан кісілермен оңаша кездескен", – деп ашығын айтты Премьер-министр.

2025 жылдың басынан бері 5 мыңнан астам интернет-ресурс анықталды. Соның ішінде 600-ден астамы порнографияны таратумен айналысқан. Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Кибернадзор" ақпараттық жүйесінің көмегімен олар бұғатталды. Бірақ мұндай ресурстардың бірін жапса, орнына оны ашылып жатады.

Олжас Бектенов қазіргі кезде мектеп оқушыларына гинекологтар, урологтар, дерматологтар, терапевттер, педиатрлар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер және басқасы көмек көрсететінін еске салды. Олар "Жастар денсаулығы орталығында" (ЖДО) қызмет етеді.

Өңірлердегі жасөспірімдер мен жастарға медициналық-психологиялық көмек көрсету мақсатында 103 ЖДО ашылды. Оларда аталған салалардағы 700 маман тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Орталықтардың өз дерегінше, 2024 жылы олардың мамандарына 700 мыңнан астам адам жүгінген. 150 мыңнан астам ақпараттық-ағарту іс-шаралары өткізілді.

Алайда проблеманың шешілмей, ушыға түскеніне қарағанда бұл ұйымдардың қызметі жеткіліксіз болса керек. Денсаулық сақтау министрлігі ЖДО қызметіне тоқсан сайын талдау жүргізіп тұрады.

Ведомствоның да көңілі толмаса керек, ол 2025-2026 жылдарға арналған "Жастар денсаулығы орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жол картасын" әзірледі. Жол картасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 30 қаңтардағы №71 бұйрығымен бекітіліп, іске асырылуда.

Ол бойынша ЖДО-лар оқушыларға нақты психологиялық көмек көрсету жөніндегі әдістемелік нұсқаулықты әзірлеуге тиіс.

Сондай-ақ, бұл орталықтарға қойылатын талаптар қайта қаралады. Орталықтардың қызметін жас ұрпаққа қолжетімді етудің бірқатар нақты шаралары көзделген.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов балалар құқықтарының бұзылуы мен зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін "111" Бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы ашылып, тәулік бойы жұмыс істейтініне назар аудартты. 2024 жылы бұл Call-орталыққа 109 780 өтініш түсіп, көмек және кеңес беріліпті.

Жалпы, балаларды зорлықтан қорғануға мектептер баулуға тиіс еді. Олжас Бектеновтің айтуынша, мектептер балаларға қажет кезде жедел қызмет пен байланыс орталықтарының телефон нөмірлерін пайдалануды, бейтаныс адамдар шақырғанда сенімді әрі қауіпсіз бас тарту тәсілдерін, кибербуллингтен қорғанудың жолдарын, сондай-ақ балалардың құқықтары мен міндеттерін үйретуге міндетті.

Ондай сауат ашу жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқаны байқалмайды. Проблеманың қордаланғанына қарағанда, жоғары жалақылы педагогтердің көбі бұл іске немқұрайлы қарайды.

Айтқандай, кеңес кезінен қалыптасқан кесірлі стереотипке сәйкес, ата-аналар балалары өздерімен жыныстық қатынас туралы сөйлесуге қымсынады деп санайды.

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы бұл "аңызды" жоққа шығарды және "балалардың жыныстық сауатын ашу мәселелерінде отбасының рөлін нығайтуды" ұсынды.

Орталықтың әлеуметтанушылық өлшемінің қорытындысы көрсеткендей, жастар репродукциялық және жыныстық саулық туралы ақпаратты алуда келесі дереккөздерді "беделді" санайды:

  • гинекологпен, урологпен, репродуктологпен әңгімелесуді – 26,6%-ы,
  • отбасымен талқылауды – 16,6%-ы,
  • отбасылық дәрігермен әңгімелесуді – 15,3%-ы,
  • достарымен және құрдастарымен талқылауды – тек 15,4%-ы дұрыс деп санайды.

Оқушылардың 17,9%-ы қажетті ақпаратты өз бетінше интернеттен, мақалалардан оқып алатынын айтқан. Өкінішке қарай, оқушылардың 9,3%-ы мұндай тақырыпты талқылауға немесе сұрауға ұялатынын айтыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу