Педагогтің түбіне жеткен тестілеудің пайдасы бар ма?

5889

Қазақстанда қазір мұғалім атаулы ызалы. Көбі ҰБТ-дан құлады. Бірақ бұл талапкерлерге арналған ҰБТ емес, ұстаздарға арналған емтихан. 

Педагогтің түбіне жеткен тестілеудің пайдасы бар ма?

Оны өткізуге жауапты оператор – БҒМ-нің "Ұлттық тестілеу орталығы" биылғы 11 сәуірде педагогтер үшін Ұлттық біліктілік тестілеуі басталғанын жариялады (педагогтер оны "квалтест" атайды). Оған өтініштер тек 5 сәуірде қабылдана бастады.

Бұл сынақты тек мемлекеттік қана емес, сондай-ақ жекеменшік колледждер мен мектептердің мұғалімдері, балабақшалардың, мини-орталықтардың, баланы дамыту орталықтарының педагогтері, тіпті ЖОО-ның жоғарғы курс студенттері де тапсырады.

"Біліктілік тестілеуі әрбір педагогтің өз пәні бойынша білім деңгейін және пәнінің оқыту әдістемесін қаншалықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік береді. Ұлттық біліктілік тестілеуіне (ҰБТ) мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері, білім беру ұйымдарының әдіскерлері, директорлары, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің соңғы курс студенттері қатысады. Педагогтер үшін тестілеудің жалпы ұзақтығы – 210 минут. Пәндік білім негіздері, математика, физика, химия, информатика пәндері бойынша тестіленушілерге – 240 минут, ал "Мектепке дейінгі білім беру" және "Қосымша білім беру" бағыттары үшін – 120 минут беріледі", – деп түсініктеме берді Ұлттық тестілеу орталығы.

Емтихан болашақ және іс басындағы ұстаздардың көбісінің жүрегін май ішкенде етіп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырды. Себебі ҰБТ нәтижесі оның 5 жылдағы табысының көлемін, ал кейбірі үшін – жұмысында қалатын-қалмайтынын анықтайды.

Уайым-қайғыға беріліп кетсе керек, 14 сәуірде Алматы қаласындағы Көлік және логистика академиясының ғимаратында Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыру кезінде 1973 жылғы педагог қайтыс болды. Қайғылы оқиғаға қатысты Instagram-да орналастырылған видеода куәгер әйел көз жұмған азаматтың ҰБТ тапсыруға келген жекеменшік мектептердің бірінің мұғалімі екені айтады. Сынақ басталғаннан кейін жарты сағат өткенде ер адам кенеттен өзін нашар сезінген. Нысан ішінде дәрігер жоқ болып шыққан. Қандай алғашқы көмек көрсету керектігін ешкім білмеген. Мұғалім жедел жәрдем жеткенше дүние салды. БҒМ дерегінше, оның жүрегінің созылмалы дерті болған.

Алматының Полиция департаменті адам өлімі фактісін растады. Ол Алмалы ауданының Полиция басқармасында тіркелген. Полиция сот-медициналық сараптама тағайындады.

ҰБТ-ның біраз былығы енді анықталып отыр

Бұл тестілеу жас ұрпаққа мемлекеттік тілді үйрететін мұғалімдерді "кемсітетіні" әшкереленді. Өйткені педагогтің біліктілігін арттырып, санат-категориясын және жалақысын жоғарылату үшін бірінші кезекте оның өзінен не оқушысынан халықаралық жарыстарда жеңіп шығу талап етіледі. Айталық, орыс тілі және әдебиеті педагогтерінің Ресей ұйымдастыратын қаптаған халықаралық сайыстардың кез келгеніне қатысу мүмкіндігі зор. Ал Қазақстаннан басқа отаны жоқ қазақ тілінде халықаралық олимпиада жоққа тән екен.

Набила Төлегенқызы "педагог-шебер" санатын иеленуге өтініш беріп, алғашқы кезеңнен – тестілеуден еркін өтті. Бірақ ІІ-кезеңнен сүрінген.

"Екінші кезеңде портфолиом өтпей қалды. Өзім қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Портфолиомның өте алмау себебі – "халықаралық жетістіктер не менің оқушыларымда, не өзімде жоқ" делінген. Шынтуайтында, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша халықаралық деңгейдегі байқаулар жоқтың қасы. Тек Әл-Фараби атындағы байқау ғана бар. Оған ілігу қиын. Басқамыз, қарапайым мұғалімдер қайтеміз?", – дейді ұстаз.

ҰБТ-ның "өне-бойы" түйткілге толы. Педагогтер тестілеу сұрақтарының кейбірі сауатсыз құрылғанына, әсіресе, қазақшаға түсініксіз аударылғанына шағымданады. Салдарынан, мысалы, 25 жылдан астам өтілі бар мұғалім өз пәні бойынша нақты нені сұрап отырғанын ұғына алмаған көрінеді. Біраз қатысушы тест жауаптарының дұрыс еместігін нұқып көрсетіп, апелляция берген, алайда оны ұзақ қарайды екен, әлі күнге жауап болмаған.

Өзге мәселелері де жетерлік. Қазақстанның цифрландыруда артта қалғанын пандемия паш етті. Интернеттің жылдамдығы ауыл-аймақ түгіл, мегаполистерде шабан. Өскемендік педагог Гүлнұр Құсайынова ҰБТ-ны 15 сәуірде тапсырыпты.

"Тестілеу басталғанына 30 минут қана өткенде алдымен интернет үзілді, ізінше біздің аудиториямыздағы барлық компьютерлер тегіс істен шықты. Қайта қосылғаннан кейін интернет бірнеше рет ағытылып отырды, үнемі "ілініп" тұрып қалатынды шығарды. Ақыр соңында тестімді жойып, қайтадан тапсыруға бел будым. Алайда компьютер тұрып қалды да, артынша "тест аяқталды" деген ескертпе шықты. Компьютерлердің "қиғылығы" кесірінен мұғалімдер зардап шегіп отыр", – дейді мұғалім.

Қазіргі кезде жоғарғы курс студенттері де жанын шүберекке түйіп жүр.

"Біз биыл Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруға міндеттелдік. "Информатика" мамандығы бойынша оқып жатырмын. Біздің Физика және IT кафедрасының меңгерушісі Болат ағай бізге келіп: "Егер тесттен өте алмай қалсаңдар!" деп, "Өз еркіммен диплом алудан бас тартамын" деп жазғызып, қол қойдырып алды. Мұнысы қаншалықты заңға сәйкес екенін білмедік. Осылайша, тест нәтижесі дипломымызды алатын-алмайтынымызды айқындайын деп тұр", – деп қапаланады Тараз өңірлік университетінің 4 курс студенті Арайлым.

Бүгінде Қазақстандағы барлық университеттер мемлекеттік емес, төл үлгісіндегі дипломдарды беретіні мәлім. Кейбір ЖОО өз рейтингін осылай жасанды түрде көтеруге тырысатын болса керек.

Педагогтердің жанайқайына үн қатқан Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова "неге сонша шулайсыңдар, қазір құласаңдар, бір жыл ішінде қайта тапсыруға мүмкіндіктерің бар ғой" дегенге келтірді.

Бірақ кейбір педагог жүйе оған мүмкіндік бермейтініне назар аудартады.

"БҒМ-нің 2021 жылғы 12 қарашадағы №561 бұйрығына сәйкес, педагогтер ҰБТ-дан күнтізбелік жыл ішінде 1 рет тегін өтеді. Күнтізбелік жыл ішінде ақылы негізде 1 рет қайта тапсыра алады. Дегенмен осы күнтізбелік жылға қайталап өтініш тапсырсам, Ұлттық тестілеу орталығының базасы қабылдамайды, қате деп шығады. Орталықтың түсіндіруінше, соңғы 12 ай ішінде тестілеуге өтініш берудің шекті мөлшерін асырып жіберіппін. Сондықтан жаңа өтінішті беруге рұқсат етілмейді. Бірақ мен соңғы рет 2021 жылғы 5 қарашада тестілеуден өткенмін. Егер құжат бойынша педагогтерге бір жыл ішінде алдымен тегін, соңынан ақылы негізде тестілеуден өтуге мүмкіндік берілсе, оны неге базада қарастырмаған? Менің қолданыстағы категориямның мерзімі 2022 жылғы 31 тамызда бітіп қалайын деп тұр", – деп алаңдайды педагог Салтанат Құрманғалиева.

Билік не дейді?

БҒМ бірінші вице-министр Шолпан Қаринова педагогтердің 5 жыл сайын біліктілігін растау рәсімінен өтіп тұруға тиістігін еске сала келе, мұндай сынақ бұрыннан барын және өз пәнін жақсы білетін ұстаз үшін одан өту қиын болмайтынын айтады. Ол емтиханды тапсыра алмай құлаған педагог әрі қарай жұмысын жалғастыра беретініне сендіреді. Тек үстемеақысынан айырылады.

"Оның үстіне тестілеу жылына 2 рет өтеді, демек педагог емтиханды жыл ішінде қайта тапсыра алады. Педагогтің біліктілігі балаларды оқыту сапасына, жас ұрпақтың біліміне тікелей ықпал етеді. Педагогтердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Сонымен бірге ата-аналар да ұстаздарға жоғары талап қоя бастады. Сол себепті мұғалімдердің біліктілігін тексерудің құралдары үнемі жетілдіруді қажет етеді. 2018 жылға дейін елімізде аттестаттаудың басқа жүйесі болды. Оның негізінде ІІ, І және жоғарғы категория тағайындалатын. Санатына қарай тиісінше 5 мыңнан 17 мың теңгеге дейін ғана үстемеақы қосылатын. Ал қазір аттестаттаудың жаңа жүйесі тестілеуден өте алған педагогтерге жалақысына қоса, ондаған мың, тіпті бірден жүз мың теңгеден асатын үстемеақы алуына мүмкіндік береді", – деді Ш. Қаринова.

Ендеше педагог те еңбекақысына сонша қомақты үстемеақы алуға лайықты екенін, шеберлік пен біліктілік деңгейін көрсетуі шарт.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, бүкіл тест тек мектеп бағдарламасына құрылған. Мұғалім күн сайын оқушыларға оқытатын бағдарламасын білсе, жеткілікті көрінеді. Яғни, ҰБТ-да мемлекеттік білім беру стандартының ең төменгі талаптары қарастырылған. ҰБТ-ны бір рет тапсырған ұстаз 5 жыл бойы салмақты үстемеақы алып отырады.

Сонымен бірге Ұлттық тестілеу орталығы педагогтерге арналған біліктілік тестілеуінің уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Бұған мұғалімдерден қарша бораған шағымдар, қаптаған проблемалар түрткі болуы мүмкін. Бірақ орталықтың сендіруінше, бұған техникалық ақаулар себеп болыпты. ҰТО мамандары тестілеуді тоқтатпай, техникалық проблемаларды шеше алмайтынын жеткізген екен.

"Туындаған техникалық ақауларды тестілеуді тоқтатпай жоюға жұмсаған күшіміз жеткіліксіз болғандығын хабарлаймыз. Осыған байланысты 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткізілетін барлық тестілеулерді, оның ішінде педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуін, Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін және Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарын кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдауға тура келді", – деп мәлім етті орталық.

Ұйымның түсіндіруінше, Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырудың жаңа күні мен уақыты туралы ақпарат келесі аптада Жеке кабинеттің "Менің іс-әрекетім" бөлімінде қолжетімді болады.

"Естеріңізге сала кетейік, техникалық себептерге байланысты тестілеуді аяқтай алмаған педагогтердің жауаптары сақталып, оларға тестті әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі беріледі. Барлық техникалық ақауларды жақын уақытта жоюға бар күшімізді салып жатырмыз. Туындаған келеңсіздік үшін кешірім сұраймыз!", – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.

Жанат Ардақ